Accessibility links

Сарапшы: ЕО Ресейге қару сатуын тоқтатуы керек


Санкт-Петербург қаласында тұрған Францияның Mistral әскери кемесі. 23 қараша 2009 жыл.

Санкт-Петербург қаласында тұрған Францияның Mistral әскери кемесі. 23 қараша 2009 жыл.

Халықаралық қорғанысты зерттеу орталығы (Таллин) маманы, EU Observer сарапшысы Томас Ермолавичюс «ЕО Ресейге қару сатуын тоқтатсын» дейді. Ал Еуропа қыруар табысынан бас тарта қояр ма екен?

Азаттық: - Еуропа Одағы (ЕО) қазір Ресейге қандай әскери құралдар мен техника түрлерін сатып отыр?

Томас Ермолавичюс: - Бір анығы – ЕО Ресей әскерінің қару-жарағын күшейтіп жатқан жоқ. Есесіне Еуропа қорғаныс қуатын күшейтуге мүмкіндік беретін жобалар жасауға, әскердің ептілігін арттырып, қарулы күштерді басқару жүйесін жақсартатын технологияларға қатысты ынтымақтастық орнатқан. Соның бір мысалы – Франция Ресейдің әскери-теңіз флотына арнап Mistral атты десанттық шабуылшы кемелер жасап жатыр. Екі кеме құрастырылып жатыр, болашақта тағы екі кеме Ресей аумағында жасалады.

Одан бөлек, Германияның қорғаныс қызметкерлері Ресей әскеріне армияны басқару мүмкіндіктерін арттырып, әскерилердің кәсіби деңгейін көтере түсетін тренингтер өткізеді. Осы ретте қазір Ресей қарулы күштерін модернизациялап, әскери әлеуетін арттыруға бағытталған көптеген бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Азаттық: - Неге сіз Мәскеудің Қырымдағы әрекеттеріне жауап ретінде ЕО Ресеймен қару-жарақ келісімдерін тоқтатуы керек деп санайсыз?

Таллиндегі халықаралық қорғанысты зерттеу орталығының қызметкері, EU Observer сарапшысы Томас Ермолавичюс.

Таллиндегі халықаралық қорғанысты зерттеу орталығының қызметкері, EU Observer сарапшысы Томас Ермолавичюс.

Томас Ермолавичюс: - Мұндағы басты түйткіл – Ресей өзінің қарулы күштерін халықаралық құқыққа қайшы пайдаланып, Ресей айналасындағы аймақтарда тұрақсыздық пен жанжал шығарып отыр. Сондықтан біз Ресейдің әскери күші мен мүмкіндіктерін арттыруға үлес қоспауымыз керек. Бұрындары еуропалықтар Ресейді әріптес ел деп санайтын. Меніңше, Ресейге әріптес деп қарайтын заман өтті. НАТО мен ЕО [Ресейді] қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы әріптес санауын доғаруы тиіс. Ресей - бүлікші ел, бүлікшіні біз әскери келісімдермен жарылқамауымыз керек. Біз Қытайға қару мен әскери жабдық сатпаймыз. ЕО [Қытаймен] қару саудасына эмбарго қойған, ол эмбаргоны алып тастау туралы ұсыныстар болған. Бірақ қазір оның қалай талқыланып жатқанын білмеймін.

Бірақ Ресейден айырмашылығы – Қытай көрші елдердің шекарасына басып кірген жоқ. Ол көрші мемлекет аумағының бір бөлігін тартып алған жоқ. Біз сонда да Қытайға қару-жарақ сатпаймыз. Себебі біз оны өзіміздің ғана емес, НАТО-дағы басты одақтасымыз - АҚШ-тың бәсекелесі деп есептейміз. Сөйте тұрып, Ресейге қару сатамыз, бұл - мүлде ақылға сыйымсыз әрекет.

Азаттық: - ЕО Ресеймен арадағы өте тиімді қару-жарақ келісімдерінен бас тартады деп ойлайсыз ба? Бір жағынан бұл олардың экономикасын өркендетіп, қорғаныс саласын қаржыландыруға мүмкіндік беріп отыр емес пе?

Томас Ермолавичюс: - Тек әскери техника экспорты, әскери ынтымақтастық қана емес, жалпы сауда-саттық саласында да күмәнді тұстар бар. Ресейге инвестиция салған, онда бизнестері бар немесе бұл елмен сауда-саттық жасайтын бизнес өкілдері өте көп. Сондықтан әскери саладағы шектеулерді былай қойғанда, қаржылық санкцияларды, арнайы сауда санкцияларын қолдану өте қиын. Кейбір жақсы жаңалықтар да бар. Жақында Франция президенті Франсуа Олланд санкциялардың үшінші кезеңі туралы айтты. Егер ол жүзеге асса, онда әскери ынтымақтастық мәселесі қайта қаралады. Кем дегенде жаңа әскери келісімдерді талқылау тоқтатыла тұрмақ. Бірақ тым оптимист те бола алмаймын. Біздегі жағдайдың қандай екені белгілі. Еуропадағы шашыраңқы әскери өнеркәсіп жаңа келісім-шарттарға, қаражатқа мұқтаж. Қорғаныс бюджеті қысқарғандықтан Еуропа әскери өнеркәсіп өнімдерін молынан сатып алып жатқан жоқ. Осындай жағдайда олар Еуропадан тысқары аймақтағы тұтынушыларға үміт артады. Ресей - олар үшін таптырмас клиент.

Азаттық: - Егер ЕО шынымен де Ресейге қару сатуды уақытша тоқтатса, бұл Ресей армиясына қаншалықты әсер етеді?

Қырымдағы ресейшіл әскер. Симферополь, Перевальное, 17 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қырымдағы ресейшіл әскер. Симферополь, Перевальное, 17 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Томас Ермолавичюс: - Орыстар қарулы күштерін модернизациялауға ұмтылып отыр. Олардың өте қымбат әрі амбициялық бағдарламасы бар. Ал Ресейдегі экономикалық жағдай керемет те емес. Әсіресе мұнай бағасы арзандағанда бюджет дефициті артып кетеді. Мұндай жағдайда әскери модернизация бағдарламасын жүзеге асыру қиын. Бірақ қару-жарақ пен технология сата отырып, әрі әскери-техникалық салада ынтымақтастық орната отырып, біз Ресейдің әскери әлеуетін арттырып қана қоймай, оларға ноу-хауды үйретеміз, озық технологияларымызды береміз. Mistral кемесі соған мысал бола алады. Егер оларды Ресейде жасай бастаса, онда бұл Ресейдің тоқырап қалған кеме жасау өнеркәсібін дамытады. Мұндай алыс-беріс тоқтатылса, онда ол Ресей қарулы күштерін модернизациялау бағдарламасын баяулатады.

Азаттық: - Қару сатуды шектеу арқылы жұртшылыққа қандай ой тастауға болады?

Томас Ермолавичюс: - Меніңше, қазіргідей қауіпті әрекеттер жасап жатқан елдің әскерін күшейтуге үлес қосу - моральдық тұрғыдан қате қадам. Қазір Ресей адам құқықтарын шектеу арқылы ел ішінде де заңға қайшы әрекеттерге барып жатыр. Бұған сыртқы саясаттағы қадамдарын қосыңыз. Бұл [елге қару сату] моральдық тұрғыдан – қате әрекет, ал стратегиялық тұрғыдан – келешекті ойламау.

(Фарангиз Наджибулланың сұхбатын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG