Accessibility links

Қырым сепаратистерінің құны қанша?


Қырым премьер-министрі Сергей Аксенов (ортада) аймақтың Ресейге қосылуын "жақтаған" референдум нәтижесін жариялаған кезде. Симферополь, 16 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қырым премьер-министрі Сергей Аксенов (ортада) аймақтың Ресейге қосылуын "жақтаған" референдум нәтижесін жариялаған кезде. Симферополь, 16 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қырымның Ресей тағайындаған үкіметі түбектегі сыбайлас жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізуге уәде беріп келе жатқалы бір айдан асты.

«Референдум» қарсаңында өзін-өзі жариялаған Қырым үкіметінің отырысында «спикер» Владимир Константинов: «Барлық шенеуніктер ұрлық пен жемқорлықтың дәуірі өткенін түсінуі тиіс. Енді Ресей Қырымға жан-жақты көмектеседі, біз әр рубльдің қайда жұмсалып жатқанын көрсетіп, сол үшін есеп бере алатындай болуымыз керек. Мұны түсінбегендермен басқаша сөйлесеміз» деген.

Кейіннен «премьер» Сергей Аксенов те осы сияқты мәлімдемелер жасаған.

Олар өз талаптарын өздері орындай ма? «Ресейшіл басшылардың» қызметтерін қаншаға бағалағанына, яғни өздеріне қандай жалақы белгілегеніне қарап-ақ бұдан қорытынды шығаруға болады.

Өткен аптада «Қырым Республикасының мемлекеттік кеңесі» деп аталған аймақ парламенті басшылардың жалақы мөлшерін белгіледі. Бұл құжатты «мемлекеттік кеңес» жариялаған жоқ. Қырымның бірінші басшыларының жалақы мөлшерін үкіметті жақтайтын КИА ақпарат агенттігі жариялады, онда да ресми құжаттың өзі келтірілмеген.

Бір қызығы, ақпарат агенттігі тек шенеуніктердің айлықтарының мөлшерін ғана көрсеткен, ал оларға берілетін қосымша төлемдер туралы ештеңе айтпаған. Украинада да, Ресейде де мемлекеттік қызметкерлерге қосымша төлемдер тағайындалады.

Қырымның Украина құрамында болған кезіндегі премьер-министрі Анатолий Могилев (ортада) орынбасары Азиз Абдуллаевпен (оң жақта) және сол кездегі Қырым мүфтиі Эмирали Аблаевпен кездесіп отыр. Симферополь, 29 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Қырымның Украина құрамында болған кезіндегі премьер-министрі Анатолий Могилев (ортада) орынбасары Азиз Абдуллаевпен (оң жақта) және сол кездегі Қырым мүфтиі Эмирали Аблаевпен кездесіп отыр. Симферополь, 29 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Осы ақпаратқа сенсек, «спикер» Владимир Константинов пен «премьер» Сергей Аксеновтың жалақылары 23 мың рубль (сол кездегі бағаммен 1 мың АҚШ доллары шамасында). Бұл бұрынғы премьер Анатолий Могилевтің жалақысынан әлдеқайда төмен. Мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар жұмыс істеген ол «осы қызметте барлық қосымша төлемдерді қосқанда 13 мың гривна аламын» дейтін.

Қырымның «ресейлік үкіметінің» «бірінші вице-спикері» мен «бірінші вице-премьерінің» жалақылары да теңестірілген. Олар айына 20 мың рубль, ал «вице-спикер» мен «вице-премьер» 19 мың рубль жалақы алмақ.

Бұл тек айлық қана. Мемлекеттік қызметте мұны «шанышқы» деп атайды, оған түрлі үстеме төлемдерді қоса береді. Ресейдің «Мемлекеттік азаматтық қызмет туралы» федералдық заңының 50-бабына сәйкес азаматтық қызметкердің табысы атқаратын лауазымды қызмет орнының айлық жалақысынан, мемлекеттік қызметтегі сыныптық шеніне қарай берілетін қосымша айлықтан, ай сайын төленетін басқа да төлемдерден тұрады.

Жұмыс өтіліне қарай қызметтік жалақысына 10 пайыздан 30 пайызға дейін, ал ерекше жағдайда қызмет ететіндерге (айталық, мемлекеттік құпиямен жұмыс істейтіндерге) 200 пайызға дейін үстеме қосылады. Бұған аса маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны үшін қосылатын төлемді және ай сайынғы ақшалай сыйақыны қосыңыз.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақтан екінші) Қырым "премьер-министрі" Сергей Аксенов (оң жақтан үшінші) пен Қырым парламентінің "спикері" Владимир Константиновқа қарап тұр. Мәскеу, 18 наурыз 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақтан екінші) Қырым "премьер-министрі" Сергей Аксенов (оң жақтан үшінші) пен Қырым парламентінің "спикері" Владимир Константиновқа қарап тұр. Мәскеу, 18 наурыз 2014 жыл.
Қырым басшыларының жалақысы қандай болатынын нақты айту қиын. Себебі, біріншіден, оларға жалақы тағайындау туралы құжат - құпия, екіншіден, оларға Ресейдің қандай категориялары мен сыныптық шендері берілгені түсініксіз. Себебі Қырым шенеуніктері 23 жыл бойы Украина мемлекетіне қызмет етіп келді. Заңға сүйенсек, олардың мемлекеттік қызметтегі мерзімі Ресейде жаңадан басталады. Ал «ешкім ешқандай зиян шекпейді» деген уәдені негізге алар болсақ, онда оларды Украина берген шендері бойынша бағалауға тура келеді.

Оның үстіне Қырымның «спикері» Владимир Константиновтың мемлекеттік қызметке келгеніне небәрі үш жыл болды. Ал «премьер» Аксенов тіпті мемлекеттік қызметке жаңадан келді. Сондықтан олар заң бойынша әлі көп үстемақы ала алмайды.

КІМНІҢ АЙЛЫҒЫ КӨБІРЕК?

Қырым басшылары Ресей құрамындағы республикалардың жетекшілері арасында ең кедейі болатын сыңайлы. «Крым. Реалии» бұл мәселе бойынша шағын салыстырмалы талдау жасаған. Бір айта кетерлігі, Ресей шенеуніктерінің жалақысы туралы ақпаратты табу өте қиын. Заң бойынша олар өздерінің табыстары мен шығындары, мүлкі туралы есеп беріп, декларация тапсыруға міндетті емес. Олар кейде өз қалауларымен кейбір мағлұматтарды жариялап отырады. Сондықтан, шенеуніктердің жыл сайынғы табыстарын салыстыра талдау – қиынның қиыны.

Мысалы, Шешенстан басылымдарының жазуына қарағанда, республика басшысы Рамзан Қадыров 2011 жылы 4,1 миллион рубль табыс тапқан. Мұның барлығы – жалақыдан түскен табыс.

Дағыстан президенті Магомедсалам Магомедов (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп отыр. Мәскеу, 1 ақпан 2013 жыл.
Дағыстан президенті Магомедсалам Магомедов (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп отыр. Мәскеу, 1 ақпан 2013 жыл.
2010 жылға қатысты жария мәліметтерге сүйенсек, Дағыстан президенті Магомедсалам Магомедов бір жыл ішінде 1,6 миллион рубль табыс тапқан. Оның айтуынша, бұл табыстың басым көпшілігі – қызметтік жалақысы.

Бурятия Республикасының басшысы Вячеслав Наговицын 2010 жылы 5 миллион рубль жалақы алдым деп декларация берсе, Коми Республикасының басшысы Вячеслав Гайзер – 4 миллион, Тува Республикасының басшысы Шолбан Кара-оол – 2 миллион рубльден аса табыс тапқан. Одан бергі үш жыл ішінде бұл сандардың өзгергені анық.

Бұдан жаңарақ мәліметтерге сүйенер болсақ, ресми орындардың хабарлауынша, Татарстандағы жоғары лауазымды тұлғалардың (соның ішінде министрлердің) жалақылары орташа есеппен айына - 350 мың, ал жылына 4,2 миллион рубль болады.

ҚЫРЫМ ШЕНЕУНІКТЕРІ БАҚЫЛАУДАН ШЫҒЫП КЕТТІ

Ресей аннексиясынан кейін Қырымдағы қоғамның мемлекеттік қызметкерлерді жарым-жартылай болса да бақылауына мүмкіндік беретін механизмдер күл-талқан болған соң Қырымдағы жемқорлықпен күрес туралы не айтуға болады?

Енді Қырым шенеуніктерінің жемқорлықтың тамырына балта шабу туралы мақсат-мүдделеріне келейік. Бұл жоспарлары керемет. Бұған заң жүзінде ешқандай мүмкіндік жасалмаған жерде бұл жоспар орындала қояды деп сенуге бола ма? Ал бұрын болған мұндай мүмкіндіктердің барлығы Ресей аннексиясының кесірінен жойылған.
Ресей аннексиясынан кейін Қырымдағы қоғамның мемлекеттік қызметкерлерді жарым-жартылай болса да бақылауына мүмкіндік беретін механизмдер күл-талқан болды.
Өркениетті елдерде жемқорлықпен күрес мемлекеттік органдарда люстрация жүргізіп, жаңа мемлекеттік қызметкерлердің алаңсыз қызмет етуіне барлық мүмкіндіктерді жасаудан бастайды: оларға лайықты жалақы тағайындап, әлеуметтік пакет ұсынады, жемқорлыққа жол беретін жайттар барынша азайтылады. Екінші жағынан қоғамның өз қалаулыларын қадағалауына мүмкіндік беріледі, олардың мүлкі және қаржылық жағдайы туралы мағлұматтарды алуына жағдай жасалады.

Қырымдағы жағдай қандай? «Түбектің Украина құрамында болған кезіндегі жемқорлыққа батқан тарихының беттерін жабамыз» деген даңғаза мәлімдемелерді естиміз, ал жергілікті және мемлекеттік бюджеттің қаржысын талан-таражға түсіріп, әділетсіз тендерлер өткізіп, заңды белінен басып келген бұрынғы шенеуніктер жергілікті билік органдарындағы лауазымды қызметтерінде қала берді. Қазіргі жағдайда Қырым журналистері мен қоғам өкілдерінің билікті қадағалауға ешқандай мүмкіндігі қалған жоқ. Тіпті «Олар бюджеттен алып жатқан жалақымен ғана өмір сүріп отыр ма, жоқ па?» деген сұраққа да жауап алу қиын.

Ресейдің «Азаматтық мемлекеттік қызмет туралы» федералдық заңының 20-бабына сәйкес мемлекеттік қызметкерлердің табыстары, шығындары және мүлкі туралы мәліметтер құпия болып саналады. Сондықтан жұрт тек шенеуніктердің өздері жариялаған ақпаратты ғана біле алады. Оның үстіне ол ақпараттардың рас-өтірігін тексеру мүмкін емес.

Қырымдағы лауазымды тұлғалардың жалақысы Ресей бойынша ең төменгі деңгейде болса, әрі оларға түрлі үстемақы қосуға ешқандай заң механизмдері болмаса, мемлекеттік қызметкерлердің бизнеспен айналысуға қақысы жоқ екенін қаперге алсақ, мұнда жемқорлыққа кеңінен жол ашылды деуге толық негіз бар.

(Виктория Веселованың мақаласын орыс тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG