Accessibility links

Гейлерге қарсы заңды сынаған журналисті эфирден алып тастады


Америкалық журналист Джеймс Кирчик.

Америкалық журналист Джеймс Кирчик.

Ресейдегі гейлерге қарсы заң туралы пікірін Russia Today желісінен тікелей эфирден айтқан америкалық журналистің сөзін жүргізуші үзіп тастады.

Кремль қаржыландыратын Russia Today (RT) арнасында 21 тамызда тікелей эфир хабарына қатысқан америкалық гей-журналист Джеймс Кирчик негізгі тақырыптан шығып, Ресейдегі гейлерге қарсы заңды сынаған соң жүргізуші онымен әңгімені тоқтатты.

«The New Republic» және «The Washington Post» басылымдарына жазып жүрген гей журналист Джеймс Кирчик АҚШ сарбазы Брэдли Меннинг туралы Мәскеуден берілген пікірталасқа Стокгольмнен қатысқан еді.

«РЕПРЕССИЯҒА ҚАРСЫМЫН»

Хабар жүргізушісінің қойған сұрағына жауап берер алдында Кирчик түрлі-түсті аспалы белдігін тартты да, өз ойын америкалық драматург және актер Харви Фирштейннің сөзінен дәйектеме келтіріп: «Зұлымдықпен бетпе-бет келгенде үндемей отыра алмаймыз» деп бастады.

«Кремльдің сөзін сөйлейтін арнада отырып, гейлердің мақтанышына айналған белдігімді тағамын, сондай-ақ, Владимир Путин қол қойған гейлерге қарсы сұмдық заңға қарсы шығамын. Ресей думасы бірауыздан қабылдаған заң көпшіліктің алдында гомосексуализм туралы айтуға мүмкіндік бермейді» деді Кирчик.​


Мұны естіп басында абдырап қалған RT жүргізушісі: «Иә?» («Yes?») деп сұрады. «Біз гейлерге қарсы бірнеше шабуыл жасалғанын біліп жатырмыз» деп жалғастырды Кирчик. Жүргізуші әңгімені Брэдли Мэннинг туралы негізгі тақырыпқа аударуға тырысқанымен Кирчик сөзінен ауытқымады.

«Брэдли Мэннинг туралы сөйлеуге құлқым жоқ. Қазіргі Ресейдегі сұмдық гомофобиялық ахуал туралы айтқым келеді. Ресейлік гейлер біле жүрсін, бүкіл әлемде олардың достары мен одақтастары бар. Бұндай репрессияның алдында үндемей отыра алмаймыз» деді Кирчик.

«RT ЖУРНАЛИСТЕРІ ТЫНЫШ ҰЙЫҚТАЙ МА?»

«Ресейде өткен айда «гомосексуализмді насихаттауға» тыйым салатын заң қабылданды, «балалар естуі мүмкін кез келген қоғамдық орында гейлер құқы мен олардың қарым-қатынасы туралы айтқандарға түрме қаупі төнеді». Кирчик екі минуттан астам уақыт тікелей эфирді жеке өзі иеленді.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақтан екінші) Russia Today телеарнасының жаңа кешенінде. Мәскеу, 11 қаңтар 2013 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақтан екінші) Russia Today телеарнасының жаңа кешенінде. Мәскеу, 11 қаңтар 2013 жыл.

«Сендер Америка туралы 24 сағат өтірік айтасыңдар, ал мен 2 минутта шындықты айтуға тырысамын» деді ол жүргізушіге. Бұдан соң RT журналистерінің түнгі ұйқылары қалай екенін сұрады. «Ресейлік журналистерді үкіметтің күн сайын азаптап, аңдитынын, тіпті өлтіретінін біле тұра қалай тыныш ұйықтай аласыңдар?» деді Кирчик.

Азаттық тілшісі Кирчикпен кездескенде ол Стокгольм әуежайына жетіп алған еді. Таллинге ұшқалы тұрған журналист әдетте «диктаторлық үкіметті насихаттайтын арналарға шықпайтынын» айтты.

«Ресейде қазір болып жатқан жағдайға назар аударту үшін осы сәтті пайдаландым» деді Кирчик. RT продюсерлері оның сөзін үзіп тастаған соң, әуежайға оны такси жүргізушісі бастығының бұйрығына бағынбай тегін жеткізіпті.

«Орта жолға жеткенде жүргізушіге бастығы хабарласып, мені көлікпен әуежайға апаруға тыйым салды. Оған «өз ақшамнан төлеймін» дедім. Бірақ ол мені осында тегін әкеп тастады, мүмкін шведтік такси компаниясында путиншіл жүйеге қарсылар бар шығар» деді Кирчик.

Мәскеу мен Вашингтондағы RT бюролары электронды поштамен жіберілген сауалға жауап бермеді. Кирчик болса «сөзінен қайтпайтынын, RT пікірталасында өз ойын ашық білдіретіндерді қолдайтынын» айтады.

Хизер Мейердің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG