Accessibility links

Жаңа жылдың көрерменге «сыйлығы»


Телекомпанияны жабуға қарсы акция.

Телекомпанияны жабуға қарсы акция.

Томскідегі ТВ-2 тәуелсіз телеарнасы 2015 жылдың қаңтарынан бастап хабар таратуын тоқтатуы мүмкін.

Ресейлік теле-радиохабарлар тарату желісі (РТРС) біржақты тәртіппен Томскідегі ТВ-2 телекомпаниясымен жасасқан шартын бұзбақ. Арна басшылығы 2015 жылғы қаңтардың 1-інен бастап телеарна сигналын тарату тоқтайтыны туралы ескерту алды.

Томск облыстық радиотарату орталығына келген хабарламада «Эфирден телевизиялық хабар тарату мақсатында қызмет көрсету шарты келесі күнтізбелік жылға ұзартылмайды, соған байланысты аталған шартты 2014 жылғы желтоқсанның 31-інен бастап бұзатынымызды мәлімдеймін. Көрсетілген күннен бастап РТРС телеарнаның хабар таратуын тоқтатады» деп жазылған.

ЕКІ ТАРАПТЫҢ УӘЖІ

Телекомпания заңгері Анастасия Ольговскаяның айтуынша, «Бұл ескерту хат ешбір заңға сыймайды. Хат Томскідегі ОРТПЦ-пен жасасқан шартқа қайшы келеді».

Ол «Бұл хат шартты біржақты тәртіппен бұзу ережелерін де бұзып тұр. ТВ-2 телекомпаниясына берілген хабар тарату туралы лицензия күшін жойған жоқ. Томск ОРТПЦ-тің ТВ-2-ге берген «байланыстырушы» лицензиясы да әлі күшінде тұр. Бірақ біз заң талаптарына қайшы жазылған шарт бұзу туралы ескерту хат алып отырмыз. Мұны сотқа беріп, даулаймыз» дейді. ​

ТВ-2 студиясы.

ТВ-2 студиясы.

Ал РТРС «құжаттың жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін шартты бұзуға бір тараптың ниет білдіруі негіз бола алады» деп ресми түрде мәлімдеді. Шартты бұзу туралы шешім 2014 жылдың мамырындағы оқиғаға байланысты болып отыр. Ол кезде жабдықтың сынуына байланысты ТВ-2 арнасын «хабар тарату келісімшартын орындамады» деп айыптаған еді.

Ол жолы Томск радио тарату орталығының мұнарасындағы фидер (сигнал жіберетін кабель) бүлінген. Солайша ТВ-2 бір жарым айға жуық хабар тарата алмай, «Роскомнадзордан» ескерту алған. Мекеме хабар таратуды қалпына келтірмесе, лицензияның күшін жоямыз деп қорқытқан болатын. Телекомпания мұны саяси қысым деп бағалады. Қалада телеарнаны жабуға қарсы шеру де өтті.

Дәл осы шеру РТРС-тың шартты бұзуына себеп болғанға ұқсайды. РТРС ресми мәлімдемесінде «ТВ-2 басшылығы іскер әріптестер арасындағы қарым-қатынас ережелерінен аттап, шектен шықты» дейді.

«РЕСЕЙДЕ ҚАУІПТІ ЖАҒДАЙ ОРНАДЫ»

ТВ-2 бас редакторы Виктор Мучник ​«Шын мәнінде бұл жағдай сіздің үйіңізге біреу келіп, «Жылудың ақшасын төледіңіз, бірақ бізге ұнамайсыз, сондықтан жылуды өшіреміз. Пеш сатып алып, өзіңіз жылына беріңіз» дегенге ұқсайды. Заңдық тұрғыда алғанда РТРС-тің ресми мәлімдемесі -абсурд» дейді.

Біз арқылы басқаларға сабақ үйреткісі келеді. Бұл - бізді жауып, өзгелерге қыр көрсету үшін жасалып отырған қоқан-лоқы.

Мучник «РТРС бізді «бизнестегі әріптес» деп атайды. Бірақ олар іскер әріптес емес. Олар - салық төлеушілердің арқасында өмір сүріп отырған мемлекеттік құрылым. Біз де салық төлеушілердің біріміз. Сондықтан бізге қызмет көрсетуге міндетті. Мен бір нәрсені анық білемін: ТВ-2 телекомпаниясы бір адамдарға кедергі келтіріп отыр. Алайда бізге қысымды басқалар айтпайтын оқиғаларды көрсететініміз үшін ғана жасап отырған жоқ. Біз арқылы басқаларға сабақ үйреткісі келеді. Бұл - бізді жауып, өзгелерге қыр көрсету үшін жасалып отырған қоқан-лоқы» дейді.

Мучник «ел ішінде қауіпті жағдай орнай бастағанын» ескертеді. Бұрын-соңды Ресейде хабар таратуға лицензиясы бар компанияны эфирден өшірген емес. Мұндай әдіспен заңға сүйенбей-ақ, ұнамайтын кез келген компанияны жаба беруге болады.

Телекомпанияның бас директоры «Компанияны құтқару үшін қолдан келген шараның бәрін істейміз. Бір нәрсеге ғана бармаймыз – олардың алдында қорланбаймыз. Телекомпания ретінде өзімізге лайықты хабар тараттық, енді басымызды имейміз. Біз ешқандай заңға қарсы келген жоқпыз. Керісінше, олардың қазіргі әрекеті заңсыз» дейді.

Ресейдегі танымал аймақтық телекомпаниялардың бірін жабу облыстағы қоғамдық-саяси ахуалға пайда әкелмейді.

ТВ-2 телекомпаниясының басшылығы Томск облысының губернаторы Сергей Жвачкинге хат жолдады. Онда былай жазылған: «Бұл әрекетті біреулерге ұнамайтын БАҚ-қа шабуыл деп түсінеміз, бұл шабуылдар сәуірде «ОРТПЦ-да апат болды» деген желеумен басталған... ресми түрде облыстық әкімшіліктің «шаруашылық жүргізуші субъект арасындағы дау» дегенді сылтау етіп, бұл оқиғаға араласпауына болатынын білеміз. Дегенмен облыс билігінің нақты жауаптан жалтаруын да позиция деп бағалауға болады. Ресейдегі танымал аймақтық телекомпаниялардың бірін жабу облыстағы қоғамдық-саяси ахуалға пайда әкелмейді. Сергей Анатольевич, телекомпанияны қолдау немесе басқа таңдау жасау өз еркіңізде».

​Қазір ТВ-2 телекомпаниясы құрамына кіретін «Томск медиа тобында» 300-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың көбі 2015 жылдың қаңтарынан бастап жұмыссыз қалуы мүмкін. ТВ-2 телеарнасының хабар таратуын тоқтату - компанияны жабу деген сөз. Өйткені, РТРС – мемлекеттік монополист.

ТВ-2 телекомпаниясы - Ресейдегі ертеден келе жатқан тәуелсіз телерананың бірі. Ол 1991 жылдың мамыр айында құрылған. Компания жұмысы үшін «ТЭФИ» және «ТЭФИ-аймақ» марапаттарын 23 рет алған.

2014 жылы қараша айында «Роскомнадзор» ТВ-2 лицензиясын 2025 жылдың ақпанына дейін ұзартқан еді.

(Мелани Бачинаның мақаласын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG