Accessibility links

Ресей түрмесіндегі «этаппен жөнелту» машақаты


Pussy Riot тобының әншісі Надежда Толоконникова (оң жақта) түрме көлігінде отыр. Мәскеу, 7 шілде 2012 жыл.

Pussy Riot тобының әншісі Надежда Толоконникова (оң жақта) түрме көлігінде отыр. Мәскеу, 7 шілде 2012 жыл.

Greenpeace белсендісінің кенеттен Мурманск түрмесінен көшірілуі, Pussy Riot мүшесі Толоконникованың «жоғалып кетуі» Ресейдегі жаза өтеушіні түрмеден түрмеге ауыстыру машақатына назар аудартты.

Таңғы алагеуім шақта түрме әкімшілігі Greenpeace ұйымының 30 белсендісін солтүстікте орналасқан Мурманск қаласындағы қамау орнынан алып шығып, арнайы пойызбен белгісіз жаққа аттандырып жіберді.

Белсенділердің адвокаттары мен жақындарына алдын ала хабар берілмеген. Қамалғандардың қайда жіберілгені және олардың белгіленген жерге қашан жететіні беймәлім.

Ресей полициясы Greenpeace ұйымының белсенділері қамалған вагон есіктерін күзетіп тұр. Санкт-Петербург, 12 қараша 2013 жыл.

Ресей полициясы Greenpeace ұйымының белсенділері қамалған вагон есіктерін күзетіп тұр. Санкт-Петербург, 12 қараша 2013 жыл.

Дүйсенбі күнгі бұл жайтты Ресей түрмелеріндегі қатардағы оқиға деуге де болар еді. Бірақ тергеушілердің стандартты процедураны бұзып, топ мүшелерін Санкт-Петербургтағы тергеу изоляторына ауыстырғандары туралы ақпарат күтпеген жерден жария болып кетті.

«ЭТАП» МАШАҚАТЫ

Ресейде жазасын өтеушілерді бір қаладан екінші қаладағы түрмеге ауыстыру процесі апталап, кейде айлап іске асырылуы мүмкін. Pussy Riot тобының мүшесі Надежда Толоконникованың «жоғалып кетуі» биліктегілердің сотталған азаматты бір түрмеден екіншісіне ауыстырған кезде жақындарына оның қайда екені туралы мәлімет бермейтінін көрсетті.

Қазанның 21-інен бері Толоконникованың қайда екенін туыстары мен жақтастары білмейді. Сол күні ол Мордовиядағы №14 әйелдер түрмесінен белгісіз аймаққа жөнелтілген. Содан бері оның қай қалада екенінен жұрт бейхабар.

Оны ауыстыру барысындағы құпияға толы жайттар жазасын өтеушілерді алыс жерге тозығы жеткен ескі пойыздармен тасымалдаудың машақаты мен азабына тағы бір назар аудартты. Ресейде бұл процесті «этап» деп атайды.

«Этапқа» түрме камералары орнатылған вагондармен апарады. Жазасын өтеушілер «транзиттік түрмелерге» жеткізіліп, келесі вагон-камера келгенше сол жерде күтіп жатады. Бұл процесс толық құпия, тұтқындар сырт әлемнен мүлде бейхабар болады, қайда екені де ешкімге айтылмайды.

Мәскеудегі «Түрме реформасы» орталығының директор орынбасары Валерий Сергеев:

- Жазасын өтеушінің «жоғалып кетуінің» өзі – дау тудыратын мәселе, әсіресе қазіргі заманда. Қазір ГУЛАГ заманы емес қой, ал бұл - нағыз ГУЛАГ дәуірінде қолданылған әдіс, - дейді.

Сергеев түрмеге қамалғандардың мүшкіл халін сипаттап берді. Оның айтуынша, әдетте төрт жолаушы жататын кәдімгі пойыздың аядай купесіне 12 адам қамалады. Жазасын өтеушілер көбіне өздерімен бірге 50 килограмға дейін зат салынған сөмкелерін алып жүреді, демек олар кезектесіп жатуға мәжбүр.

«Этаппен» аттанғандар күніне екі мәрте, оның өзінде белгіленген уақытта ғана дәретханаға бара алады. Оларға күніне екі рет қана су беріледі.

ТОЛОКОННИКОВАНЫ ҮШ АПТА ІЗДЕУ

Надежда Толоконникованың ері Петр Верзиловтің жұбайын іздеп сабылғанына үш апта болды. Ол мыңдаған километр жол жүрді. Қарашаның 11-і күні Азаттық радиосына Сібірдегі Красноярск қаласынан телефон арқылы сұхбат берген ол:

Надежда Толоконникованың күйеуі Петр Верзилов.

Надежда Толоконникованың күйеуі Петр Верзилов.

- Әйелімнің қазір қайда екенін білмеймін. Өткен бейсенбіде (қарашаның 7-сі күні) Красноярскіге келеді деп күттік. Бұл ақпаратты біз аймақтық түрме басшылығынан алғанбыз, алайда бұл болжам расталмады. Енді ол Красноярскіден 300 шақырым жердегі Нижний Ингаш қаласында орналасқан ИК-50 лагеріне осы аптаның соңына қарай келеді деген мәлімет алдық, - дейді.

2012 жылы тамыз айында Pussy Riot тобының әншілері Надежда Толоконникова, Мария Алехина және Екатерина Самуцевич «діни өшпенділікті қоздырды» деген айыппен екі жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген еді. Үшеуі Мәскеудегі Құтқарушы Христос кафедралдық соборында «Ресейді Владимир Путиннен құтқара көр» деп, Мария анаға жалбарынған ән айтқан. Полиция оларды осы әрекеттері үшін тұтқындады. Самуцевич 2012 жылдың қазан айында шартты жазамен босап шықты. Алехина мен Толоконникованың мерзімдері 2014 жылдың наурыз айында аяқталуы тиіс.

«ПРЕЗИДЕНТТЕН КЕЙІНГІ ЕҢ ӘЙГІЛІ АДАМ»

Оппозицияның тағы бір белсендісі Дмитрий Быков блогында Надежда Толоконникованы «президенттен кейінгі Ресейдегі ең әйгілі адам» деп атап, «Толоконникова биліктің өзін-өзі жылдам әрі біржола әшкерелеуіне себеп болды» деген пікір білдірді.

Қыркүйек айында Толоконникова Мордовия абақтысында жатып, түрмедегілердің ауыр тұрмысына наразылық білдіріп, әрі өзін басқа қамау орнына көшіруді талап етіп, аштық жариялаған.

Ресей президенті жанындағы адам құқықтары кеңесінің арнайы комиссиясы оның айтқандарын растады. Бұған дейін қоғамға белгісіз болып келген жайттарға жұрттың назары ауып, бұл салада реформа жүріп қалар деген үміт оянды.

Көп ұзамай Толоконникова ауруханаға түсті, тәуір болған соң тәртіп сақшылары оны Мордовиядағы түрмеге қайта қамады. Бұған наразы болған Толоконникова тағы да аштық жариялады. Түрме әкімшілігі осыдан соң ғана оны басқа абақтыға ауыстыру туралы ұйғарымға келді. Содан бері Толоконникованың қайда екенін ешкім білмейді. Қарашаның 6-сы күні Amnesty International ұйымы Ресей билігінен Толоконникованың қайда екенін сұрап, ақпарат беруді талап етті.

«Түрме реформасы» орталығының директор орынбасары Валерий Сергеевтің сөзіне қарағанда, жазасын өтеушілерді тасымалдайтын вагондардың көбі 1960 жылдары жасалған. Федералдық пенитенциарлық жүйе бұл вагондарды Pussy Riot тобының мүшелері Екатерина Самуцевич (сол жақта) пен Мария Алехина (оң жақта). Мәскеу, 10 қазан 2012 жыл.

Pussy Riot тобының мүшелері Екатерина Самуцевич (сол жақта) пен Мария Алехина (оң жақта). Мәскеу, 10 қазан 2012 жыл.

жаңартуды соңғы жылдары ғана қолға алған. Оның айтуынша, вагондарда ешқандай саңылау жоқ, ауа кірмейді, сондықтан оған екі күннен артық қамалған адамның халі нашарлайды.

Толоконникованың күйеуі Петр Верзиловтың айтуынша, «осыншама ұзақ уақыт тасымалдау арқылы федералдық пенитенциарлық жүйе өкілдері оның зайыбынан өш алып отыр».

- Біздің ойымызша, [Надежданы] мұншама ұзақ тасымалдау арқылы Ресейдің түрме басшылығы одан кек алып отыр. Себебі Надежданың абақтыдан жазған хаттары түрме жүйесіндегі адам құқықтарының бұзылуына назар аудартты, - дейді Петр Верзилов.

Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG