Accessibility links

Кремльдің «тролль шаруашылығы»


Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы «Ақиқат министрлігі» мекемесінің ғимараты.

Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы «Ақиқат министрлігі» мекемесінің ғимараты.

Кремльдің саясатын қостап, Батысты, оппозицияны жамандап, түрлі сайттарға пікір жазумен айналысатын «тролльдар мекемесінің» бұрынғы қызметкерлері істеген «жұмыстарының» қыр-сырын баяндады.

Санкт-Петербург қаласында пәтер жалдап тұрып жатқан 22 жастағы Татьяна Н. есімді журналист былтыр көктемде жалақысы жақсы жұмыс іздеген.

Жұмыс іздеушілерге арналған HeadHunter сайтындағы жарнама бойынша хабарласқан ол «Интернет зерттеулер» жауапкершілігі шектеулі қоғамына жұмысқа тұрады.

Қаланың сыртында, аумағы 2 мың 500 шаршы метр болатын бұрынғы қойма үйінде орналасқан бұл мекеме Кремль саясатын қолдап, «қоғамдық пікір» қалыптастыратын «тролльдар ордасы» болып шыққан. Мекеменің «Ақиқат министрлігі» деген тағы бір атауы бар.

Мұнда 25-30 мың рубль төленетін басқа журналистік жұмыстарға қарағанда, айлық жалақы біршама жоғары. Татьяна айына 40 мың рубль алып отырған. Бірақ жұмысы да оңай болмаған.

Тәулігіне 24 сағат үздіксіз жұмыс істейтін «тролльдар» түрлі блогтарда материал жариялап, Ресейдегі және шетелдегі ақпараттық веб-сайттар материалдарының форумына Кремльді жақтап, Батысты даттаған комментарийлер жазумен айналысады.

«Интернет зерттеулер» ұйымын Ресей президенті Владимир Путиннің жеке аспазы Евгений Пригожин басшылық ететін компания қаржыландырады.

400 журналист тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді

– Әркімнің кейпіне кіріп, жаза бересің, жаза бересің. Мәселен, нан пісіріп жатқан үй шаруасындағы әйел болып, «Путиннің айтқанына қосыламын! Владимир Владимирович бұл әрекетімен Ресейді құтқарып қалды!» деп жазасың, – дейді Татьяна.

Әркімнің кейпіне кіріп, жаза бересің, жаза бересің.

Шамамен 400-дей «журналист» 12 сағаттық екі ауысыммен жұмыс істейді, олар өзара түрлі департаменттерге бөлінген. Тролльдардың бір бөлігі берілген тақырыптарға материал жазса, екіншілері жарияланған түрлі материалдарға пікір жазумен айналысады, үшінші топ әлеуметтік желілерге арнап қызықты суреттер салып, графика сызады.

Бір департамент тұтастай Livejournal блог-платформасына Кремльді мақтаған материалдар жариялауға машықтанған.

Санкт-Петербургте шығатын «Мой район» тәуелсіз басылымы наурыздың 11-і күні «Интернет зерттеу» ұйымына жіберілген «техникалық тапсырмаларды» жариялады. Онда «тролльдар» жазуы тиіс тақырыптар тізімімен қоса, блогшылар мен пікір жазғыштарға үлгі болатын мәтіндер келтірілген.

НЕМЦОВ ҚАЗАСЫНА ҚАТЫСТЫ ЕКІ «НҰСҚА»

Тапсырмалардың бірінде ақпанның 27-сі күнгі оппозиционер Борис Немцовтың қазасына қандай пікір білдіру керек екені жөнінде нұсқау берілген. Онда «бұл қастандықты Мәскеудің Батыспен қарым-қатынасын нашарлату үшін және Ресейге қысымды күшейту үшін Украина олигархтары ұйымдастырды» немесе «мұны оппозицияның наразылық шарасы қарсаңында елді дүрліктіру үшін Немцовтың өз жақтастары қасақана жасады» деген пікірлерді ел арасына таратуға тапсырма берілген.

«Интернет зерттеулер» мекемесінің Лена Н. есімді тағы бір бұрынғы қызметкері Немцовтың қазасына қатысты тапсырманы орындап, блог жазудан бас тартқаны үшін жұмыстан шығарылған.

Қастандықтан қаза тапқан Ресей оппозициялық саясаткері Борис Немцовты жерлеу рәсімі. Мәскеу, 3 наурыз 2015 жыл.

Қастандықтан қаза тапқан Ресей оппозициялық саясаткері Борис Немцовты жерлеу рәсімі. Мәскеу, 3 наурыз 2015 жыл.

– Борис Немцовты наразылық шеруі қарсаңында елді арандату үшін оның өз қолдаушылары өлтірді дегенге жұртты иландыру керек болды, – дейді ол.

Мәскеуде 2011-12 жылдары көбіне интернет арқылы ұйымдастырылған кең ауқымды наразылық шараларынан соң Кремль Ресейдегі интернетті бақылауды күшейтті.

Ресейде кей кездері ғана болмаса, онлайн ақпаратқа шек қойылып жатқан жоқ. Есесіне, бір-біріне ұқсас пікірлер легі көбейген, сол арқылы «тролльдар» қоғамдық пікір ауанын басқа жаққа бұруға, ақпаратты бұрмалауға тырысады.

Отставкадағы милиция полковнигі Михаил Быстров ресми түрде жетекшілік ететін бұл мекеме құпиясын 2013 жылдың соңында «Новая газета» басылымы әшкерелеген.

Жұмыс істеп кеткендердің айтуынша, Ресей үкіметі сияқты бұл мекемедегі иерархиялық басшылықтың да құпиясы көп.

– Төмендегі қызметкерлердің басшылықпен сөйлесуге қақысы жоқ, тіпті олар бастықтарының кім екенін де білмейді. Олар өздерінің кішігірім бастықтарын – команда басшыларын ғана көреді, – дейді Татьяна.

Соған қарамастан, бұл мекемеде тәртіп қатал сияқты.

«Мой регион» веб-сайтындағы видеодан Санкт-Петербургтің шетіндегі Ольгино селосында орналасқан мекемеге жұмысшылардың қалай асығып бара жатқанын көруге болады. Кешіккен қызметкерлер 500 рубль айыппұл төлейтін болып шықты.

Бұл жөнінде «Мой район» басылымы: «Ақпараттық соғыста әр минут санаулы» деп жазады.

(Виктор Резунковтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG