Accessibility links

Бұрынғы тілшілер Кремль насихаты «құпиясын» айтты


Ресей президенті Владимир Путин жыл сайын өтетін тікелей эфирде журналистер сұрағына жауап беріп отыр. 16 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей президенті Владимир Путин жыл сайын өтетін тікелей эфирде журналистер сұрағына жауап беріп отыр. 16 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейдегі үлкен мемлекеттік телеарнаның бұрынғы екі қызметкері Украина шиеленісі кезінде Кремльдің насихат жасауға қандай әдіс-тәсілдерді қолданғанын айтып берді.

Ресейдегі үлкен медиа-холдингтің бұрынғы қызметкерлері Украинамен қақтығыс кезінде Кремльдің үгіт-насихат кампаниясының халықты әдейі арандатып, шатастыру мақсатында қалай жұмыс істегенін егжей-тегжейлі баяндайды.

Ресейлік мәдени сайт Colta.ru осы аптада Ресейдің басты мемлекеттік телекомпаниясы ВГТРК-да жұмыс істеген екі қызметкердің басынан өткен жағдайды сипаттап берді. ВГТРК компаниясы құрамына ұлттық «Россия-1» арнасы да кіреді.

«ҚЫРЫМНЫҢ ГҮЛДЕНУІ» ЖӘНЕ «ХУНТА» МЕН «ФАШИСТЕР»

Олар «Кремль шенеуніктерінің ВГТРК басшылығы мен редакторларына нұсқаулық беріп, жаңалықтарды көрсету ретін үйреткенін, Украинаны кемсіту үшін қандай сөздер қолдану керек екенін айтқанын» жеткізді.

Бұрынғы журналистердің бірі 2014 жылдың наурыз айында, Ресей Қырымды Украинадан бөліп, өзіне қосып алған соң, телеарналарда барлық бағдарламалардың, тіпті ауа-райын хабарлаудың өзі де насихат құралына айналғанын айтады. Ресей түбекті аннексия жасаған соң Киев билігі мен ресейшіл сепаратистер арасында соғыс басталды. БҰҰ деректері бойынша, бұл шайқаста 6400-ден астам адам опат болған.

Colta.ru жариялаған мақалада бұрынғы журналистердің аты-жөні аталмайды. Олар басынан өткен жағдайды ВГТРК-ның тәулік бойы жаңалық тарататын «Россия-24» арнасы бас редакторының бұрынғы орынбасары Александр Орловқа баяндаған. Екі жыл бұрын Ресей оппозициясының жетекшісі Алексей Навальныйды қолдағаны үшін жұмысынан қуылған Орлов қазір ресейлік телевизия жайлы кітап жазып жатыр.

ВГТРК-ның бұрынғы қызметкерлерінің бірі 2014 жылдың ақпанында бас редактордың өздерін лездемеге жинап, «қырғиқабақ соғыс болады» деп хабарлағанын айтады. Бұл айда Украина көшелеріндегі шерудің нәтижесінде кремльшіл президент Виктор Янукович биліктен кеткен еді.

Орловқа сұхбат берген бұрынғы журналистің айтуынша, «Бас редактор «жаңа кезең басталды, бұның қасында 1970-80-жылдар баланың ойыны тәрізді болады. Бұл соғысқа қатысқысы келмегендер өзіне басқа жұмыс іздесін... Қалғандарыңыз клубқа қош келдіңіздер» деген». Ары қарай жағдайды ол «Шені жоғары жетекшілер Кремльдегі басқосуға барып келетін. Онда жаңалықтарды беру әдісін талқылайтын. Содан соң редакцияға келіп, қармағындағыларға түсіндіретін. Ресей Қырымды қосып алған соң, күнде Қырымның гүлденіп дамып жатқаны жайлы кем дегенде бір материал беруге тиіс болдық» деп суреттейді.

Ресейдің мемлекеттік телеарнасы Януковичтен кейінгі Украина басшылығын «хунта», ал оны қолдаушыларды «фашистер» және «бандеровшылар» (украиналық әсіреұлтшылдар) деп сипаттаса, Кремль осындай атауларды қолдап отырған. Бұрынғы ВГТРК қызметкерінің айтуынша, 2014 жылдың қыркүйегінде Украина мен ресейшіл бүлікшілер «атысты тоқтатамыз» деп келіскенде, бұл атауларды доғару туралы бұйрық түскен.

Ресейдегі БАҚ-қа мониторинг жасайтын «Медиалогия» сайтының зерттеулері бұл пікірді жартылай растайды. Атысты тоқтату туралы келісімге қол қояр алдында және оған қол қойылған соң тоғыз күн бойы ресейлік алты телеарна «хунта» сөзін қолданбаған.

ВГТРК-ның жаңалық сайты осы кезеңде «фашистер» және «бандеровшылар» деген атауларды қолдануды сиреткен. Бірақ қыркүйектің ортасында келісім нәтиже бермей, АҚШ пен ЕО Ресейге қарсы санкцияны қатайтқан кезде бұл сөздер қайтадан жиі айтыла бастайды. «Жағдай кері кетті, солайша бәрі басынан басталды» дейді сұхбат берген бұрынғы тілші.

«САЯСАТҚА ҚАРСЫ БОЛСА ДА ЖҰМЫСТАН КЕТПЕЙДІ»

ВГТРК компаниясының екінші бұрынғы қызметкері Орловқа «әр жұма сайын бас редакторлардың Кремльге барып, қалыңдығы бір сантиметр болатын папка көлемінде нұсқаулық алып келетінін» айтқан. Онда хабарға кімдерді шақыру керектігі, кімнің «үздік сарапшы» екені көрсетілетін болған.

«Маған сол папкадан біраз қағаз алып келеді, сол бойынша жұмыс істедім» дейді бұрынғы тілші. Оның айтуынша, бас редактор «Мәскеу маңындағы көлік апаты жайлы айтуды немесе айтпауды шешеді, ал үлкен саясат, соғыс пен бейбітшілік мәселесінде ол тек бұйрықты орындайды».

Екінші журналистің сөзіне қарағанда, телеарна басшылығы Украинаға қарсы ақпарат соғысында ауа-райы болжамдарын да пайдаланған. Олар «алдағы қыс суық болады» деп Украинаны қорқытуға тырысқан. Украина Ресей газына айтарлықтай тәуелді, бұрын Мәскеумен арада газ бағасына қатысты келіспеушілік болған еді. «Басты міндетіміз үрей тудыру еді: «сендер бізге тәуелдісіңдер, ал біз сендерге газ бермейміз, бәрің тоңып отырасыңдар» дегенді тұспалдадық» дейді ол.

Орловпен сөйлескен ВГТРК бұрынғы қызметкерлері Ресей мемлекеттік медиа компаниясындағы басқа да ішкі жағдайларды сипаттап, журналистердің билік талабын орындауға мәжбүр болғанын жеткізген. Кейін екеуі де мұндай жұмыстан көңілдері қалып, телеарнадан кетеді.

Маусым айында Кремльдің одақтасы - НТК арнасының Берлиндегі тілшісі Константин Гольденцвайг неміс телеарнасына сұхбат беріп, Ресей президенті Владимир Путинді «арсыз» деп атаған соң, жұмыстан кеткен еді.

Facebook әлеуметтік желісінде Гольденцвайг «нақұрыстар тобының насихатына» қатысқаны үшін көпшіліктен кешірім сұрады.

Орловқа сұхбат берген бірінші тілші бұрынғы әріптестерінің көбі Кремльдің саясатын қолдамайтынын айтқан. Ол «Басшылықтың тыйым салғанына қарамастан, олардың 40-50 пайызы 2011-2012 жылғы Мәскеу үкіметіне қарсы шерулерге қатысты» дейді.

«Бірақ олар жұмыстан кетпейді» дейді бұрынғы журналист. «Оның себебі қарапайым - отбасы, несиелері бар. Оған қоса, басқа баратын жердің жоқ екенін де түсінеді».

Карл Шректің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG