Accessibility links

Ресей телеарнасының тағы бір өтірігі


Ресейлік телеарнадан көрсетілген видеоның скриншоты.

Ресейлік телеарнадан көрсетілген видеоның скриншоты.

«Россия-1» телеарнасы «Украина ұлттық гвардиясының Донецкіде тағы бір адамды мерт қылғаны» жайлы видео көрсетті. Бірақ бұл видео былтыр күзде Ресейдің Қабарда-Балқар аймағында өткен антитеррорлық операция кадрларын дәлме-дәл қайталайды.

Ресей телеарнасы Украина билігін қаралап, шығыс аймақтағы «азаттық аңсаған халықты» «жапа шегуші» етіп көрсетеміз деп тағы да өтірікке ұрынды.

«ФАШИСТЕР ӨЛТІРГЕН АДАМ»

Мамырдың 16-сы күні «Россия-1» телеарнасы көрсеткен видео осыдан 18 ай бұрын Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағында жүргізілген антитеррор операциясы жайлы репортаждың кадрларын айна-қатесіз қайталайды.

Ресей телеарнасы видеосюжеті Киев Украинаның шығысында жүргізіп жатқан әскери операцияларды айыптайды. Сюжеттегі адамдар Украина жасақтарын «фашистер» деп, олардың түрлі қатыгездіктерін айтады. Диктор «мұнда күн сайын бейбіт адамдар өліп жатыр» дейді.

Сюжет соңында жерде жатқан мәйіт көрсетіледі. Диктордың айтуынша, «Украина ұлттық гвардиясы сарбаздары оны атып өлтіріп, «жауды біз өлтірдік» дегенді білдіру үшін қасына қаруын әдейі тастап кеткен. Ал аймақтағы өзін-өзі қорғау топтарының (ресейшіл сепаратистер – ред.) өкілдері «марқұм біздің жасақтың құрамында болмаған» дейді».

Алайда бұл видеокадрлар 2012 жылы қарашаның 18-і күні «Россия-24» телеарнасынан берілген кадрларды қаз-қалпында қайталайды. Онда Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағындағы Қабарда-Балқар Республикасында жүргізілген антитеррорлық операциядан репортаж берілген еді. «Россия-24» ол кезде «операция барысында бес терроршы өлтірілгенін» хабарлаған.

Екі телеарна видеосында да мәйітпен қоса тұманды далада шөптің арасынан әлдене іздеп жүрген, әскери форма киген төрт қарулы адам көрсетіледі.

Антитеррорлық операция туралы видеосюжет эфирге шыққан күні YouTube-ке де жарияланған. Онда журналист ақпарат көзі ретінде Ресейдің террорға қарсы ұлттық комитетіне сілтеме жасаған.

«ҮКІМГЕ БАҒЫНБАҒАНДАР ҚЫРЫЛЫП ЖАТЫР»

Мамырдың 16-сы күні «Россия-1» телеарнасынан берілген репортажда қару асынып, маска киген бір сепаратист «Украина солдаттары «халыққа қарсы үкімдерге» бағынбаған әскерлерді өлтіріп жатқанын» айтады.

Украина және Батыс елдерінің ресми тұлғалары Ресей ақпарат құралдарын «Кремльдің «Киев үкіметі заңсыз, әрі ол - билікке бағынғысы келмеген орыстар мен украиндарды қырып жатқан фашистік үкімет» деген пікірін насихаттап отыр» деп айыптайды.

Өткен айда Ресей телеарнасы Киевтің «Украинаның әсіреұлтшылдарына қарсы бас көтергендер мен «сепаратистер» атанып кеткен адамдарға арнап салып жатқан» концентрациялық лагерін көрсетті.

Алайда бұл репортажда көрсетілген құрылыс нысаны Киевтегі жаппай наразылық шараларынан соң Ресейге қашып кеткен (ақпан айында) президент Виктор Януковичтің тұсында - 2012 жылы салына басталған.

Еуропа Одағы қаржыландырып отырған бұл құрылыс жобасы заңсыз мигранттар уақытша паналайтын орын болмақ.

(Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG