Accessibility links

Украинада соғысқан Ресей еріктілеріне заңды мәртебе сұрады


Ресейшіл сепаратистер. Украина, Донецк, 11 қараша 2014 жыл.
Ресейшіл сепаратистер. Украина, Донецк, 11 қараша 2014 жыл.

Ресей депутаты Украинаның шығысындағы Донбасс аймағында соғысып жатқан ресейлік еріктілерге «соғыс қимылдарына қатысушылар» деген мәртебе беруді ұсынды.

Ресей мемлекеттік думасының КПРФ-тан (Ресей коммунистік партиясы) сайланған депутаты, қорғаныс комитетінің мүшесі Вячеслав Тетекин Украинаның шығысындағы қарулы сепаратистер жағында бұрын соғысқан немесе қазір соғысып жатқан ресейлік еріктілерге «соғыс қимылдарына қатысушы» мәртебесін беруді ұсынды.

Ресей парламенті талқылауына ресми түрде енгізілген заң жобасын дауысқа салу күні әлі белгіленбеген.

Вячеслав Тетекин Азаттықтың Орыс қызметі тілшісіне айтуынша, бастаманың мақсаты - «Жалдамалылар туралы» заң бойынша айыпталуы тиіс еріктілерді жауапқа тартылудан құтқару.

Депутаттың болжамынша, егер заң қабылданса, өзін-өзі жариялаған «Луганск халық республикасы» (ЛХР) мен «Донецк халық республикасы» (ДХР) сепаратистерін қолдаушы ресейлік еріктілерге «соғыс қимылдарына қатысушы» мәртебесін алғандарға тағайындалған жеңілдіктер беріледі. Оның есебінше, мұндай еріктілердің саны шамамен 30 мың адам.

Жүктеп алу

Вячеслав Тетекиннің пікірінше, Украина территориясында «Новороссияны» қолдап соғысып жатқан немесе бұрын соғысқан ресейліктер «жалпымемлекеттік міндеттерді» өз беттерінше орындап жатыр. Тетекин «Бұл еріктілер соғысқа жалданғаны үшін Ресейде айыпталуы мүмкін» деп қауіптенеді және оларды Ресейдің ұлттық мүддесін қорғаған адамдар деп заң жүзінде тануды ұсынады.

ДХР және ЛХР өкілдері дерегінше, соғыс қимылдарына шамамен барлығы 30 мыңдай ерікті қатысқан.

– Бұл - ол жақтағы соғыс қимылдарына қазір тура 30 мың ерікті қатысып жатыр деген сөз емес. Олардың дәл қазіргі саны одан аз болуы мүмкін. Бұл арада әңгіме жалпы осы соғысқа қатысқандар жайлы болып отыр. Бір апта немесе бірер ай соғысқандар бар, бірақ Донецк және Луганск «халық республикалары» өкілдерінің дерегінше, соғыс қимылдарына шамамен барлығы 30 мыңдай ерікті қатысқан, - дейді депутат.

– Ал адамның «Новороссия» үшін соғысқанын немесе кәдімгі бұзақы екенін қалай айырмақсыздар? Қазір ол жақта неше түрлі адамдар жүр ғой.

– Ондай коллизиялар шығатынына күмән жоқ. Кезінде өзін Ұлы Отан соғысына (Екінші дүниежүзілік соғысты айтады – ред.) қатысушы ретінде көрсеткен алаяқтар сияқты мұнда да ондайлар пайда болуы мүмкін. Бұл соғысқа өз еркімен әрі жанын аямай адал қатысқан адамдардан ондай алаяқтарды айырып алу керек. Мұны қазір жұмысы реттеліп келе жатқан ДХР және ЛХР билік органдары көмегімен анықтауға болады. Яғни камуфляж киіп алып, «Мен соғыс қимылдарына қатыстым» деп жергілікті Собеске келген кім көрінгенге жеңілдік беріле салмайды. Ондай адамның қолында растаушы құжаттары болуы тиіс. Мысалы, жараланған адамдар. Олар әдетте жергілікті госпиталь, ауруханаларда емделеді, сондықтан әлдебір анықтамалар болуы тиіс. Қарулы қақтығыстарға мемлекеттің рұқсатсынсыз, яғни өздігінен қатысуды айыптайтын жалдамалылар туралы заң бойынша бұл адамдарға, яғни еріктілерге жауапкершілікке тартылу қаупі төніп тұр. Сондықтан бұл жобаның мақсаты - әлгі адамдардың жалдамалылар туралы заңға ілініп кетуден қорғау.

- «Соғыс қимылдарына қатысқандар» мәртебесі берілген адамдарға заңда қандай жеңілдіктер қарастырылған? Сіздің бастамаңызды іске асыруға Ресей бюджетінен қанша ақша қажет болуы мүмкін?

Бұл Ресей бюджетіне артық ауыртпалық түсірмейтіндей болуы тиіс. Ең бастысы - бұл адамдар Ресейдің ұлттық мүддесін қорғады.

- Қаза тапқан, жараланған, еңбекке жарамсыз болып қалған жарымжан адамдардың қамын бірінші кезекте ойлауымыз керек әрі олардың саны онша көп те емес. Ондаған мың емес, бірер жүз немесе бірер мың ғана болуы мүмкін. Яғни бұл Ресей бюджетіне артық ауыртпалық түсірмейтіндей болуы тиіс. Ең бастысы, бұл адамдар Ресейдің ұлттық мүддесін қорғады, ал мемлекет енді оларға қамқорлық көрсетуге міндетті, - дейді Вячеслав Тетекин.

Ал «Санкт-Петербург солдаттары аналары» құқық қорғау ұйымының төрайымы Элла Полякова еріктілерді «соғыс қимылдарына қатысушыларға» теңестіретін заң жобасын Ресей депутаттарының тағы бір «ессіз» идеясы деп бағалайды.

Көрші елдегі билікті қарумен басып алған адамдарға «соғыс қимылдарына қатысушы» мәртебесін беру - ессіздік.

– Бұл - өте ұнамсыз жайт. Ресей заңдарында бөтен елдің территориясын басып алу мен жалданып соғысуға тыйым салынған. Көрші елдегі билікті қарумен басып алған адамдарға мемлекет «соғыс қимылдарына қатысушы» мәртебесі мен жеңілдіктер бермек пе? Бұл - ессіздік, - дейді құқық қорғаушы.

Украиналық саясаттанушы Константин Батозскийдің айтуынша, «депутат Вячеслав Тетекиннің бастамасы - Украинаның оңтүстік-шығысындағы ұрыстарға Ресейдің қатысып жатқанын растайтын айғақтардың тағы бірі».

– «Ол жақта нағыз шайқас жүріп жатыр» әрі «оған Ресей азаматтары қатысып жатыр» деген сөздердің айтылуы Украинаның халықаралық позициясын нығайта түседі. Көбі Ресей азаматтарынан тұратын кәсіби немесе ерікті әскери құрылымдармен соғысып жатқанымызды біз антитеррорлық операция басталған бетте айтқанбыз. Соғыстағы адам шығынының ауқымын Ресейде енді ғана сезе бастады, - дейді саясаттанушы.

«Шайқасқа Ресей азаматтары қатысып жатыр» деген сөздің айтылуы Украинаның халықаралық позициясын нығайта түседі.

«ЛХР» және «ДХР» сепаратистері қатарында Ресей азаматтары соғысып жатқанын Ресей билігі ресми түрде мойындайды. Қыркүйектің басында федерациялық кеңес төрайымы Валентина Матвиенко Донбаста ондай еріктілердің көбейіп келе жатқанын мәлімдеген. Қыркүйектің 5-і күні Украинада қаза тапқан «Россия сегодня» халықаралық ақпарат агенттігінің фототілшісі Андрей Стенинмен қоштасу рәсімінде Матвиенко «Бауырлас халықтың жерінде өз құқығы үшін, әділдік үшін, бейбітшілік үшін ерлікпен шайқасып жатқан адамдар қатарына ресейлік еріктілердің көптеп қосылып жатқанын көріп отырмыз» деген еді.

Баспасөз дерегі бойынша, ресейлік еріктілер соғысқаны үшін айына 60 мың рубль алады. Осындай еріктілердің бірімен жасырын әңгімелескен «Новая газета» тілшісінің ақпараты бойынша, олар соғысқа әскери комиссариаттар мен ардагерлер, әсіресе казак ұйымдары арқылы жалданады. Жауынгердің айтуынша, соғысқа баруға көбінесе зейнетке шыққан әскерилер жазылады.

(Любовь Чижованың мақаласы орыс тілінен аударылды)

XS
SM
MD
LG