Accessibility links

Путин мен Янукович келіссөз жүргізді


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Украина президенті Викт ор Янукович. Мәскеу, 17 желтоқсан 2013 жыл
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Украина президенті Викт ор Янукович. Мәскеу, 17 желтоқсан 2013 жыл

Украина президенті Виктор Янукович Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинге екі елдің стратегиялық әріптестігі кеңи түсуі керек деп мәлімдеді.

Виктор Янукович желтоқсанның 17-і күні Мәскеуде өткен кездесу кезінде Владимир Путинмен Украинаның экономикасына қолдау көрсету мәселелерін талқылады.

"Бүгін сіз екеуміз қол қоя алмаған келісімдер қалса, бірге жұмыс істей беру үшін оған да жуыр уақытта қол қоюға тиіспіз. Әсіресе, екіжақты сауда қарым-қатынасы стратегиялық маңызы зор сала" деді Янукович.

Украина мен Ресей президенттерінің Мәскеудегі келіссөздері Киевтегі наразылық шаралары толастамай тұрған уақытта өтіп жатыр. Жүздеген мың украиналықтар президент Виктор Януковичтің Мәскеудің қысымына бола Еуропа Одағымен арадағы маңызды саяси және сауда келісім-шарттарына қол қоюды кейінге қалдырғанына қарсы.

Еуропа Одағына қосылуды жақтайтын украиналық белсенділер 17 желтоқсан күні Киевтегі Тәуелсіздік алаңына қайта жиналу туралы үндеу тастады. Олар Янукович Мәскеудегі кездесу кезінде Украинаны Кеден Одағына қабылдау шарттарын пысықтап жүр деп қауіптенеді.

ГАЗДАН ҚЫСУ

Желтоқсанның 17-і күнгі кездесуде Путин Януковичке екі елдің арасындағы аса нәзік мәселелерді шешуге қатытсты алға басу бар деген пікір айтты.

"Бұл - алдын-ала жоспарланған үкіметаралық кеңес. Екі ел арасындағы нәзік мәселелерді шешуде алға басамыз деп үміттенем. Украинаның Ресей үшін стратегиялық әріптес екеніне еш күмән жоқ" деді Путин.

Янукович Ресейден қарыз ақша және арзан газ сұрайды. Кездесудің басында-ақ ол газ келісімін сөз етті.

"Мен арамыздағы дәстүрлі газ мәселесінен аттап кете алмаймын. Украинаға "Газпром" ұсынған бағдарламасы бар және украиналық "Нефтегаздың" бұған қатысты көзқарасы бар. Сіз екеуміз олардың келіссөздеріне килікпейміз деп үміттенем. Екі жаққа да тиімді шешім қабылданады деп сенем" деді Янукович.
Украинадағы қысым көрсеткіші төмен, бос газ құбыры. Көрнекі сурет
Украинадағы қысым көрсеткіші төмен, бос газ құбыры. Көрнекі сурет

Янукович өткен айда Вильнюсте өткен Еуросаммит кезінде Украина ЕО-мен жақын әріптестік туралы келісім-шартқа қол қойса, Ресеймен экономикалық байланыстары тарылып, елдің экономикасы қатты зардап шегер еді деген ойын айтты.

Украина қазір әлсіз экономикасын аман сақтап тұру үшін 10 миллиард АҚШ доллары шамасындағы қарызға мұқтаж. Ресейдің қаржы министрлігі бұл туралы келіссөз жүріп жатқанын растады, ал украиналық дерек көздері Ресейдің 15 миллиард АҚШ долларына дейін қарыз бере алатынын айтты.

Ал Брюссельдің осыған дейін Украинаға ұсынған ең көп қаржылай көмегі 838 миллион АҚШ доллары.

Желтоқсанның 16-сы күні Брюссельде ЕО сыртқы істер министрлері Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровты ЕО мен Украина арасындағы тығыз қарым-қатынас Киев пен Мәскеудің байланыстарына қатер төндірмейді деп сендіруге тырысқан.

ЕО сыртқы істер басшысы Кэтрин Эштон ЕО Киевпен әріптестік келісіміне қол қоюға әзір күйде қала беретінін мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG