Accessibility links

Ауғанстан үшін болған шайқас


Ауғанстаннан шыққан совет жауынгерлерін қарсы алу шарасы. 1986 жылдың қазаны.

Ауғанстаннан шыққан совет жауынгерлерін қарсы алу шарасы. 1986 жылдың қазаны.

Ресей неге совет-ауған соғысының тарихын қайта қарағысы келеді? Бұл туралы Азаттыққа америкалық сарапшы әңгімелеп берді.

Ресей мемлекеттік думасындағы «Единая Россия» фракциясы басшысының орынбасары Франц Клинцевич осыдан 25 жыл бұрын шыққан «СССР халық депутаттары съезінің «Ауғанстанға совет әскерін кіргізу моральдық және саяси тұрғыдан қате шешім болды» деген ұйғарымын ресми түрде қайта қарау керек» деп мәлімдеді.

Бұған әлі күнге ауған жерінде соғысып жатқан, совет-ауған соғысында СССР-ге қарсы астыртын әрекет еткен АҚШ мемлекетінің сарапшысы қалай қарайды?

Ал Ресей мемлекеттік думасындағы «Единая Россия» фракциясы басшысының орынбасары Франц Клинцевичтің айтуынша, «совет әскері отан қорғап қана қоймаған, ислам радикализмінің бүкіл әлемге таралып кетуіне қарсы тұрған, демек олар бүкіл әлемге көмек қолын созып, интернационалдық парызын өтеген».

Ресей депутатының бұл пікіріне Рейган әкімшілігінде және 1980-жылдары Пентагонда «ауған мәселесі» бойынша басшылық қызметтер атқарған Эли Краковский қарсы уәж айтады.

Біз ауған интервенциясын СССР-дің экспансиясының жалғасы деп түсіндік. Бұл жолы ол Пәкістанға қарай, ал болашақта әрі қарай мұнайға бай Парсы шығанағы аймағына құлашын жайып бара жатты.

– Совет Одағы «біздің солдаттар Ауғанстанда интернационалдық парызын орындап жатыр» деп мақтанышпен хабарлады. Бірақ сол кезде де, қазір де Пентагондағылар бұған мән берген емес. Қазір қарасақ, біз сол кезде Мәскеудің Ауғанстанға ықпалын біртіндеп арттырғанын, оны одақтастан «кіші әріптеске», одан соң вассалға айналдырғанын байқаймыз. Сондықтан, солай жалғаса бергенде, мұның соңы елді отарлаумен аяқталатынын болжау қиын емес еді. Біз ауған интервенциясын СССР-дің экспансиясының жалғасы деп түсіндік. Бұл жолы ол Пәкістанға қарай, ал болашақта әрі қарай мұнайға бай Парсы шығанағы аймағына құлашын жайып бара жатты. Бұл «стратегиялық шапқынның» басты нысанасы Парсы шығанағы болды. «Интернационалдық парыз» туралы әңгіменің бұған қандай қатысы бар екенін білмеймін. Уақыт өткеннен кейін оқиғалардың қалай болғанын айтып, өзіңді ақтауға әрекет жасап көруге болады, бірақ ол тарихи спекуляция ғой, - дейді сарапшы.

«КРЕМЛЬ АУҒАНСТАНДЫ ТЕЗ БАСЫП АЛАМЫЗ ДЕП ОЙЛАДЫ»

Краковскийдің айтуынша, Кремль әскери күш қолданбастан, гегемонияға ұмтылатын радикалдық ислам қаупін дипломатиялық жолмен-ақ сейілтуге қауқарлы болған. Бұған Ауғанстанға әскер кіргізерден сәл бұрын Иранда билікке келген шейіт режимімен жақсы қарым-қатынас орнатуы дәлел бола алады.

Әскерилер партизандарға қарсы соғыстың стратегиясын айқындауға біраз уақыт жұмсады. Сөйтіп, олар ақыр соңында армияны қолдану туралы ұйғарымға келді.

– Басында Кремльдегілер Ауғанстанда 1968 жылғы Чехословакия оқиғасын қайталап, қарсылық танытушылардың барлығын жылдам әрі қантөгіссіз басып тастаймыз деп үміттенді. Тек кейіннен ғана олар бұл жолы ондай жеңістің болмайтынын, ауғандардың оңайлықпен тізе бүкпейтінін түсінді. Әскерилер партизандарға қарсы соғыстың стратегиясын айқындауға біраз уақыт жұмсады. Сөйтіп, олар ақыр соңында армияны қолдану туралы ұйғарымға келді. Тек сол кезде ғана ауғандықтардың [СССР-ге] қарсылық көрсетуге дәрменсіз екенін көрген Рейган әкімшілігі амалсыздан оларға көмек беру керек деген шешім қабылдады. Дегенмен олар үнемі ең қажет көмек түрлерін көрсетіп отыра алған жоқ, - дейді сарапшы.

«ТАЛИБАНДЫ КҮШЕЙТКЕН – АҚШ ЕНЖАРЛЫҒЫ»

Сарапшы Краковскийдің айтуынша, Кремль насихатшылары «Батыс ықпал ету аймағын бөлісу туралы СССР-мен ымыраға келудің орнына, жағдайды ушықтырып, радикалдық исламның пайда болуына жағдай жасады» деген пікірді қайталауға құмар.

Ахмад Шах Масудты 2001 жылы қыркүйек айында өлтіріп кетті. (Көрнекі сурет)

Ахмад Шах Масудты 2001 жылы қыркүйек айында өлтіріп кетті. (Көрнекі сурет)

– Біріншіден, Совет Одағының 1970-жылдардағы жасаған қитұрқы әрекеттерінен соң олармен әлемді бөлісу жөнінде келісімге келу мүмкін болмай қалды. Екіншіден, Совет Одағының Ауғанстанға басып кіруіне Конгрестегі демократтар да, республикашылдар да бірдей қарсы болғанына қарамастан, моджахедтерге көмектесу өте қиын шаруа болды. Америка көзсіз әрекет етті деген – өтірік сөз. Америка ұзақ уақыт бойы қол қусырып қарап отырды. Картердің тұсында да, Рейганның тұсында да сөйтті. 1984-85-жылдары іске кіріскенде әкімшіліктің өз ішінде ырың-жырың басталды, бұл тиісті ведомстволардың арасындағы үйлесімді азайтып, шешім қабылдауды қиындатып жіберді. Пентагондағы біздің өзіміз [Совет Одағына] қарсыласып жатқан ауғандықтарға әркелкі қарадық. Радикалдарға көмектескіміз келмеді. Біздің адамымыз Ахмад Шах Масуд болды. Мемлекеттік департамент пен Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) «СССР бір кіріп алған жерінен ешқашан кетпейді, біз аралассақ, оларды жаңа экспансияға итермелейміз» деп, Ауғанстан мәселесіне мүлде араласқысы келмеді. Біздің қаруымыз кімнің қолына түсетіні оларға (Мемлекеттік департамент пен Орталық барлау басқармасын айтады – ред.) бәрібір болған сияқты. Қару тасымалдау құпия түрде жүргізілетіндіктен, бұл ЦРУ құзырындағы шаруа болды, - дейді Краковский.

Оның айтуынша, «Вашингтондағы мемлекеттік мекемелердің Ауғанстан мәселесіне жүрдім-бардым қарағанының бір белгісі – совет армиясы бұл елден кете салысымен, үлкен Буш пен одан кейін билікті қолға алған әкімшіліктер Ауғанстан туралы қыркүйектің 11-і болған терактіге дейін мүлде ұмытып кеткен. Базбіреулер айтып жүрген «АҚШ-тың ислам фундаменталистерін қолдауы» емес, дәл осы немқұрайдылық «Талибан» қозғалысының «Әл-Қаидамен» ауыз жаласып, радикалдардың Ауғанстанда билікке келуіне мүмкіндік берген».

«ТАЛИБАНДЫ» ЖАСАҒАН – ПӘКІСТАН

Сарапшының пікірінше, «Талибанның» күшеюіне Пәкістан арнайы қызметі ықпал еткен. «Талибан» - Исламабад ойлап тауып, Ауғанстанға енгізген «жаңалық». Краковский «Үндістанмен ерегесте «стратегиялық ұтысқа» шығу үшін Ауғанстанды фундаменталистік мемлекетке айналдыру жоспарының ессіздік екенін пәкістандықтарға талай айтқанмын, бірақ олар сөзіме құлақ аспады» дейді.

«Талибан» - Исламабад ойлап тауып, Ауғанстанға енгізген «жаңалық».

Краковскийдің сөзіне қарағанда, «ЦРУ кәсібі бір болғандықтан, Пәкістан арнайы қызметтерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бірақ олар Ахмад Шах Масудты жақтырмағандықтан, оны АҚШ барлаушылары да ұнатпаған. Америкалықтар Шах Масуд туралы «ол адамдарды сотсыз өлтіре беруге бейім» деген лақаптарға сенген. Масуд туралы бұл сөздер шын болған жағдайда, Рейган оған АҚШ қаруын жеткізуді бірден тоқтататын еді. Пентагон мен ЦРУ арасындағы дау-дамайдың қатты болғаны сонша, олардың айтыстары кабинеттен қоғамдық форумдарға шығып кеткен».

Сондай соңғы даудың бірі жеті жыл бұрын Вашингтондағы Вудро Вильсон зерттеу институтында болған. Ол жолы Краковский ЦРУ-дің Пәкістандағы резидентімен айтысып қалған. Ол Краковскийге «совет армиясымен соғысып жатқан қарулы оппозиция арасында ешқандай идеологиялық жік болған жоқ, барлық қарулы топтар – бір ғана исламистік ағым, сіздің досыңыз Масуд та солардың ішінде» деп айғайлаған.

Пентагон мен ЦРУ арасындағы дау-дамайдың қатты болғаны сонша, олардың айтыстары кабинеттен қоғамдық форумдарға шығып кетті.

АҚШ сарапшысының айтуынша, ЦРУ Ауғанстандағы партизандық қозғалыстардың арасындағы айырмашылықтарға бас қатырғысы келмеген. АҚШ қару-жарағы шекараға жеткізілген соң ЦРУ оларды діттеген жеріне жеткізуді Пәкістанның арнайы қызметіне тапсыра салып отыра берген. Қарудың кімнің қолына тигенін қадағаламаған. Ал ол қару зайырлы мемлекет құруды қолдайтын топтарға емес, фундаменталистерге беріліп тұрған. Сондықтан да зайырлы мемлекет құруды қолдайтын топтар «Талибан» және «Әл-Қаидамен» соғысқанда жеңіліп қалды.

ОБАМАНЫҢ ШЫДАМСЫЗДЫҒЫ

Эли Краковский 2001 жылғы АҚШ-тың Ауғанстанға әскер кіргізу шешімін қолдаған. Сол пікірінен әлі тайқымапты:

– Стратегиялық тұрғыдан бәрі дұрыс жасалды. Бірақ біз бұл миссияны саяси тұрғыдан дұрыс орындай алмадық. Үшінші әлем елдеріндегі әскери саланың дамуы – өте ұзақ әрі ауыр жұмыс. Ал Обама басқа Америка саясаткерлеріне тән шыдамсыздықпен 2009 жылы-ақ «бес жылдан кейін Америка Ауғанстаннан кетеді» деп мәлімдеп жіберді. Бұл «Талибанды» әскер шығаруды жеделдету үшін одан сайын белсене әрекет етуге итермеледі. Қарсыластың әрекеттері оншалық сәтті бола қойған жоқ, ал америкалықтар мерзімінен бұрын кетпеді. Дегенмен кететін уақыт жақындаған соң, олар да шабуылдарын сиретті. Бірақ қазір «Талибан» қозғалысының ауған армиясымен соғыса алатын шамасы бар. Ауғанстаннан әскер шығарылғаннан кейін мұнда қалатын америкалық кеңесшілердің саны өте аз. Олар ауған қарулы күштерінің әскери қуатын дәл исламшыл топтарға тойтарыс беретіндей дәрежеде арттыруға қауқарсыз. Ауғанстаннан кететін күн жақындап келеді. Осы асығыстық кесірінен Пентагон таңдаулы әскери бөлімдерді толық дайындықтан өткізудің орнына әскерге жаңадан алынған сарбаздарды бір мезетте топ-тобымен жеделдетіп оқыту сияқты нәтижесі шамалы жұмыспен айналысып жатыр, - дейді Краковский.

Тарихты қайта қарауға келсек, «Ресей тарихын болжай алмайсың» деген әзіл бар. Бұл сөздің Батысқа да қатысы бар. Әрине фактілер өзгермейді, бірақ тарихты қайта қарай салу оңай.

(Евгений Ароновтың мақаласын орыс тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG