Accessibility links

Кремль өз жетімдері туралы көп айтпайды


Жетім орыс қызы Аленаны асырап алған америкалық Уитни Олсон мен Дэк Литтл. Мәскеу, 21 қаңтар 2013 жыл. Көрнекі сурет
Жетім орыс қызы Аленаны асырап алған америкалық Уитни Олсон мен Дэк Литтл. Мәскеу, 21 қаңтар 2013 жыл. Көрнекі сурет

Техаста қайтыс болған ресейлік асыранды баланың өлімінен соң, бала асырап алу мәселесі АҚШ пен Ресей ара-қатынасындағы күрделі проблемаға айналды.

Бұл жанжалға байланысты айтылатын деректер әртүрлі. Мәліметті салыстырып қарағанда шетелден бала асырап алу үрдісі қазір АҚШ-та бәсеңдеген. Бірақ жалпы алғанда бала асырап алған ата-аналардың жетімдерді жәбірлеуі сирек кездеседі.

Есімін Макс Шатто деп өзгерткен ресейлік Максим Кузьмин атты бала өзін асырап алған техастық америкалық ата-анасының қолында қаза тапты. Оның өлімі АҚШ-Ресей арасындағы бала асырап алу мәселесінің алдыңғы қатарға шығуына себеп болды.

«2000 БАЛА ҚАЙДА?»

Баланың өлімі әлі де тексеріліп жатыр, бірақ Ресейдегі мемлекеттік думаның бірнеше депутаты наразылық танытып америкалық ата-аналардың қолындағы жетімдерді Ресейге қайтару жайлы Кремльге өтініш түсірген.

Осыған орай мәлімдеме жасаған ресейлік жетім балалардың құқығына жауапты өкіл Павел Астахов: «Бұл соңғы 11 жылда америкалық ата-ананың қолында қайтыс болған ресейлік 20-бала» деп мәлімдеді.

Ол мәлімдемесін растайтын ешқандай құжат көрсетпесе де, оның қолында осыған қатысты мәліметтер болған сияқты. Себебі АҚШ азаматтарына асырап алуға берілген жетім балалар әлі де Ресей азаматы саналатындықтан АҚШ-тағы кез-келген өлім фактісі Ресей консулдығы мен елшілігіне хабарланып отырады.
Техаста шетінеген 3 жасар Макс Шато (Максим Кузьмин)
Техаста шетінеген 3 жасар Макс Шато (Максим Кузьмин)

Астаховтың айтуынша, Кузьминнің өліміне қатысты істі Техастың құқық қорғау органдары Ресейдің билік өкілдеріне хабарлаған. АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігі берген ақпаратта «АҚШ үкіметі мен Техастағы жергілікті билік органдары Хьюстондағы Ресей консулымен бірлесе қимылдап, Макстың бауырларына консулдықпен хабарласуға жағдай жасады» деген.

Ресей өкілі бала асырап алу бағдарламасын бюрократиялық аппараттың табанының астына салып бергенге ұқсайды. «Консулдык берген құжаттағы жетім балалардың саны мен Ресейден АҚШ-қа өткен жетім балалардың санын салыстырып қарасаңыз, сәйкес келмейді» деді ол.

Астахов: «Соңғы он жылда Ресей АҚШ-қа асырап алуға бала беру кезінде 2000-ға жуық сәби ізім-ғайым жоғалған. Жоғалған 2000 баланың тағдырынан біз бейхабармыз. Олар тірі ме, әлде оларды өлтіріп тастады ма, я бақытты өмір сүріп жатыр ма, ол жағын біз білмейміз» деген.

Бірақ 2000 сәби туралы деректің қайдан шыққаны белгісіз.

Кузьминнің өлімі соңғы кезде АҚШ-та өмір сүріп жатқан ресейлік жетім балаларға қатысты басталған көп даудың бірі ғана.

СЫРТТАН БАЛА АСЫРАУШЫ АМЕРИКАЛЫҚТАР САНЫ КҮРТ АЗАЙДЫ

Америкалықтардың Ресейден бала асырап алуына тыйым салған жаңа «Дмитрий Яковлев» заңы 2013 жылы күшіне енді. Дмитрий Яковлев – 2012 жылы Вирджиния штатында ата-анасы 9 сағат бойы көлік ішінде қамап кетудің салдарынан қайтыс болған ресейлік жетім бала.

Қазір жетімдер мен жетімдер үйіне байланысты, Ресей мен АҚШ арасындағы бала асырап алу мәселесіне қатысты туған дауға байланысты нақтылынбаған деректер көп.

Ресми мәлімет бойынша АҚШ-та шеттен бала асырап алу қарқыны бәсеңдеген. Бірақ жалпы алғанда америкалық ата-аналардың арасында асырап алған баланы жәбірлеу фактілері жиі кездеспейді.
АҚШ азаматтарына бала асырауға тыйым салатын заңға қарсы ресейліктер шеруі. Мәскеу, 13 қаңтар 2013 жыл
АҚШ азаматтарына бала асырауға тыйым салатын заңға қарсы ресейліктер шеруі. Мәскеу, 13 қаңтар 2013 жыл

АҚШ үкіметінің ақпараты бойынша 2011 жылы америкалықтар басқа елдерден 9319 сәби асырап алған. Ресейден келген балалардың саны – 962. Олардың үштен екісінің жасы үшке толмаған. Соңғы жеті жылда америкалықтардың Ресейден бала асырап алу көрсеткіші басқа да шет елдерден бала асырап алу қарқынымен бірдей күрт азайған.

2008 жылы америкалықтар шет елдерден 17500 бала асырап алған. Олардың 1800-ден астамы ресейлік сәбилер. 2008 жылы бүкіл АҚШ бойынша асырап алынған жетімдер саны 136 000. Осы сандарға қарап-ақ шетелдерден асырап алынған балалар санының қатты азайғанын білу қиын емес.

Ақпанның 19-ы күні «Московское время» басылымы былай деп хабарлады:

«Балаларды жәбірден қорғау ұлттық қоры мемлекеттік статистика қызметіне сілтеме жасай отырып мынадай мәлімет берген. 2011 жылы ресейлік ата-аналар асырап алған жетім балалардың 24-і қайтыс болған. 2006 жылы 82 асырап алынған бала өлсе, 2009 жылы 105 бала көз жұмған».

«ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕТІМДЕР»

Ресей үкіметінің ресми статистикасы бойынша (2011 жылы) Ресейде 82 мың тұл жетім өмір сүреді. Ата-ананың қарауынсыз өсіп жатқан сәбилер саны 654 000. Журналист Ховард Амос АҚШ пен Ресейдің арасындағы бала асырап алуға қатысты жанжалды саралай келе мынадай дерек келтірген. Ата-ананың қарауынсыз өсіп жатқан ресейлік балалардың 78-80 пайызы шын мәнінде ата-анасы тірі «әлеуметтік жетімдер». Олардан не әкесі, не шешесі бас тартқан. Ресейліктер АҚШ халқы сияқты баланы көп асырап алмайды. Жаңағы дерек көзіне қарағанда 2011 жылы бүкіл Ресейде 11000 жетім жаңа отбасымен қауышқан. Ресей үкіметінің берген ақпараты бойынша бұл елде 2011 жылы балалар құқығын таптау бойынша 137 000 оқиға тіркелген.
Дондағы Ростов қаласындағы жетімдер үйінің бірінен көрініс. 19 желтоқсан 2012 жыл
Дондағы Ростов қаласындағы жетімдер үйінің бірінен көрініс. 19 желтоқсан 2012 жыл

АҚШ-тың статистикалық орталығы сияқты Ресей үкіметі де бала асырап алушы ата-аналарды көптен айырып алып жеке мәлімет бермейді. 2011 жылы балаларды жәбірледі деген баппен сәбилерді әртүрлі себептермен қарауына алған өгей ата-аналар мен туыстардың үстінен 66 рет қылмыстық іс қозғалған. «Балалардың денсаулығына зақым келтіргені үшін» осындай топқа жататын 60 адамның үстінен іс қозғалған. Ресейде 2010 жылы осындай оқиға 94 рет қайталанса, 2009 жылы ондай жайт 105 рет тіркелген.

Тұтас қарағанда Ресейде баланы асырап алушы ата-ананың жетім баланы жәбірлеуі сирек кездеседі. Мұндай оқиғалар АҚШ-та одан да аз. Жәбірлеуге мынадай әрекеттер жатады: дұрыс емдемеу, күтімін жасамау, ас-ауқаты мен оқуына мән бермеу, қол жұмсау, психологиялық қысым көрсету және жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу. 2011 жылы АҚШ-та жәбірден көз жұмған балалар өлімінің 0,7 пайызына ғана асырап алған ата-аналар жауапты болып шыққан.

Бірақ ресейлік саясаткерлердің АҚШ-та көз жұмған жетім балалар туралы мәліметтерді бадырайта көрсетуге тырысуы бұл мәселені жан-жақты талқылауды қиындата түседі. Қолда бар деректер көпшілік жетім балалардың амандығын айғақтап тұрса да, бұдан былайғы уақытта ресейлік жетім балалардың америкалық ата-аналардың отбасынан пана табу мүмкіндігі де қатты тарыла түскен сияқты.

(Мақала Зак Питерсонның материалы негізінде әзірленді)
XS
SM
MD
LG