Accessibility links

Мигранттар орталығындағы өзбек әйелдері шағымданды


Мәскеудегі шетелдік азаматтарды қамау орнында отырған адамдар.
Мәскеудегі шетелдік азаматтарды қамау орнында отырған адамдар.

Ресейдің Мәскеу облысындағы шетел азаматтарын уақытша қамау орталығында отырған мигрант әйелдер зорлық көргендерін айтқан.

Мәскеу облысындағы шетел азаматтарын уақытша қамау орталығындағы мигрант әйелдердің аса ауыр жағдайын Азаттықтың Өзбек қызметіне хабарлаған әйел адам оны сол орталықта отырған туысынан естігенін айтады.

«Мұның бәрін естігелі ұйқым қашты. Ол жерде әйелдерді бөлек ұстайды екен, олардың жағдайы мүшкіл көрінеді. Маған әйелдерді зорлайтынын айтты. Менің танысым туыстарынан келген сәлемдемені алу үшін сыртқа шыққан кезде өзі сияқты жас келіншекті жолықтырған. Әлгі келіншек оған орталықта не болып жатқанын асығыс-үсігіс жылап тұрып айтыпты. Ол танысыма «жағдайымыз мүшкіл, көмектесіңізші, мұнда қыз-келіншектерді зорлайды» депті. Ол өзін үш ер адам саяжайға апарып зорлағанын айтыпты. Ол әйелдерге көмектесіңіздерші!» дейді ол.

Азаттық тілшісі хабарласқан адам арқылы қазір туыстары Мәскеу облысы Троицк ауданындағы шетел азаматтарын уақытша ұстау орталығында отырған бірнеше өзбекстандықпен телефон арқылы сөйлесті. Аты-жөнін айтпауды жөн санаған өзбекстандық екі ер адам мигранттарға арналған орталықтағы мұндай жағдайлар туралы естігенін айтты.

Арнайы қабылдау орнында отырған әйелдердің жағдайы қиын екені анық.

– Бірақ қолымызда нақты ақпарат жоқ, өйткені әлгі әйелдерді ешкіммен жолықтырмайды. Оған рұқсат етпейді. Бірақ арнайы қабылдау орнында отырған әйелдердің жағдайы қиын екені анық. Көбінің қолында жұмыс істеуге рұқсат қағазы жоқ болғандықтан оларды ұстап әкетіп, ірі көлемде айыппұлдар салған. Енді олар сол айыппұлдарды ғана төлеп қоймай, Өзбекстанға қайтар жолына билетке де ақша табуы тиіс. Байғұс әйелдердің ақшасы да, соңынан іздеп келетін адамы да жоқ, сондықтан орталықта айлап тұрып жатыр. Билетке ақша табу үшін және айыппұлды төлету үшін оларды жұмысқа жегіп қойған. Қазір олар резеңке галош шығаратын зауытта жұмыс істейді, – дейді Ресейдегі өзбекстандық еңбек мигранттарының бірі.

Тілшімен сөйлескен тағы бір өзбекстандық гастарбайтер қызы бір айдан бері мигранттар орталығында отырған Әндіжанның егде тұрғынын жолықтырғанын айтты.

Оларға макарон ғана береді. Ешкіммен жолықтырмайды әрі жеке-жеке ұстайды.

– Қызына салған 13 мың рубль айыппұлды төлейтін ақша табу үшін ол кісі бір ай жүгірді. Әлгі адамның айтуынша, орталықта отырған қыздардың жағдайы мүлде мүшкіл, тамағы да өте нашар. Оларға макарон ғана береді. Ешкіммен жолықтырмайды әрі жеке-жеке ұстайды. Байғұс әйелдер мүшкіл халі туралы ешкімге айта алмайды, – дейді өзбекстандық мигрант.

Азаттықтың Өзбек қызметі Мәскеу облысы Троицк ауданындағы шетел азаматтарын уақытша ұстау орталығындағы мигрант әйелдерді «зорлау» жайлы мәлімдемелерін растайтын нақты дәлелдер немесе ресми жауап тапқан жоқ, бірақ бұған қатысты тексеруін бастады.

XS
SM
MD
LG