Accessibility links

Ресейдегі түріктер жұмыссыз қалудан қорқады


Түркия елшілігі алдындағы наразылық шарасы. Мәскеу, 25 қараша 2015 жыл.

Түркия елшілігі алдындағы наразылық шарасы. Мәскеу, 25 қараша 2015 жыл.

Ресейде құрылыс жұмыстары күрт көбейген кезеңде келіп, кәсіптерін жолға қойған ондаған мың түрік азаматы енді Анкараның Ресей ұшағын атқаны үшін жапа шегуі мүмкін.

Қарашаның 24-і күні, Сирия шекарасына жақын жерде Түркия қарулы күштері Ресейдің Су-24 ұшағын атып түсірді. Мұнан соң Ресей билігі ашу-ызаға ерік берді. Осының кесірінен Ресейдегі түріктер қорқынышты түс көргендей өмір сүріп жатыр. Миграциялық полиция құрылыста жұмыс істеп жатқан Түркия азаматтарын тұтқынға алды, салық полициясы мұндағы Түркия зауыттарына жоспардан тыс тексерістерін жиілетті.

Наразылық шеруіне шыққан жұрт Түркия елшілігіне тас лақтырып жатыр. Мәскеу, 25 қараша 2015 жыл.

Наразылық шеруіне шыққан жұрт Түркия елшілігіне тас лақтырып жатыр. Мәскеу, 25 қараша 2015 жыл.

Жүздеген ашулы ресейліктер Түркия елшілігі жанына жиналып, терезесіне тас лақтырды. Түріктер «полицияның қысымынан жасқанып, метроға жоламайтын болдық» дейді.

Көбі құрылыста жұмыс істейтін 90 мыңға жуық Түркия азаматы қысымның күшейгенін бірден байқады. Өйткені, Кремльдің Анкарамен араздасуының салқыны Ресейдегі Түркия азаматтары өмірінен бірден білініп жатыр. Оқиғадан төрт күн өткенде - қарашаның 28-і күні президент Владимир Путин Ресейдің «ұлттық қауіпсіздігін» күшейтіп, Ресей азаматтарын «қорғауға» арналған бірқатар шараларға қол қойды.

Онда Ресей мен Түркия арасындағы визасыз режимді жою, чартерлік рейстерге тыйым салу, ресейлік компаниялардың жобаларына түрік азаматтарын қатыстыруға тыйым салу қарастырылған.

Тіпті бұл санкциялар тікелей әсер етпейтін салалардағы түрік азаматтары да екі елдің арасындағы кикілжіңнің ызғарын сезіп отыр. Түркия компанияларына жабдық сататын ресейлік құрылыс компаниясында жұмыс істейтін 34 жастағы Умуттың (ер адам – ред.) Мәскеудегі «дәурені» аяқталған тәрізді. Ол 10 жылдан астам уақыт Ресей астанасында «өз үйіндей өмір сүрді» және Анна есімді орыс әйелі мен бір жасар Роман атты ұлы бар. Роман - Ресей азаматы.

Умут әйелі туралы «Ол қорқып жүр, не боларын білмейді. Ол осында қаламыз, Рома осы елде өседі деп ойлаған еді, бірақ енді мұнда болашағым бар деп ойламаймын. Алдағы жарты жылда немесе келесі жылы кетуді ойластыру керек» дейді.

Олардың Ресейде әлі қанша уақыт тұратыны Ресей президенті Путиннің санкцияларының қауқарына байланысты болмақ. Ұшақ ату оқиғасының анық-қанығы әлі талқыланып жатыр, бірақ екі мемлекет те өз уәждерінен қайтар емес. Ресей премьер-министрінің орынбасары Игорь Шувалов қарашаның 30-ы күні «жыл соңына дейін жасалған құрылыс келісімшарттарына тимейміз» деді, сондықтан Умут тағы «Ресейде тағы бір жыл жүретін сияқтымын» деп үміттенеді.

Бірақ «Азаматтық көмек» (Civic Assistance) үкіметтік емес ұйымында миграциялық мәселелер бойынша қызмет ететін жетекші құқық қорғаушы Светлана Ганнушкина «санкциялардың қалай іске асатыны әзірше түсініксіз болып тұрғанын, бірақ бұдан ары Ресейдегі түріктердің болашағы жоқ екенін» айтады.

Светлана Ганнушкина.

Светлана Ганнушкина.

Ол «Түріктердің бәрі елден кетуге мәжбүр бола ма деп қорқамын. Заңды түрде не болатынын білмеймін, бұл тұрғыда алғанда көп нәрсе түсініксіз, бірақ нақты тәжірибе қуантып тұрған жоқ» дейді.

Бомбалаушы ұшақты атып түсіргеннен бері ресейлік шекарашылар «визасыз режим қаңтардың 1-не дейін қалады» деген күннің өзінде көптеген түріктерді Ресейге кіргізбей қойды. Ганнушкинаға осы аптаның басында бір танысы Будапештте тұратын жас түрік әйелдің шекарадан қайтарылғанын айтып шағымданған.

Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Ресейде тұратын түріктер саны 200 мыңға жетеді» деді. Түріктерге тұрмысқа шыққан ресейлік әйелдер Ресей президентінен көмек сұрап, онлайн-петицияға қол қойды. Желтоқсанның 2-сі күні 4 мыңға жуық қол жинаған құжатта олар «заңға қайшы келмеген түрік отбасыларының елдегі жұмыс орындарын сақтап қалуын, Федералдық миграциялық қызметтің оларға қарсы негізсіз айыптар ойлап табуын тоқтатуын және мемлекеттік БАҚ-тағы түріктерге қарсы кампанияны доғаруды» сұрады.

Көптеген түрік компаниялары қарашаның 30-ы күні Парижде өткен климаттың өзгеруіне қатысты БҰҰ саммитінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Владимир Путин кездесіп, дағдарысты реттейтін шығар деген үмітпен жұмыстарын уақытша тоқтатқан еді. Бірақ екі елдің басшылары кездеспеді.

Анкара «ұшаққа бірнеше рет ескерту жасап барып аттық» дейді, ал Мәскеу «Су-24 ешқашан Түркия әуе шекарасын бұзбады» деп мәлімдеді. Мәскеу екі айдан бері Сирия үкіметіне қолдау көрсетіп, «терроршылар орналасқан» деп саналатын аймақты атқылап жатыр. Ресей қаза тапқан ұшқышын жерледі, оны майдан шебіне парашютпен түскен кезінде көтерілісшілер атса керек. Пилот пен штурманды құтқармақ болған ресейлік тағы бір әскери қызметкер де қаза тапты.

Ұшақ дауы кесірінен Ресейдегі түрік бизнесі жапа шегіп, Түркия бұл елдегі құрылыс саласында жетекші рөлінен айырылатын тәрізді. Тәжірибелі түрік компаниялары 15 жыл бұрын, Путин билігінің бастапқы кезеңінде, Ресейде құрылыс жанданған кезде осылай қарай ағылды. Бұл кезде мұнай бағасы күрт көтеріліп, қолма-қол ақшамен есептесу мүмкіндігі көп еді.

Түрік компаниялары Мәскеудені құрылыс жұмыстарының әжептәуір бөлігін атқарды. Түркиялық үлкен компания Renaissance Construction Ресейдің қаржы орталығы «Москва Ситиде» зәулім үй тұрғызды. Ал Умут «Ұшақ жарылған кезде жұмыс тоқтады. Қазір жұмыс істеп жатқан жоқпыз» дейді.

Соңғы бірнеше жыл бойы Умут Ресейдегі түрік компанияларымен байланысы арқасында құрылыс жабдықтарын сататын ресейлік құрылыс компаниясына миллиондаған еуро пайда табуға көмектесті. Оның клиенттері қазір сауданы тоқтатқан, өзі де қазір жұмыссыз отыр.

Ресейге Түркиядан әкелінетін жемістер. Мәскеу, 1 желтоқсан 2015 жыл.

Ресейге Түркиядан әкелінетін жемістер. Мәскеу, 1 желтоқсан 2015 жыл.

Мәскеуде бұрыннан тұрып келе жатқан 34 жасар Мустафа (ол да толық аты-жөнін айтқысы келмеді) бірнеше жыл бойы түркиялық құрылыс жабдықтарын Ресейге әкеп жүрді. Ресей шекарашылары жабдықтарды бері өткізбей, аласапыран жағдай орнағаннан бері ол да жұмыссыз қалған.

Ересек адам ретінде қызмет жолын Ресейде бастаған Умут қоныс аударуға құштар емес. «Егер мен Түркияға барсам, ештеңе істей алмаймын. Түркияда мұндай қызметтерді білікті мамандар атқарады. Мен Мәскеуге қолайлы уақытта келгендіктен, осы кәсіпті жолға қойған едім. Енді кафе ашатын шығармын. Қолымнан келетіні сол ғана» дейді ол.

Мәскеудегі түрік эмигранттары түріктерге қарсы ашу-ызадан қорыққандарын, қоғамдағы жағдай 2014 жылғы украиналықтарға деген өшпенділікті еске түсіретінін айтады.

Оны қоғамдағы түрлі жағдайлардан байқай аласыз. Саратовтағы жергілікті басылым «Түрік тандыры» (Turkish Tandoor) мейрамханалар желісі атауындағы«Түрік» деген сөзді плакатпен жауып тастады» деп жазды. Ресейдегі түріктер осындай жайттарға қатты алаңдап отыр.

Түркияның Измид қаласынан келген 29 жастағы инженер-механик Жан қазір метроға кірмеуге тырысады, өйткені ол «полиция Орталық Азия еңбек мигранттарын тінткендей менің де құжатымды тексеретін шығар» деп сескенеді. Жанның достарының бірін жақында такси жүргізушісі көліктен қуып шығыпты. Досы «ұлтың кім» деген сұраққа шынын айтқан екен.

Кремльдегі адам құқықтары жөніндегі кеңестің төрағасы Михаил Федотов желтоқсанның 1-і күні Түркияға қарсы ашулы пікірлерді доғаруды талап етті. Бұл жайында «Интерфакс» агенттігі хабарлады. Ол «Мен Ресей әскери ұшағын атқаннан кейін туған ашу-ызаны толық түсінемін, бұл - қылмыс және трагедия, бірақ ол бүкіл түріктерді жек көруге себеп бола алмайды» деп мәлімдеді. Ердоған мен Путин арасындағы қақтығыс құрбанына айналған түрік азаматтары екі басшыны да айыптайды.

Умут Ресей 2018 жылы футболдан әлем чемпионатын өткізген кезде жаңа құрылыс жобаларын бастап, түрік компанияларына деген ашу-ызасын тарқатар деп үміттенетінін айтты. «Бірақ Путин қайта тыйым салуы да мүмкін. Путин де Ердоған тәрізді диктатор ғой» дейді ол.

Том Бэлмфордтың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG