Accessibility links

Ресейдің Қырымдағы «жеңісінің» соңы не болмақ?


Ресей президенті Қырымдағы Симферопольға барған сәт. 9 мамыр 2014 жыл.
Ресей президенті Қырымдағы Симферопольға барған сәт. 9 мамыр 2014 жыл.

Кремльдің Украинадағы саясаты жеңіске жету сияқты көрінеді. Бірақ алдағы бірнеше жылда жағдай мүлдем басқаша болып өзгеруі мүмкін.

2013 жылдың күзінен бастап Ресейдің Украинаға қарсы жүргізген агрессиялық саясаты Мәскеуді жерге қаратпады. Киевтің Еуропаға қосылу туралы жоспары талқандалды. Ресей стратегиялық тұрғыда маңызды Қырым түбегін өзіне қосып алды.

Ресейшіл сепаратистер Шығыс Украинадағы жағдайды ушықтырып, Киевтегі биліктің легитимділігіне күмән келтірді. Солайша Мәскеудің одан ары Украина ісіне араласуына жағдай жасады.

КҮМӘНДІ ЖЕҢІС

Бірақ Батыс елдері күш біріктіріп, ұзақ уақыт қысым көрсетсе, осы тактикалық жеңіс Владимир Путин үкіметін шығынға ұшыратуы мүмкін.

Брюссельдегі Carnegie Europe орталығының директоры Ян Течаудың сөзінше, Ресей өз-өзіне зиян шектірген. «Ресейдің шынайы, сенімді одақтастары өте аз қалды. Тіпті бұрын сеніп, оны қорғап келгендердің өзі енді оның шын келбетін көрді» дейді сарапшы.

Течаудың пікірінше, Украина оқиғасынан соң Ресей халықаралық деңгейде оқшауланып қалады.

Ал Сан-Франциско университетінің халықаралық қатынастар бойынша профессоры Андрей Цыганковтың пікірінше, «Путиндік Ресей осы мәселеге төтеп бере ала ма, жоқ па – ол жағы әлі белгісіз».
Ресейдің Қырымды аннексиялауына қарсы белсенділер. Мәскеу, 15 наурыз 2014 жыл
Ресейдің Қырымды аннексиялауына қарсы белсенділер. Мәскеу, 15 наурыз 2014 жыл

«Оның бәрі Путин құрған мемлекеттің өзін өзгерте алу қасиетіне байланысты. Ол функционалдығын арттырып, жемқорлықты азайтып, дамуға қажетті ресурстарды жұмылдырып, нәтижесінде экономиканы оң жолға түсіре ала ма – соған байланысты. Қазір Ресей экономикасы баяу дамып жатыр, соны белсенді ету қолынан келе ме екен» дейді ол.

Ресейге АҚШ пен Еуропа, басқа да ірі экономикалық ұйымдар санкция салды. Егер Батыс ресейлік экономиканың барлық секторына Иранға салғандай санкция салса, ұзақ мерзімді шығынның ақыры аянышты болады дейді Течау.

Бұдан да маңыздысы, Украинадағы дағдарыс Батысты ресейлік энергетика саласына тәуелді болмау жолдарын іздеуге итермеледі. Течаудың айтуынша, «бұл бірнеше айларға, тіпті жылдарға созылатын оқиға, бірақ ол жүзеге асқан кезде Ресей орасан зор шығынға ұшырайды».

ҚЫТАЙ КӨМЕККЕ КЕЛЕ МЕ?

Ресей Батысқа жауап ретінде экономикасының біраз бөлігін шығысқа бағыттауға тырысып жатыр. Премьер-министр Дмитрий Медведев Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Мәскеудің Тынық мұхит аймағынан сауда және инвестиция бағытында әріптес іздейтінін айтты.

«Бір апта бұрын мен министрлер мен ірі компания жетекшілерімен кеңес өткізіп, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ынтымақтастық болашағы туралы кеңестім. Ол әсіресе, Қытайға қатысты. Бұл – біз үшін өте маңызды, сауда мен инвестиция тұрғысынан болашағы зор ынтымақтастық» деді Медведев.
Қытай президенті Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин. Шанхай, 21 мамыр 2014 жыл.
Қытай президенті Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин. Шанхай, 21 мамыр 2014 жыл.

Мамырдың 21-і күні Қытайға сапар жасаған Ресей президенті Владимир Путин табиғи газын Қытайға сату мәселесін түбегейлі шеше алмады. Әлі күнге дейін мәміленің ұсақ-түйек мәселелері шешіліп жатыр.

Келісім бойынша Ресей Қытайға жылына тек 38 миллиард текше метр газ сатады. Ресей 2012 жылы Еуропаға 139 миллиард текше метр газ сатқан еді. Газдың бағасы туралы мәлімет жарияланбады, қауесетке қарағанда әр 1000 текше метр газға 350 доллар деп келісілген. Бұл газды өндіруге кететін шығын құнына жақын, мемлекеттік қазынаны қамтамасыз ету үшін артық пайда түспейді. Тіпті бұның бәрін есепке алмаған күнде, газ тек 2018 жылдан бастап сатылатынын айтсақ та жеткілікті.

ДАМУ ҮЛГІЛЕРІ

Ресейдің Батыс елдерінен саяси және экономикалық тұрғыда оқшаулануға ниет білдіргені бұрынғы президенттер Борис Ельцин мен Дмитрий Медведевтің «жаңа-либералдық жаңарту» саясатынан бас тартқанын көрсетеді дейді профессор Андрей Цыганков.

Путин «жаңа меркантильдік жаңарту» жолымен жылжитын тәрізді. «Бұл ел Путин әзірлеген жұмыс істемейтін тетігі бар әрекетсіз мемлекетті қолдай ма, әлде Қытай үлгісінде әрекет ете ме?» деген сауал қояды Цыганков.

«Украина үшін Батыспен керісіп қалған Путин Ресейдің экономикалық элитасын активтерін шетелге шығарудан бас тартқызып, елде қалдыруға мәжбүрлей алады» дейді ол.
Мәскеудегі Путинге қарсы шеру. 15 наурыз 2014 жыл.
Мәскеудегі Путинге қарсы шеру. 15 наурыз 2014 жыл.

Дағдарыстың кесірінен Ресей биылғы жылдың алғашқы тоқсанында-ақ капиталдың сыртқа кетуінен зардап шекті. Цыганков «Қытай үлгісіндегі модернизация Ресей экономикасын әскерилендіруге ықпал етуі мүмкін» дейді. Қазір әскери шығын мемлекеттік шығынның 30 пайызын құрап тұр, советтік кезеңде 40 пайыз болатын. Цыганков бұл тенденцияның қауіпті екенін айтады.

«Бұл әскери-стратегиялық маңызға ие. Егер Ресей өзін Қытай немесе АҚШ-пен салыстырса, ол әскеріне инвестиция салуға тиіс. Бірақ экономикалық тұрғыда оған шамасы жетпейді» дейді сарапшы.

Ресей орталық банкі төрағасының орынбасары Сергей Шевцовтың мамырдың 20-сы күні жасаған мәлімдемесі Цыганковтың сөзін растай түсетін сияқты. Шевцов Қырымды қалпына келтіру үшін 2014 жылы мемлекеттік зейнетақы қорына салынған қаржыдан 200 миллиард рубль алынғанын айтып, «алдағы жылдары мұндай жағдай қайталанбауға тиіс» деген.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСҚА ӘСЕРІ

Мәскеудің Украинаға қатысты саясаты халықаралық қарым-қатынастарға әсер етіп, басқа ұйымдардың арасына да жік салды. Еуропа Одағы (ЕО) пен НАТО-ның байланысы шиеленісіп, Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) тиімділігі аз екенін көрсетті. Бірақ ЕО Украинадағы жағдайға қарап, Молдованың одақ қатарына өтуін тездетуге күш сала бастады.

Олар Ресей мен Украина арасындағы ірі шиеленісті талқылаудан бас тартқан ТМД ұйымын жарамсыз деп таныды. Оның үстіне Ресей басқаратын Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының (ҰҚШҰ) да Мәскеудің Қырымды аннексия жасауына қатысты дауды реттеуге шамасы жетпеді.

Украина дағдарысы Ресей жетекшілік ететін Кеден Одағы мен Еуразия Одағы жобаларына да ықпал етті. Кеден Одағы экономикалық ұжым ретінде жұмыс істеп тұр, бірақ одақ мүшелері Қазақстан мен Беларусь Ресейдің алаңын тудыратын саяси мәлімдемелер жасады.

Ресейлік тарихшы Андрей Зубов Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында Путиннің әрекеті кезінде Еуропа жарамсыз етіп тастаған халықаралық қарым-қатынас жүйесін қайта құру сияқты екенін айтты. «Путин 19-ғасырдағы сияқты шағын халықтарды бір мемлекетке біріктіруді көздейді. Бірақ Еуропа ешқашан да ондай болмайтынын біледі» дейді тарихшы.

Ал Течау Ресейдің «Украинаға жасаған амалы Кремльдің пайда мен шығын туралы талдауында болжанған шығар» деп топшылайды. Ол «Украинадағы дағдарыс ЕО мен НАТО сияқты ұйымдар арасында сызат бар екенін көрсетті, сондықтан Путин өзін ақтап алады» деп санайды.

Бірақ бұның бәрі тактикалық жеңіс ғана. «Батыс елдері, ашық қоғам, демократия ақыры бағытын түзетеді. Бұл оларға түрткі болды. Кремльдің қысқа мерзімді жеңісі Батыс қоғамының ұзақ мерзімге нығаюымен, күшеюімен өтеледі. Солай болатынына сенімдімін» дейді сарапшы.

(Азаттық тілшісі Роберт Коалсонның мақаласын аударған – Динара Әлімжан).
XS
SM
MD
LG