Accessibility links

«Табылған» Путин өсек жайлы да айтты


Ресей президенті Владимир Путин. Санкт-Петербург, 16 наурыз 2015 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин. Санкт-Петербург, 16 наурыз 2015 жыл.

Жұртқа көрінбей кеткен Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербургте Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесті. Бұл кездесуде Путиннің денсаулығы да сөз болды.

Наурыздың 16-сы күні Ресей президенті Владимир Путин Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевты Санкт-Петербургтегі Константин сарайында қарсы алды. Бұл - наурыздың 5-інен бері жұрт көзіне ілінбегені денсаулығына қатысты әртүрлі қауесетке себепкер болған Путиннің он шақты күннен бері көпшілік алдына алғаш шығуы.

Кездесу барысында екі ел басшылары сауда-экономикалық әріптестігі жайын, Қырғызстанның Еуразия экономикалық одағына енуі мәселесін талқылаған. Атамбаев Қырғызстанның 9 мамырға қарай одаққа толықтай мүше болатынына сенім білдірген. Ал Путин Қырғызстанды одаққа біртіндеп енгізу қажет екенін, "мақсат - Қырғызстан экономикасын Ресей, Қазақстан, Беларусь экономикасына бейімдеу" екенін айтқан.

ПУТИННІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Кездесу кезінде Алмазбек Атамбаев Владимир Путиннің денсаулығының жақсы екенін мәлімдеді.

- Қазір ғана Владимир Владимирович мені көлікпен территорияны аралатып шықты, рөлде өзі отырды. Мен мұны өсек болмас үшін айтып отырмын, - деді Қырғызстан президенті.

Алмазбек Атамбаев өзі туралы да өсектер жиі тарайтынын айтып, "өсек тарату жақсы нәрсе емес" екенін де сөз арасында ескерте кетті. Ал Владимир Путин әріптесінің бұл сөзіне орай «өсек болмаса, қызықсыз болып қалады ғой» деді.

Ресей президенті соңғы рет журналистер алдына наурыздың 5-і күні шыққан. Содан бері ол қатысатын кездесулер кейінге қалып келген еді. Оның 12 наурыз күнгі Қазақстанға жоспарланған сапары да шегерілген.

Наурыздың 11-і күні Reuters агенттігі Қазақстан үкіметіндегі аты-жөнін атамаған адамға сілтеме жасай отырып, оның "Сапар кейінге қалды, Путин науқас сияқты" деген пікірін келтірді. Ал Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұны жоққа шығарып, екі ел басшылары өзара келісіп, кездесуді кейінге қалдырғанын айтқан.

Бұған дейін австриялық Kurier басылымы Путиннің Мәскеуге келген австриялық ортопедтерден ем қабылдап жатқанын хабарлаған. Газеттің жазуынша, президенттің белі ауырады. Бірақ газет дәрігер мен ақпарат көзін атамаған. Кремль бұған қатысты сұрақтарды да жауапсыз қалдырған.

Наурыздың 15-і күні ресейлік "Дождь" телеарнасы Владимир Путиннің бірнеше күннен бері көпшіліктің алдына шықпауына сырқаттанып қалуы себеп болған деп хабарлаған. Өз дереккөздеріне сілтеген телеарна ақпараты бойынша, Путин сол кезде Ресейдің Новгород облысында Валдай көлінің жағасындағы резиденциясында болған. Ал президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Путин тұмауратып қалған ба?» деген сауалға жауап берілмейтінін айтқан.

Владимир Путиннің науқас екендігі жайлы ақпарат 2012 жылдың күзінен бастап баспасөзде айтылып келеді. Дәл сол кезде Reuters агенттігі Ресей үкіметіндегі белгісіз ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, Ресей президентінің омыртқасы ауыратынын, оған операция жасау қажет екенін жазған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG