Accessibility links

Үйде отырған әйел «сатқындық» бабымен айыпталды


Светлана Давыдова мен күйеуі және балалары.

Светлана Давыдова мен күйеуі және балалары.

Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Вязьма қаласында тұратын үй шаруасындағы әйелді Украина елшілігіне телефон соққаны үшін «мемлекетке сатқындық жасады» деп тұтқындады.

2015 жылдың 21 қаңтары күні таңертең ФСБ қызметкерлері Смоленск облысындағы Вязьма қаласының тұрғыны – үй шаруасындағы әйел Светлана Давыдованы тұтқындаған. Оған Ресей Федерациясы қылмыстық кодексінің 275-бабы бойынша «мемлекетке опасыздық жасады» деген айып тағылған. Давыдова былтыр сәуір айында Мәскеудегі Украина елшілігіне телефон соғып, үйінің қарсы бетінде орналасқан әскери бөлімнің бос қалғанын хабарлаған. Ол «бөлімдегі әскери қызметшілерді Ресей-Украина шиеленісі болып жатқан аймаққа жөнелткен сияқты» деген болжам айтқан.

Оқиғаға қатысты мән-жайды қамауға алынған әйелдің күйеуі Анатолий Горлов Азаттықтың Орыс қызметіне толық баяндап берді.

– 2015 жылы қаңтардың 21-інде таңғы сағат 8:15-те үйге «мазамызды алды деп көршілеріңіз шағымданды» деген уәжбен учаскелік инспектор келді. Бірақ таңертеңгі уақытта балалар әлі ұйықтап жатқан, үйде біреудің мазасын алатындай ешқандай шу болған жоқ. Есікті ашып едік, ФСБ-ның жедел әрекет ету жасағы кіріп келді. Олар үйдегі компьютер, техника, бүкіл жазбаларды алып кетті. Әйелімді тұтқындаған кезде ештеңе деп түсіндірген жоқ. Бірақ қаңтардың 26-сы күні маған Ресей ФСБ тергеу басқармасына қарасты бірінші бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі, әділет полковнигі Михаил Свинолуптың қолы қойылған ресми жауап келді. Онда: «2015 жылдың 21 қаңтарында сағат 11:35-те жұбайыңыз Давыдова С.В. «РФ қылмыстық кодексінің 275-бабында қарастырылған қылмыс жасады» деген күдікпен РФ қылмыстық кодексінің 96-бабының 1 бөлімі-талабына сәйкес ұсталғанын ескертеміз. Оның қамауда отырған орны туралы қосымша хабарлаймыз...»деп жазылған.

Светлана Давыдова мен екі айлық баласы.

Светлана Давыдова мен екі айлық баласы.

– Ал қазір Светлана Владимировнаның қай жерде қамауда отырғанын білесіз бе?

– Иә, білемін. Қазір ол Лефортово қорғаны, 5-үйде орналасқан Лефортово тергеу абақтысында отыр. Кеше заттарын беріп жібердім. Әзірше әйеліммен жолықтыруға рұқсат берулерін тағайындаған адвокат арқылы сұрап жатырмын. Оның айтуына қарағанда, әйеліммен келесі аптада жолықтыратын сияқты.

– Ал бұлтартпау шарасын белгілеу туралы сот болды ма?

– Кеше тергеушіден қаңтардың 22-сі күні Мәскеу қаласы Лефортово аудандық соты әйелімді тергеу абақтысында қамауда ұстау туралы шешім шығарғанын хабарлағанхат келді. Тергеушінің айтуынша, сот әзірше екі айға қамауды ұйғарған.

– Тергеушімен жолықтыңыз ба?

– Оны көрдім, бірақ мән-жайды өзі де айтпады, мен де сұрамадым.

– Бұл айыптаудың мән-жайынан хабарыңыз бар ма?

– Әйеліме «Украина елшілігіне телефон соғып, әлдебір құпия позицияны хабарлап қойған» деген айып тағылғанын білемін.

– Ал жұбайыңыз әлдебір құпия мәліметтерді білуші ме еді немесе олармен танысатындай рұқсат қағазы бар ма еді?

– Жоға! Әйелімнің жоғары экономикалық білімі бар, училище, техникумды, тоқыма және жеңіл өнеркәсіп институтын үздік дипломмен бітірген әрі аспирантурада оқыған. Бірақ ешқандай әскери білімі жоқ, ешқандай рұқсат қағазы да жоқ. Керек десеңіз, ол «Урал» көлігін «ГАЗ» көлігінен айыра алмайды. Сондықтан бала күтіміне байланысты демалыста отырған көп балалы әйел терезе арқылы қандай құпия мәліметтерді біліп алуы мүмкін екенін ұқпаймын. Шынымды айтсам, тіпті ақылға қонбайды.

– Ал сот тағайындаған адвокат не дейді?

– Адвокат ештеңе айтпайды. Әйелімнің киім-кешегі сияқты заттарын апарып беруге ғана уәде етті. Ол «мына бап бойынша тағылған айып ауыр, кемі 12 жылға, тіпті 25 жылға дейін соттауы мүмкін» дейді.

– Адвокат пен тергеушінің ым-жымы бір деген ой келмеді ме?

– Тіпті, білмеймін. Меніңше, тергеу, мемлекет өзіне тиімсіз адвокатты тағайындамайды.

– Ал өзіңіз адвокат жалдаған жоқсыз ба?

– Әзірше іздеген жоқпын. Біз тыңшылықпен айналысатын әлдебір топ емес, Ресейдің бір түкпірінде тұратын қарапайым жандармыз ғой. Сондықтан қандай адвокат керегін де білмейміз.

​– Ал пәтеріңіздің терезесі шынымен де әскери бөлім орналасқан жаққа қарай ма?

– Пәтеріміздің терезесінен әскери бөлімнің бір бөлігі, аумағы көрінетіні рас. Бірақ ол әскери бөлімді Google Maps-тен іздесе, кез келген адам көре алады ғой. Тіпті біздің терезеден де жақсы көре алады.

Google Maps: Давыдова тұратын көшенің арғы бетіндегі әскери бөлім

1-ya Boznya, 75, Vyazma, Smolenskaya oblast', Russia, 215113
1-ya Boznya, 75, Vyazma, Smolenskaya oblast', Russia, 215113

– Әлдебір бөлімнің Украинаға аттанып жатқанын терезеден қарап қалай анықтауға болатыны түсініксіз екен...

– Қайдағы анықтаған! Меніңше, ол Украина елшілігіне эмоциялық қызбалықпен телефон соққан. Бөлімнің бос қалғанын көріп, өзінше бірдеңені долбарлап, адамдар текке қырылмасын деп ойын айта салған ғой. Украинада этникалық украиндардан бөлек орыстар да, басқа ұлттар да тұрады. Бәріміз адамбыз ғой! Ал қазір болып жатқан жағдай тіпті масқара!

Оның аңдиын деген ойы болған жоқ, ешқандай елдің арнайы қызметіне жалданған жоқ, сатып жіберетіндей құпия мәліметтерге ешқандай қатысы жоқ. Маршруттық таксиде келе жатқанда біреумен телефон арқылы сөйлесіп отырған әскери қызметшінің әңгімесін кездейсоқ естіп қалып, күнделігіне жазып алған. Тінту хаттамасында «РФ қарулы күштеріне қарасты бас тергеу басқармасының әскери қызметшілері дүйсенбі күні «жеке шаруам бар» деген желеумен өз есебінен әрі азаматтық киіммен Мәскеу қаласына барады. Қару-жарақты сол жерде алуды жоспарлайды. Сайлауға дейін болып, ал ары қарай жағдайға байланысты көрмек. Мүмкін, бұл ақпарат украиналықтардың өмірін және елдің тұтастығын сақтап қалуға көмектесер» деп 2014 жылы 24 сәуірде күні қолмен жазылған жазба табылды» деп көрсетілген.

Светлана Давыдова балаларымен бірге отыр.

Светлана Давыдова балаларымен бірге отыр.

– Яғни жұбайыңыз соғысқа қарсы позициясын осылай білдірген сияқты ғой. Ол Ресейдің Украина территориясындағы соғысқа қатысқанын қаламай ма?

– Иә, қаламайды. Ол Украина территориясындағы соғыс қана емес, бейбіт адамдар қырылатын кез келген соғысқа қарсы әрі орыс халқын әлдебір шиеленіске ұрындырады деп қауіптенеді. Бірақ үндемей қалмай, бұл пікірін достарына да ашық айтып, көшеде де біреулермен дауласқан.

– Мүмкін, жұбайыңыздың соғысты қаламайтын ашық позициясы біреулердің қитығына тиген болар?

– Бұл да мүмкін. Міне, тінту хаттамасын оқысам, тәркілеп алып кеткен күнделігінде (оны «ақ түсті парақтағы машинамен терілген жазулар бар» деп сипаттаған): «Мен – көп балалы анамын. Заң күшейіп, адамның ойын ашық білдіру құқығы шектеліп барады. Ерте ме, кеш пе отбасым ашықтан-ашық зорлық-зомбылыққа тап болуы мүмкін. Қазір Украинада жүрген бандиттер зұлымдығын Ресейге келіп жалғастырады» деген үзінділер бар. Әйелімнің күнделігін ақтармаппын, бірақ олар «Егер Укрианада халық үшін күрессе, Ресейде Путин халықпен күреседі» деген жазбаны да тауып алды.

– Демек, әйеліңіздің позициясынан хабардар екенсіз ғой. Ал өзіңіз соғысқа қарсысыз ба?

Ресейге Путиннің өзінен басқа ешкім опасыздық жасап отырған жоқ.

– Әрине, қарсымын! Екеуіміздің позициямыз ұқсайды, бұл жағынан әйелімді қолдаймын. Мен де соғысқа қарсымын. Ресейдің қазіргі басшылығы елді басқаруға мүлде лайық емес деп есептеймін! Мұны ашық айтудан қорықпаймын. Лайық емес! Мына әурешілігі, мына әрекеті Ресейдің беделіне нұқсан келтіреді. Ресейге Путиннің өзінен басқа ешкім опасыздық жасап отырған жоқ. Мен осыны айтқым келеді. Меніңше, Қырымды бөліп алу сияқты әрекеттер өзін «алып, ұлы ел» санайтын елге лайықты қылық емес.

– Өзіңіздің мамандығыңыз қандай, қанша балаңыз бар?

– Соңғы кезде әр түрлі шаруамен айналысқанмын. Жеке меншік күзет кәсіпорындарында жұмыс істегенмін. Жеті баламыз бар, кіші қызым екі айлық. Әйелім бала күтіміне байланысты демалыста. Мен әлгі қызметкерлерге «Емізулі баласы бар әйелді қалай әкетіп бара жатырсыңдар?» дедім. Ал олар: «Балаларды бағып-қағамын деп қолхат бер, әйтпесе қамқоршылық органы қызметкерлерін шақырып, балаларыңды тартып аламыз. Екінің бірін таңда» деді. Әрине, балаларымды қалай беремін. Бірақ анасын екі айлық баласынан айырып алып кетті...

– Енді не істемек ойыңыз бар?

– Тәуелсіз адвокат табуға тырысамын, жұртқа, таныстарға шындықты айтамын. Жариялылықты қару етемін, онсыз халық азаттыққа жете алмайды.

Светлана Давыдованы қорғауға тағайындалған адвокат Андрей Стебнев Азаттық тілшілеріне қылмыстық кодекстің 275-бабы бойынша іс қозғалғанын растап, «Светлана телефон соғуға болмайтын жерге хабарласып, айтуға болмайтын нәрсені айтып қойғандықтан» зардап шегіп отырғанын мәлімдеді.

Оған «мемлекеттік құпияға жататын деректерді жариялап, мемлекетке сатқындық жасады» деген айып тағылып отыр.

– Оған «мемлекеттік құпияға жататын деректерді жариялап, мемлекетке сатқындық жасады» деген айып тағылып отыр. Қорғаныс министрлігінің алдын ала жасаған ұйғарымына сәйкес солай деп тапты. Бұл деректердің қаншалықты құнды екенін анықтау үшін әлі сараптама жасалады, оның ендігі тағдыры сол сараптама нәтижесіне байланысты шешіледі. Бұл бап бойынша 12 жылға соттау қарастырылған.

​– Қорғаушы тарап қандай амалдар жасамақ? Светлана көп балалы ана ғой.

– Емізулі баласы бары, әрі балалары кішкентай екені ескеріледі. Ал болған жайтқа қатысты айтарым, ол телефон соғуға болмайтын жерге хабарласып, айтуға болмайтын нәрсені айтып қойған. Біздің айбынды органдарымыз оның айтқандарын талдап, қорғаныс министрлігінің «бұл мемлекеттік құпияға жататын әрі Ресей қауіпсіздігіне зиян келтіретін мәліметтер» деген ұйғарымымен келісті. Сондықтан 275-бап бойынша іс қозғалды.

– Светлананың Лефортово абақтысындағы жағдайы қандай?

– Көңіл-күйі жақсы. Еңсесін түсірмей, өзін мықты ұстап отыр. Жаным ашып, қолымнан келгенше көмектестім. Ол жерде ешкім қысым жасап жатқан жоқ, тергеуші де биязы кісі, тергеу заңға сәйкес жүріп жатыр.

ФСБ-ның Мәскеудегі Лефортово тергеу абақтысында Украина азаматтары Юрий Солошенко мен Валентин Выгивский «тыңшылық жасады» деген айыппен отырғанын Азаттық бұған дейін хабарлаған еді. Олардың қамауда екенін әлеуметке қоғамдық бақылау комиссиясы мүшесі, журналист әрі құқық қорғаушы Зоя Светова жариялаған. Ол «Украинадағы жағдайға байланысты Ресейде шпиономания дерті қайта қозып келеді, мұның кезекті дәлелі – ФСБ-ның Светлана Давыдоваға қарсы ойдан шығарған ісі» деп болжайды.

Қазір 2000 жылдардың басындағы шпиономания заманына қайта оралып келе жатқандайыз.

​– Қазір біз 2000 жылдардың басындағы шпиономания заманына қайта оралып келе жатқандайыз. Ол кезде «тыңшылықпен айналысқан» ғалымдар ісі шу болған, енді жанталасып Украина тыңшыларын іздеуге кірістік. Бұл болжамымның растығына Лефортово түрмесінде Полтовадағы «Знамя» деген әскери зауыттың бұрынғы директоры, 73 жастағы Юрий Солошенко мен 32 жастағы қарапайым кәсіпкер Валентин Выгиевскийді кездестіріп қалғанда көзім жетті. Екеуін «Украина пайдасына тыңшылықпен айналысты» деп айыптайды. Бір-бірінің ісіне мүлде қатысы жоқ бұл істер маған сандыраққа құрылған істер сияқты көрінеді. Кезінде Сутягин, Данилов, Валентин Моисеевтің істері сияқты тыңшыларға қатысты процестердің де мән-жайын жақсы білемін. Қазіргі жауымыз Украина болғандықтан, оның «тыңшыларын» табу керек болды, ал «тапқан» түрлері – мынау. Күйеуінің айтқандарына қарағанда, Светлана Давыдованың басындағы жағдай тіпті ақылға қонымсыз. Солженицынның повестерінің бірінде Америка елшілігіне телефон соққан бір адамды соттайтыны есіңізде ме? Бізді қырғи-қабақ соғыс заманына қайта апара жатқан сондай оқиғалар қазір де болып жатыр.

...Бұл оқиға Александр Солженицынның «Тозақтың алғашқы айналымы» («В круге первом») романында баяндалатын сюжетке ұқсағанымен, маңызды бір айырмасы бар. Роман кейіпкері Иннокентий Володин Америка елшілігіне телефон соғып, дипломаттарға Сталиннің тапсырмасымен ұрланған Америка атом бомбасының құпиялары әлемді апатқа душар етуі мүмкін екенін ескертеді. Ал қазір ФСБ тергеушілері үй шаруасындағы әйел Светлана Давыдованың Украина елшілігіне соққан телефонын жасырын тыңдап алып, «Отанға опасыздық жасау» ісін қозғап отыр. Олар Владимир Путин режимі Ресей азаматтарынан мұқият жасырып отырған, бірақ бүкіл әлемге аян істі - Ресей әскерилерінің көрші елдің территориясындағы Донбаста соғысып жатқаны туралы «құпияны» - жария етіп жібергенін тіпті түсінбей де қалған сияқты.

Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG