Accessibility links

Ресей орыс тілділерге азаматтықты тез бермек


Ресей паспорттары. (Көрнекі сурет)
Ресей паспорттары. (Көрнекі сурет)

Ресей шетелден келген орыс тілді тұрғындарға азаматтық беруді жеңілдету жолдарын қарастырып жатыр. Бірақ ол заң негізінен білікті мамандар мен кәсіпкерлерге арналатын тәрізді.

Азаматтық туралы заң жобасына енгізілген түзетулерге сай орыс тілді шетелдік азаматтар Ресей төлқұжатын үш айдың ішінде алатын болады. Осылайша олар ұзақ әрі күрделі рәсімнен құтылады.

Наурыздың 6-сы күні заң жобасын таныстырған премьер-министр Дмитрий Медведевтің айтуынша, Ресей империясы немесе Совет Одағы аймағында өмір сүрген орыс тілді азаматтар тұрақты тұруға рұқсат алмай-ақ, Ресей азаматтығын бірден алуға қақылы болады.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
Медведевтің бұл мәлімдемесі депутаттарды таңғалдырды. Бірақ енді бұл ұсынысты Ресей парламенті жеке заң жобасы ретінде талқылайды.

Бұл заң Ресей Федерациясына шетел аймақтарын қосып алуды да жеңілдетпек. Яғни Украинаның Қырым түбегінің Кремльге қосылуын оңайлата түседі.

Мұндай заңды Қырым депутаттарының көбі тілеп отырған. Наурыздың 16-сы күнгі референдумды ұйымдастырушыларға да бұл заң ұнайды.

Бірақ сарапшылардың пікірінше, жаңа заң Ресейге ағылатын иммигранттарды көбейтуден гөрі, Орталық Азия елдерін білікті мамандардан айыруы мүмкін.

«МИГРАНТТАР ҚЫЗЫҒЫП ОТЫР»

Орталық Азия елдерінің бірқатары Ресейдегі жоғары оқу орнын (ЖОО) бітірген мамандардың елден кеткенін қаламайды. Жаңа заң жобасы сондай мамандардың Ресейге кетуін немесе сонда жүргендерінің қалып қоюын оңайлатады. Біліктілігі төмен еңбек мигранттарын қабылдауға Ресей аса құлықты емес.

Жаңа түзетуге сәйкес, 2002 жылдың шілде айынан бергі кезеңде Ресей аумағында өмір сүрген, ресейлік мемлекеттік университетте оқыған, Ресей аумағында үш жылдан астам тұрған адамдар өтініш білдіруге қақылы. Ресейде үш жылдан артық уақыт кәсіппен айналысып, жылына 80 мың АҚШ доллары мөлшерінде пайда тапқан кәсіпкерлерге де азаматтық жылдам берілмек.

Премьер Медведев «азаматтық алу мүмкіндігі орыс тілді шетелдік азаматтар мен Ресейде тұратын азаматтығы жоқ адамдарға беріледі» деді. Бірақ жеңілдіктер білікті мамандарға жасалатынын ескертті.

Қырымның орыстілді тұрғындары Ресей туын ұстап, шеруде тұр. Севастополь, 6 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қырымның орыстілді тұрғындары Ресей туын ұстап, шеруде тұр. Севастополь, 6 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
«Біз туысқандары мен өздері Ресейде тұрған және төңкеріске (1917 жылғы Октябрь революциясын айтады – ред.) дейін Ресейге тиесілі аумақты мекендеген, Совет Одағы құрамында болған елдердің азаматтарын айтып отырмыз» деді Дмитрий Медведев.

Мәскеудегі «Етмос» тәжік мигранттары ұйымының жетекшісі Каримжон Йоров «заң жобасы әлі талқыланбаса да, Ресейде тұратын Орталық Азия елдері өкілдері оған айрықша қызығып отыр» дейді.

Оның айтуынша, мигранттар ұйымына «адамдар қоңырау шалып, заң жобасының өздеріне қатысты тұсын анықтауға тырысады». «Ресей азаматтығы оларға жақсы қызметке орналасуға, денсаулық сақтау қызметін пайдалануға мүмкіндік пен басқа да құқықтар береді. Олар Ресей азаматы атану үшін заң талаптарды орындауға әзір» дейді Йоров.

Ресей миграциялық қызметінің 2013 жылғы дерегінше, Ресейдегі 11 миллион 200 мыңдай мигранттың көбі - Орталық Азиядан келгендер. Олардың дені жоғары санатты мамандар емес, бірақ араларында 1 мыңға жуық ресей мен советтік ЖОО бітірген білікті мамандар бар.

«Тек Мәскеудің өзінде емханаларда қызмет ететін 500 тәжік дәрігері бар. Олардың әрқайсысы мүмкіндік туа қалса, Ресей төлқұжатын алуға ынталы. Ресей университеттерінде оқитын студенттеріміз де соны армандайды» дейді Йоров.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БІЛІКТІ МАМАНДАРЫНАН АЙРЫЛАДЫ

Ресейлік ақпарат құралдары дерегінше, 2013 жылы Ресей ЖОО-ларында 30 мыңнан астам қазақ және 11 мыңға жуық өзбек студенті оқыған. Йоровтың айтуынша, Ресейде 13 мың тәжік студенті де бар. Орталық Азия елдері жыл сайын жүздеген студентті Ресейге аттандырып, өздері оқытпайтын мамандықтарды меңгеруге жібереді.

Ресейдегі тәжік студенттері. (Көрнекі сурет)
Ресейдегі тәжік студенттері. (Көрнекі сурет)
Авиация, коммуникация мен ақпараттық технология саласы мамандықтарын Орталық Азия студенттері мемлекеттік квотамен оқиды. Бұл студенттер елдеріне оралып, кем дегенде үш жыл еңбек етуі тиіс.

«Олар оралғаннан көрі, айыппұл төлеп, Ресейде қалғанды, Ресей азаматтығын алғанды жөн санайды. Осының кесірінен еліміз жас әрі білікті мамандарын жоғалтады. Бірақ үкіметтің өзінен де бар - Тәжікстан, Қырғызстан сияқты елдерде болымсыз жалақыға ешкім еңбек еткісі келмейді» дейді Йоров.

Азаматтық беру туралы заң жобасына сәйкес, әуелі арнайы комиссия құрылып, өтініш иелерінің шын мәнінде орыс тілді адам екені тексеріледі. Шетелдік азаматтар Ресей төлқұжатын алған соң бұрынғы азаматтығынан бас тартуға тиіс.

Заң жобасы наурыздың 21-і күні депутаттар алдына түседі. Сол күні Ресей депутаттары федерация құрамына жаңа субьектілердің қосылуын жеңілдететін заң жобасын да талқылайды.

(Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG