Accessibility links

Ресейде билік ауысуының үш нұсқасы


Ресей президенті Владимир Путин мен премьер-министр Дмитрий Медведев (солдан оңға) Қызыл алаңда әскери парад басталар алдында. Мәскеу, 9 мамыр 2014 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин мен премьер-министр Дмитрий Медведев (солдан оңға) Қызыл алаңда әскери парад басталар алдында. Мәскеу, 9 мамыр 2014 жыл.

Ресей президенті Владимир Путиннің назардан «жоғалып» кетуі жайлы алыпқашпа әңгіменің таралуы жеке адамға негізделген авторитарлық саяси жүйеде биліктің ауысуы – ең күрделі мәселе екенін тағы бір көрсетті.

Владимир Путин билікке келген он бес жыл ішінде сырт әлемге есігі тарс жабық, жеке адам билігіне бағынатын, бәсекелестіктен ада иерархиялық жүйені қалыптастырды.

Сондықтан Ресейдегі қоғамдық пікірді зерттеген сауалнамалардың барлығы «Путинге тең келер балама жоқ» деген нәтижемен аяқталып жатады.

Егер Путин алдын ала ескертпестен, аяқ астынан саясат сахнасынан кетсе, жағдай қалай болады? Соңғы күндері болып жатқан оқиғалар, тіпті «осындай болуы мүмкін» деген қаңқу сөздің өзі тек Ресейде ғана емес, бүкіл әлемде қаншалық дүрбелең тудыратынын байқатты. Путин Ресейдегі тұрақтылықтың кепілі болса, ол биліктен кете қалған жағдайда елді тұрақсыздық жайлауы мүмкін бе?

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЖОЛ

Заң тұрғысынан қарағанда, Ресей президенті өз міндетін атқара алмаған жағдайда не болып, не қоятыны Конституцияда нақты жазылған. Ресей Конституциясының 92-бабына сәйкес, егер президент өз міндетін атқара алмаса, онда үкімет төрағасы (премьер-министр) президенттің міндетін уақытша атқарады да, үш айдың ішінде жаңа президент сайлауы өткізіледі. Бірақ, президенттің міндетін атқара алмайтындығы қалайша айқындалатыны анық жазылмаған.

Владимир Путин, Дмитрий Медведев, Борис Ельцин, Михаил Горбачев, Леонид Брежнев және Владимир Ленин бейнесіндегі қуыршақтар.

Владимир Путин, Дмитрий Медведев, Борис Ельцин, Михаил Горбачев, Леонид Брежнев және Владимир Ленин бейнесіндегі қуыршақтар.

Президент міндетін атқарушының Мемлекеттік думаны таратуға, референдум тағайындауға, Конституцияны өзгертуге қақысы жоқ.
Ресейдің сайлау заңына сәйкес, Мемлекеттік думада өкілдері бар «Единая Россия», КПРФ (Ресей Федерациясының коммунистік партиясы), ЛДПР (Ресейдің либерал-демократиялық партиясы), «Справедливая Россия» партияларының әрқайсысы президенттікке өз кандидаттарын ұсына алады. Ал басқа партиялар аз ғана уақыттың ішінде өз үміткерлерін қолдайтын 100 мың адамның қолын жинап, Орталық сайлау комиссиясына өткізгеннен кейін ғана кандидаттарын тіркей алады.

Демек, Владимир Путин күтпеген жерден биліктен кеткен жағдайда, Конституция бұлжытпай орындалса, онда премьер-министр Дмитрий Медведев Кремльге қайта оралып, үш айдың ішінде бәсекелі сайлау өтуі тиіс.

КОНСЕНСУС

Ресейде биліктің бұлайша заң шеңберінде ың-шыңсыз ауыса қоюы екіталай.

Совет заманында саяси тұлғалар сахна сыртында күресіп алып, ақыр соңында көпшілікке түсініксіз коммунистік жүйе ортақ бір үміткерді ұсынатын.

Бертінде президент Борис Ельцин зейнетке шығуды ұйғарғанда айналасындағылар ортақ бір консенсусқа келіп, Владимир Путинді оның ізбасары етіп шығарған еді. Содан соң олар Путинді сайлау үшін өздерінің қаржылық, әкімшілік және ақпараттық ресурстарын пайдаланған.

Ішкі қайшылықтарға қарамастан, Ельциннің төңірегіндегілер өздеріне ыңғайлы шешім қабылдауға келгенде бірауызды бола алатын. 1996 жылғы сайлау кезінде де олар осы сияқты ортақ консенсусқа ұйысқан еді. Сол кезде денсаулығы сыр беріп, ел ішінде беделі төмендеген Ельцинді қайта таққа отырғызуға олигархтар түгел ат салысқан.

КИКІЛЖІҢ

Ал егер Кремль айналасындағылар бір ауызды бола алмаса ше?
Путиннің тұсында саяси жүйе бір адамның төңірегіне топтастырылды, өзара қайшыласқан топтарды президенттің өзі «ажыратып», «татуластырып» отыратын болды. «Путиннен кейін не болады?» деген әңгімелердің барлығына президенттің өзі тосқауыл қойып келді.

Алайда, осыған дейін тізгінді тартып келген Кремль айналасындағы топтар Украина дағдарысы басталғалы ашық әрекетке көше бастаған. 27 ақпанда оппозиция серкесі Борис Немцовтың атып өлтірілуі бұл қайшылықты тіпті үдетіп жіберді.

– Қазір кландар арасындағы кикілжің тіпті өршіп кетті. Әрбір топтың өз мақсатын көздеп отырғаны анық, – дейді журналист-сарапшы Раф Шакиров.

Кландар арасындағы кикілжің тіпті өршіп кетті, әрбір топ өз мақсатын көздеп отырғаны анық

Оның айтуынша, ең басты текетірес Украина дағдарысы басталып, Ресейге санкция салынғалы бері күш алған «қырғилар» мен ел ішінде еркіндік орнап, батыспен араны жақсартуды қалайтын, экономика саласына жауапты «либералдар» арасында жүріп жатыр. Қандай жағдай болса да бірінші топ өз билігін сақтап қалу үшін аяусыз күреседі дейді Раф Шакиров.

– Жағдай қалыпқа келсе, ақырзаман орнамаса да, өз позицияларынан айырылып қалатындарын бұл топ жақсы түсінеді. Олар қазіргі қолында бар шексіз биліктен айырылып қалғылары келмейді, – дейді Шакиров.

Саяси сарапшы Марат Гельман да ең ықтималы – кикілжің сценариі деп санайды.

«Бұлар – заңсыздықтың дәмін татып, заңды белден басуға, кісі өлтіруге дағдыланып қалған адамдар» дейді ол Кремль төңірегіндегілер жайлы.

Роберт Коалсонның материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG