Accessibility links

Жириновский «ы» әрпіне шүйлікті


Ресей саясаткері Владимир Жириновский. Мәскеу, 5 қаңтар 2013 жыл.
Ресей саясаткері Владимир Жириновский. Мәскеу, 5 қаңтар 2013 жыл.

Әсіреұлтшыл ұрандарымен аты шыққан Ресей саясаткері Владимир Жириновский тағы бір оқыс мәлімдеме жасады. Бұл жолы ол орыс әліпбиіндегі әріпке жабысты.

Мигрант жұмысшылардан бастап терроризмге дейінгі түрлі тақырыптар бойынша шатақ мәлімдемелер жасап жүретін Владимир Жириновский енді орыс әліпбиіне тиісті.

«ЖИРЕНІШТІ АЗИЯДАН КЕЛГЕН СҰМПАЙЫ ӘРІП»

Даудың басы – шетелдіктер тілін бұрап әзер айтатын «ы» әрпі. Оны ағылшын тілінде «y» қарпімен белгілейді.

Жириновский «жиренішті Азиядан келген бұл сұмпайы әріпті» орыс әліпбиінен алып тастауды ұсынды.

Мемлекеттік думада сөйлеген сөзінде ол «ы» әрпі орыс тіліне моңғолдардан келген деді.

«МЫШКА» МА, «МИШКА» МА?
Владимир Жириновский (сол жақта) мен оның ұлы ЛДПР партиясының мүшесі Игорь Лебедев.
Владимир Жириновский (сол жақта) мен оның ұлы ЛДПР партиясының мүшесі Игорь Лебедев.

«Тек аңдар ғана «ы-ы» деп дыбыс шығарады» деген Владимир Жириновский оны «и»-мен алмастыруды ұсынды.

«Еуропаның бір де бір тілінде "ы" деген дыбыс жоқ. Осы бір сұмпайы азиялық дыбыс үшін еуропалықтар бізді жақтырмайды» деді ол.

Саясаткер көмейден шығатын бұл дыбысты «бұрыннан жек көреді» екен. Оның ұлы «кішкене кезінде бұл дыбысты айта алмаған».

«Бір күні ол маған «Әке, қарашы, анау «мишка» деді. Мен «аю ма?» деп сұрадым. Сөйтсем ол «мышка»-ны (тышқанды) айтып тұр екен» дейді Жириновский.

ҚАЗАҚ ПЕН ҚЫРҒЫЗ ӘЛІПБИІНДЕ ДЕ «Ы» БАР

Орыс және беларусь әліпбилерімен қоса «ы» әрпі кириллицаны пайдаланатын бұрынғы совет халықтарының ішінде қазақ және қырғыз тілдерінде жиі кездеседі.

Қазақ және қырғыз тілдерінде бұл дауысты дыбыс өте жиі қолданылатыны сондай, кейде бір сөзде бірнеше рет қайталанады. Мәселен, қазақтың "Ырыс алды – ынтымақ" деген мақалындағы үш сөзде «ы» қарпі бес мәрте аталады.

Қырғыздарда жиі айтылатын "Ырысы жоктун ырымы күч" деген мақалда да бұл дауысты дыбыс көп қолданылады.

«ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ОКРУГІ» ЖӘНЕ «СҮЙІСУ ТӘРТІБІ»

Адамның, тұтас бір халықтың ашуына тиетін мәлімдеме жасау Ресей либерал-демократиялық партиясы (ЛДПР) лидерінің бұрыннан бергі әдеті. Өткен айда ол «Орталық Азиядағы бес республика Ресей субъектісіне айналуы керек» деген пікір айтып, аталған аймақтағы кейбір елдер тұрғындарының наразылығын тудырды.

Алматыдағы Владимир Жириновский тұрған үй.
Алматыдағы Владимир Жириновский тұрған үй.
Қазақстанның Алматы қаласында дүниеге келген саясаткер «Ресейдің Орталық Азия федералдық округін құруды; округтің орталығы етіп Алматы қаласын белгілеп, оны «Верный» деп атауды» ұсынды. Орыс тіліндегі «верный» сөзі «сенімді» деген мағына береді. Ол - Алматының тарихи атауы.

Владимир Жириновский өткен айда Думада (Ресей парламенті – ред.) «адамдар сүйіспеуі керек, бір-бірін тек қана маңдайдан сүйсін» деген ұсыныс жасаған еді. Ол «сүйер алдында адамның терісіне дезинфекция жасалуы қажет» деген.

(Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG