Accessibility links

МГИМО профессоры: «Путин ақылынан адасты»


Ресей президенті Владимир Путин. Кремль, 16 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей президенті Владимир Путин. Кремль, 16 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей президентінің Қырымға әскер енгізу жөніндегі шешімі халықаралық наразылық тудырды. Ресей тұрғындары да бұған қарсы екенін білдірді.

Алайда ең ащы һәм ашулы сөзді саяси шолушы Андрей Зубов айтқан сияқты. Ол Владимир Путинді Адольф Гитлерге теңейді.

62 жастағы тарихшы, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) философия профессоры Андрей Зубов Азаттық радиосына сұқбат берді.

[Ескерту: наурыздың 4-і күні МГИМО профессор Зубовқа оқытушылық жұмысынан босатылатыны туралы хабарлады].

Азаттық: - Наурыздың 1-і күні ресейлік «Ведомости» газетінде «Путиннің Қырымға әскер енгізу туралы шешімін Адольф Гитлердің 1938-1939 жылдардағы Австрияны Чехословакияның немістілді Судет облысымен және Литваның Мемель (Клайпеда) аумағымен бірге Германия құрамына қосу туралы бұйрығымен салыстырыпсыз. Сіздіңше, бұл оқиғалардың қандай ұқсастықтары бар?

Андрей Зубов: - Немістер бұл аймақтарда этникалық көпшілік болып отырды. Осы жерлердің барлығында олар мейілінше жайбарақат, тыныш өмір сүріп жатқан. Австрияда олар негізгі этнос саналды. Ал Судет облысында немістер өзін-өзі басқарудың игіліктерін көріп отырған - ана тілдерін қолдануға құқылы болды, өз мектептерінде оқыды, газеттерін шығарып жатты. Мемельде де дәл сондай жағдай еді - ондағы немістердің тіпті автономиялық мәртебесі мен парламенті болды. Ол немістер ешқандай қудалауға ұшыраған жоқ.

​Бірақ Гитлердің бар қиялы бірінші дүниежүзілік соғыста қираған Рейхты қайта қалпына келтіру еді. Дәл осы себепті жаңағы аншлюстер (қосып алу – ред.) іске асырылды. Үш жағдайда да жергілікті халық Германиямен бірігуге құштар болып отырмаған. Бірақ арнайы қызметтер, қорғау отрядтары (СС) және нацистік партия әрекеттерінің әсерімен қоғамдық пікір біртіндеп өзгерді. Ақырында бұл аймақтарды Гитлер басып алды.

Қырымдағы жағдай да дәл осындай. Бастан-аяқ қаруланған, айырма белгісі жоқ адамдар пайда болып, аймақтағы билік ғимараттарын, соның ішінде парламентті де басып алды. Одан соң, арнайы күштер қорғап тұрған парламент премьер-министр сайлады. Барлық құжат бұрынғы күнмен бекітілді. Бұдан соң Қырымдағы әскер көбейе түсті. Дәл баяғы (Гитлердікін айтады – ред.) сценарий.

Путиннің мақсаты Гитлердікінен бөлек. Гитлер Германия аумағын кеңейтіп, халықтың миын шовинистік идеялармен уламақ болды. Ал қазіргі жағдайға келсек, украиналықтарды этникалық орыстарға жеккөрінішті етіп көрсету керек болып тұр. Яғни орыстар Майданды өз тарихы ретінде қабылдамауы керек. Бұл – жаудың тарихы саналып, ондай әрекеттен орыс халқы бас тартуы тиіс.

Азаттық: - Сіз мақалаңызда Ресейдің халықаралық санкцияларға, саяси изоляцияға және Украинамен жанжалға ұрынатынын жазыпсыз. Сонымен қатар, Ресейдің қырым татарларымен байланысы берік Түркиямен де қақтығысуы мүмкін екенін айтасыз. Путин осы қауіптер туралы біле ме?

Андрей Зубов: - Білетін-білмейтінін жору маған қиындау, себебі Путинмен бетпе-бет сөйлескен жоқпын. Бұл жағдайда бірде-бір саясаттанушы салмақты жорамалға бара қоймайды.

Андрей Зубов.

Андрей Зубов.

Біз бір мәселеге қатысты жорамал жасағанда "саясаткер - қанша өзімшіл, әрі қатал болса да, ақылды әрі рационалды тұлға" деген оймен жорамалдаймыз. Алайда біздің қазір көріп отырғанымыз – есінен адасқан саясаткердің ісі.

Бұл әрекеттер ақылға сыймайды. Себебі халықаралық санкциялар жарияланып, экономикалық қатынастар қарқыны баяуласа, бұл Ресейдегі қаржы нарығының күйреуіне соқтырады. Егер осылай жалғаса берсе, халық бірер айдың ішінде кедейленіп, ірі наразылық шерулері басталады.

Азаттық: - Путиннің Украинаға қатысты әрекеттеріне осыншалық ащы сын айтуға сізді не итермеледі?

Андрей Зубов: - Біріншіден, мен шындықты айтып, ресейліктерді ақылға шақырып отырмын. «Путин Қырымды Ресейге қайтарған жағдайда, оның барлық қателіктерін кешіреміз» деп жұрт интернетте еліріп жатыр. Екіншіден, украиналықтарға Ресей халқының тегіс Путинмен пікірлес емес екенін, «басқаша ойлайтын ресейліктердің» бар екенін білдіргім келді. Бұл – менің Ресей азаматы ретіндегі борышым. Мен «Ведомости» газетіне мақаламды жариялағаны үшін (мақала наурыздың 1-і күні жарияланған - ред.) алғыс айтамын.

Азаттық: - «Ведомости» газетіндегі мақалаңызға алғашқы реакция қандай болды? Редакторлар тарапынан қандай да болса қарсылық туды ма? Мысалы, «Дождь» интернет-арнасына екінші дүниежүзілік соғыс жайлы сауалнама жүргізгені үшін ғана жабылу қаупі төніп тұр. Кейбіреулер онда «қорлау» бар деп тауыпты.

Андрей Зубов: - Олардың қалай қабылдағанын білмеймін. Білетінім – мақаламды кідірмей жариялады. Мен мәтінімді жібердім, олар бірден интернетте жариялауға келісімімді сұрау үшін іле-шала хабарласты. Мен келістім, сосын мақалам жарияланды.

Азаттық: - Мақала толығымен сіздің бастамаңызбен жазылды ғой?

Андрей Зубов: - Толығымен. Мен бұл мәтінді жазғанда, оны ешбір газет жарияламайды деп ойлағанмын. Әлеуметтік желі арқылы таратамын ба дегенмін.

Азаттық: - Мақалаңыз интернетте қызу талқыланды. Пікірталасты бақылап отырасыз ба?

Андрей Зубов: - Әрине, белгілі бір мөлшерде бақылап отырмын. Бірақ айтылған сөз – атылған оқ. Жазарымды жаздым, ары қарай интернеттегі айтысты жалғастыруға құлқым жоқ. Бірақ маған қолдау көрсеткен хаттар көп түсті, ешбірі айыптаған жоқ. Ресейден де, шетелден де көп адам телефон шалды.

Азаттық: - Басқаша ойлайтын адамдарды қудалап жатқанда Путинді Гитлерге теңеу - айтарлықтай батыл әрекет. Қорықпайсыз ба?

Андрей Зубов: - Әрине, қорқамын. Солдат қолына қару ұстағанда «өзім де оққа ұшамын ба» деп қорқады. Бірақ қару алатын жағдайлар болады. Мен - кәрі адаммын, қолыма мылтық ұстап ұрысқа шыға алмаймын. Менің қаруым - компьютерім.

(Клэр Биг алған сұхбатты ағылшын тілінен аударған - Әзина Мақұлжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG