Accessibility links

Депутат Ресейді сынаушылардың «жазасын» ұсынды


Думаға бірнеше даулы заң жобаларын ұсынған депутат Алексей Журавлев.

Думаға бірнеше даулы заң жобаларын ұсынған депутат Алексей Журавлев.

Ресейдің ұлтшыл депутаты «бізді сынап-мінейтіндер елімізге келмесін, қызметке орналаспасын» деп мәлімдеді.

«Ресей мен Кремльді сынайтын шетелдіктердің елге келуіне тыйым салу керек». Кремльге қарасты «Известия» газетінің жазуынша, «Родина» партиясының жетекшісі Алексей Журавлев осындай ұсыныс жасады.

«ҚАРА ТІЗІМ ЖАСАЛСЫН»

Ол Ресейдегі бұқаралық ақпарат құралдарын бақылайтын «Роскомнадзор» мекемесі әлеуметтік желідегі парақшасында немесе басылым беттерінде елімізді сынаған шетелдіктерді қара тізімге алсын» дейді.

Оның мұндай ұсыныс жасауына биліктің сөзін сөйлейтін НТВ телекомпаниясының бұрын Ресейді сынап келген украиналық журналист Даниил Грачевті жұмысқа алғаны себеп болған. Грачев «Ресейдің Украинаға басқыншылық жасағанын» айыптаған еді.

Бірақ ол наурыздың 31-і күні телеарна арқылы ресейліктерден кешірім сұрады. Алайда Журавлев «мұндай сыншыларды елге жолатпаған жөн» дейді. Депутат «Өкінгені рас шығар. Бірақ ол бұрын айтқан пікірлерін қалай өзгертеді?» дейді.

Журавлев «Роскомнадзордың» БАҚ пен әлеуметтік желілерді қадағалап отырып, Ресейге кіруге болмайтын шетелдіктерді анықтауына мүмкіндік беретін заң жобасын ұсынды. Бірақ бұл заң жобасына қарасақ, оның бұлыңғыр, бұрмалап қолдануға ыңғайлы тұстары бар екені аңғарылады.

«Известияның» жазуынша, Журавлев «Ресей Федерациясының жоғары лауазымды тұлғалары және азаматтарының ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіретін пікір айтқан, ақпарат таратқан жандар қара тізімге кіруі тиіс» деген. Журавлевтің бұл ұсынысы Украина шиеленісінен соң Ресейде ксенофобия мен Батысқа деген қарсылық күшейген тұста айтылып отыр.

ӨТПЕЙ ҚАЛҒАН ЗАҢ ЖОБАЛАРЫ

Соңғы сауалнамаларға қарағанда, бұл елдегі Батысқа деген қарсылық рекордтық көрсеткішке жеткен. Тәуелсіз «Левада» орталығының дерегі бойынша, 2014 жылдың қаңтарында халықтың 44 пайызы АҚШ туралы теріс пікірде болса, 2015 жылдың қаңтарында бұл көрсеткіш 81 пайызға өскен.

Алексей Журавлев Украинаның шығысындағы өзін өзі жариялаған "Донецк халық республикасы" сепаратистерімен кездесіп отыр. Донецк, 12 маусым 2014 жыл.

Алексей Журавлев Украинаның шығысындағы өзін өзі жариялаған "Донецк халық республикасы" сепаратистерімен кездесіп отыр. Донецк, 12 маусым 2014 жыл.

Журавлев басқаратын «Родина» партиясын 2003 жылы ұлтшыл вице-премьер Дмитрий Рогозин құрған. 2012 жылдың қыркүйегінде бұл ұйымға жетекші болып тағайындалған Журавлев содан бері Думаға бірнеше даулы заң жобаларын ұсынды. 2013 жылы ол «гомосексуал ата-аналарды баласына қамқорлық жасау құқығынан айырайық» және «Ресейде тұрған еңбек мигранттары салық төлемесе, балаларын оқытпайық» деген ұсыныстар жасап, заң жобаларын ұсынды. Олардың ешқайсысы талқылауға өткен жоқ.

Журавлевтің соңғы ұсынысының да қолдау табуы неғайбіл. Өткен жылы Ресей думасына одан басқа да бірнеше даулы заң жобалары түсіп, ешбірі қабылданбаған еді.

Оның ішінде балет шәркейіне, шілтерлі іш киімдерге тыйым салу, Германияға Екінші дүниежүзілік соғыс үшін қосымша өтемақы төлету, Наполеонмен соғыстың соңында Парижге енген орыс әскерлерінің күнін ұлттық мейрамға айналдыру тәрізді ұсыныстар болды.

(Том Бэлмфордтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG