Accessibility links

Кремльдің ұлтшылдарға қатысты екіұшты саясаты


«Орыс маршына» шыққан ресейлік жастар.Мәскеу, 4 қараша 2013 жыл.
«Орыс маршына» шыққан ресейлік жастар.Мәскеу, 4 қараша 2013 жыл.

Мәскеуде жылда қарашаның 4-і күні «Орыс маршы» деп аталатын сталиншілер мен әсіреұлтшылдар тобының шеруі өтеді. Ресей билігі ұлтшылдарды өз мақсатына пайдаланғысы келеді.

КРЕМЛЬ ЖӘНЕ ҰЛТШЫЛДАР

Ресейде осы аптада орыс ұлтшылдарының шеруі өтеді. Ресми түрде «Халық бірлігі күні» мерекесімен тұспа-тұс келетін бұл шараға Кремль сақтана қарап отыр. Негізгі шеру Мәскеуде өтпек, бірақ басқа қалалар да қамтылады, соның ішінде биыл Ресейге қосылған Қырым да бар.

Президент Владимир Путин мен оның үкіметі соңғы жылдары ұлтшылдық пен патриоттық бағытын айқын ұстанса да, билік осы шеруге ерекше салқын. Ұйымдастырушылар басында үміт еткендей шеру қала ортасында емес, шетінде өтетін болды.

Ресей президенті Владимир Путин «Валдай» клубында сөйлеп тұр. Сочи, 24 қазан 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин «Валдай» клубында сөйлеп тұр. Сочи, 24 қазан 2014 жыл.

Кремль әсіреұлтшылдарға қатысты екіұшты саясат ұстанып келеді. Қазанның 24-і күні Сочидегі «Валдай» клубында сөйлеген сөзінде Путин осы мәселені қозғап: «Мен Ресейдің ең үлкен ұлтшылымын» деді. «Дегенмен, ұлтшылдықтың ең ұлы және ұтымды үлгісі – адамдарға пайдасын тигізетін саясат жүргізу. Егер ұлтшылдық басқаларға төзімсіздік таныту, шовинизм болса – ол көп ұлтты және көп конфессиялы мемлекетті құрған халықтың арасына жік түсіреді» деді Ресей президенті.

«Осы мәлімдеме арқылы Путин ұлтшылдықтың тиімді параметрлерін анықтауға тырысты» дейді Нью-Йорк университетінің профессоры, «Мәскеудің көлеңкесінде» блогының авторы Марк Галеотти. Оның пікірінше, Путин ұлтшылдықтың лайықты деңгейін анықтап, оны нәсілшілдік, қауым арасындағы қақтығыс, радикалдық ұстанымдардан ерекшелеп алмақ.

«Бірақ, ең маңыздысы – отансүйгіштікті айтады. Ол «ұлтшылдық» дегенде патриотизмді, кво мәртебесіне адал болуды меңзейді» дейді сарапшы.

Кремльде алаңдауға тұрарлық мәселелер жеткілікті сияқты. Шығыс Украинаға түрлі ұлтшыл топтар материалдық қолдау көрсетті, ерікті әскерилер соғысқа аттанды, бірақ Мәскеудің сол жақта ресейшіл сепаратистерді бір қолдап, бір қолдамай жүргеніне көңілі қалғандар да бар. Олардың көбі елде де, Украинада да барынша қатаң, радикалды тәртіп орнатсақ дейді.

«ОРЫС МАРШЫ»

Ресейде «Орыс маршы» 2005 жылдан бастап өтіп келеді. «Халықтар бірлігі күні мерекесі» 1612 жылы Ресейдің поляк басқыншыларын жеңген күнінің құрметіне тағайындалған. Бұрын қараша айында 1917 жылғы большевиктер төңкерісінің жеңісін атап өтетін еді.

Кремль бұл күнді ұлтшылдық емес, патриоттық сезім кернейтін күн деп сипаттауға тырысады. Кремльшіл баспасөздің жазуынша, Путин 1612 жылы Мәскеуден поляктарды ығыстырған Кузьма Минин мен Дмитрий Пожарскийдің ескерткішіне гүл шоқтарын қояды. Содан соң ол 862-1598 жылдары билік құрған Рюрикович әулетіне арналған көрмені тамашалайды.

"Орыс маршына" қатысушылар шетелдік мигранттарға қарсы жазу ұстап тұр. 4 қараша 2011 жыл.
"Орыс маршына" қатысушылар шетелдік мигранттарға қарсы жазу ұстап тұр. 4 қараша 2011 жыл.

Биылғы «Орыс маршы» елдегі ең танымал ұлтшыл, сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді Алексей Навальныйдың үйқамақта отырған сәтіне тұспа-тұс келді. Бірақ Навальныйдың ықпалы азайғанымен, жаңа тұлғалар шығуы да мүмкін.

«Путин ұлтшыл емес, ол әшейін көрермен» деді жақында берген сұхбатында танымал ұлтшыл «Спутник и Пограм» сайтының редакторы Егор Просвирнин.

«Оны биліктегі топтар саяси процестерді басқару үшін сонда жіберді, ал құпия полицияның мүшелері сол уақытта Лазур жағалауынан өздеріне зәулім үйлеп салып, виллалар тұрғызады» дейді ол.

Кремль Александр Дугин мен Александр Проханов сияқты ұлтшылдарды мемлекеттік арналарға жиі шығармайтын болды. Содан да болар, Левада орталығының өткен айдағы сауалнамасы бойынша, халық арасында «Орыс маршын» қолдайтындар қатары азайған, 31 пайызы ғана оны құптайды.

2014 жылы 4 қарашада Хабаровскіде өткен «Орыс маршы»

Хабаровскідегі «Орыс маршы»
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:24 0:00

ПУТИН НЕДЕН ҚАУІПТЕНЕДІ?

Берн университетінің аға ғылыми қызметкері, Еуропаның шектен тыс оңшылдарын зерттейтін маман Алина Полякова Украинадағы шиеленіс Ресейдің ұлтшыл топтарын бірнеше жікке бөлгенін айтады. Олар патриот, мемлекетшіл, импералистік ұлтшылдар және Ресейдің этникалық топтарының мүддесін көздейтіндер болып бөлінді дейді ол.

«Ең қызығы – біз «этникалық ұлтшылдар» және «мемлекетшіл ұлтшылдар» деп атап жүрген топтар Украина дағдарысынан соң алдыңғы сапқа шықты. Бұл ұзақ уақыт бұғып жатқан мәселе еді» дейді маман.

Оның айтуынша, Кремль Еуропадағы әсіреұлтшыл саяси партиялар мен ұйымдарға хабарласып, тіпті көмектесіп отырған, оларды Қырымда өткен сайлауға бақылаушы болуға шақырған. Сарапшының кікірінше, бұндай саясат Ресейдің этникалық ұлтшылдары арасында наразылықтың күшеюіне ықпал етеді.

Иркутскіде "Орыс маршына" шыққандар. 4 қараша 2013 жыл.
Иркутскіде "Орыс маршына" шыққандар. 4 қараша 2013 жыл.

Марк Галеотти Ресей ұлттық қозғалысының негізгі төрт тірегі – имперализм, әлеуметтік консерватизм (орыс православтық шіркеуін қолдау мен гомосексуалдарға деген жеккөрініш), этникалық шовинизм мен этникалық талапқа негізделген экономикалық радикализм екенін айтады.

Оның пікірінше, алғашқы екеуіне қатысты Путин ұлтшылдардың үмітін ақтауға тырысып бақты, аянбады. Ал соңғы екеуі өте қауіпті, ол Кремльдің мүддесіне қайшы.

«Кремльдің ұлтшыл қозғалыстарға көңілі суыды, ал ұлтшылдыққа қатысты қатерлер артып келеді. Сондықтан олар алдын алу шарасын жасап, өршіп кетпей тұрғанда қам жасап жатыр» дейді профессор.

Global Voices сайтындағы RuNet Echo редакторы Кевин Ротрак Просвирин мен басқа да ұлтшылдар жетекшілерінің Ресейдегі экономикалық жағдайдың нашарлауы этникалық қақтығыстың ушығуына ықпал етуі мүмкін екенін айтқанын еске салды.

Биылғы «орыс маршында» бұл жағдай басты тақырып болмаса да, Ротрак оның Путин үшін өте қауіпті екенін айтады.

«Олар аздап болсын үкіметке қарсы шықса, иммиграциялық қызметке көп жұмыс тауып береді – Орталық Азиядан келген мигранттарға виза бермей қоюы, т.б. мүмкін» дейді ол.

Ұлтшылдардың кейбірі ресми түрде осындай үндеу жасап жүргенін атап өткен Кевин Ротрак «бұл әзірше Путинге қарсылық емес, бірақ иммиграция мен басқа да этникалық мәселелер, нәсілшілдік түбі асқына келе Кремльге, одан соң Путинге қарсы шығуға ұласуы мүмкін» деп ескертеді.

Роберт Коалсонның мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG