Accessibility links

Ресей ұшақтары қырғи-қабақ соғысты еске салды


Ресейдің МиГ-31 әскери ұшақтарының экипаж мүшелері жаттығу кезінде. Елизово аэродромы, Петропавловск-Камчатский, Ресей, 22 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейдің МиГ-31 әскери ұшақтарының экипаж мүшелері жаттығу кезінде. Елизово аэродромы, Петропавловск-Камчатский, Ресей, 22 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей әскери ұшақтарының осы аптада Еуропа әуе кеңістігіне кіретін Балтық, Солтүстік және Қара теңіз үстінен қыр көрсете ұшуын батыс баспасөзі «қырғи-қабақ соғыстың» оралуына теңейді.

CNN телеарнасының хабарлауынша, НАТО «қазанның 29-ы күні таңғы сағат үштер шамасында радарлар Солтүстік теңізі үстінен Ресейдің сегіз ұшағын байқады» деп мәлімдеген. Дабыл бойынша әуеге көтерілген Норвегия корольдігі әскери-әуе күштерінің F-16 жойғыш ұшақтары әуеде Ресейдің төрт Ту-95 стратегиялық бомбалаушы ұшағы мен жанармай тасығыш төрт ИЛ-78 ұшағы жүргенін анықтаған.

Кейін солтүстік-шығысқа беттеген алты ұшақ Ресей жаққа қарай бұрылып кеткен, ал бомбалаушы екі ұшақ Норвегия жағалауының үстімен оңтүстік-батысқа қарай ұшуын жалғастырған. Ұшақтар әуе қозғалысын басқаратын жергілікті азаматтық қызметпен байланысқа шықпаған. Оларды ұстау үшін әуеге Ұлыбританияның, кейін Португалияның жойғыш ұшақтары көтерілген.

НАТО-ның хабарлауынша, оның радарлары қазанның 29-ы күні Қара теңіз үстінен екі Ту-95 ұшағы мен екі Су-27 жойғыш ұшағын да байқаған. Көп ұзамай Балтық теңізі үстінен екі МиГ-31 жойғыш ұшағы, екі Су-34 бомбалаушы және бір Су-27 жойғыш ұшағы көрінген.

НАТО-ның мәлімдеуінше, 2014 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында НАТО авиациясы 100-ден аса Ресей ұшағын ұстау үшін әуеге көтерілген, бұл былтырға қарағанда шамамен үш есе көп.

«АРАНДАТУ МАНЕВРЛАРЫ»

Foreign Policy журналы Ресей әскери-әуе күштерінің маневрлерін «арандату» деп бағалайды. Бұл ұшақтар НАТО-ға мүше елдердің әуе кеңістігін бұзбағанымен, әуе қозғалысын басқару қызметімен байланысқа шығудан бас тартқан әрі транспондерлерін өшіріп тастаған. НАТО бұл әуедегі өзге ұшақтарға қауіп төндіруі мүмкін дейді.

Ресейлік Ил-78 ұшағы стратегиялық бомбалаушы Ту-95 ұшағына әуеде жанармай құйып жатыр. (Көрнекі сурет)

Ресейлік Ил-78 ұшағы стратегиялық бомбалаушы Ту-95 ұшағына әуеде жанармай құйып жатыр. (Көрнекі сурет)

Foreign Policy журналының жазуынша, биыл Ресейдің менмендігі асқынғаны соншалық, Батыс елдері мен Мәскеу арасы қырғи-қабақ соғыс аяқталғалы бері алғаш рет қатты ушыққан. Қырымды бөліп алып әрі Украинаның шығысындағы жанжалды қоздырған соң Ресей қарулы күштері НАТО-ның шекара аймағындағы елдерге қыр көрсетуін тоқтатпаған. Қазанның басында Ресей ұшағы Эстонияның әуе кеңістігін бұзған болатын, ал қыркүйекте Эстония Ресейді «эстон барлаушысын ұрлап әкетті» деп айыптаған.

Wall Street Journal газетінің жазуынша, АҚШ қорғаныс министрі Чак Хейгел «Владимир Путин Совет одағы кезіндегі шекараны қалпына келтіргісі келетін пиғылын жасырмай отыр» деп мәлімдеген. Журнал «Владимир Путин Қырымды Украина альянсқа мүшелікке өткен жағдайда НАТО-ны теңіздегі Украина әскери базаларына кіргізбеу үшін аннексиялағанын ішінара мойындады» деп жазады.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында биыл НАТО барлау миссиясына былтырға қарағанда бес есе көп ұшақ аттандырғанын айтады. НАТО-ның қыркүйекте өткен саммитінде ол альянсқа мүше елдерді ұжымдық әскери қорғанысты күшейтуге шақырған еді. НАТО басшылары әскери сала шығындарын көбейтіп, келесі он жыл ішінде оны өндіріс көлемінің екі пайызына жеткізуге келіскен.

Азат Еуропа/Азаттық Радиосы мен Америка дауысының бірлескен жобасы - «Осы шақ» телебағдарламасының Ресей әскери ұшақтары жайлы орыс тіліндегі репортажы:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG