Accessibility links

Путиннің туған күні атаулы күнге айналмақ


Мәскеудің ең ірі әмбебап дүкенінде сатылып жатқан Ресей президенті Владимир Путиннің бейнесі салынған жейделер. 11 тамыз 2014 жыл.

Мәскеудің ең ірі әмбебап дүкенінде сатылып жатқан Ресей президенті Владимир Путиннің бейнесі салынған жейделер. 11 тамыз 2014 жыл.

Ресейде Қырым түбегін басып алуға атсалысқан «сыпайы сарбаздарға» арнайы күн белгілеу жайын талқылап жатыр. Атаулы күн Ресей президенті Владимир Путиннің туған күнімен дөп келеді.

Ресей басшылығы қазанның 7-сін биылғы ақпан-наурызда Қырымды аннексиялауға қатысқан «сыпайы адамдар» деп аталып кеткен Ресей сарбаздарына құрмет көрсету күні ретінде белгілемек.

«Сыпайы адамдар күні» туралы заң жобасы өткен айда Ресей мемлекеттік думасында таныстырылған. 3 қазан күні Ресей қорғаныс министрлігі бұл бастамаға қолдау білдірді.

Кремль болса «бұл ұсыныстан хабардармыз, алайда шешім қабылдау еркі депутаттардың қолында» деген позицияны ұстанып отыр.

Ақпанның соңында ешқандай айырым белгілері жоқ Ресей әскерилері Қырым түбегіне басып кіріп, әуежай, әскери база, парламент үйі сияқты маңызды нысандарды ешқандай оқ атпастан басып алған еді. Содан бері олар «сыпайы адамар» («вежливые люди») деп аталып кеткен.

«ЕҢ СЫПАЙЫ АДАМ»

Украин журналистері оларды «кішкентай жасыл адамдар» деп кекетсе, Ресей телеарналары оларға «сыпайы адамдар» деп айдар таққан.

Арада бір ай өтер-өтпестен жеделдетіп өткізілген референдумнан соң Ресей Қырымды заң жүзінде өзіне қосып алды. 17 сәуірде Кремль әлгі «сыпайы адамдардың» Ресей сарбаздары екенін ашық айтып, олардың кәсіби шеберлігін ерекше атап өтті.

Қазір Ресейде «сыпайы адамдар» деген – өте әйгілі тіркес. Мәскеуде сатылып жатқан жейделердің бірінде әскери киім киіп, қара көзілдірік таққан Путиннің суреті бар. Суреттің астында «ең сыпайы адам» деген жазу жазылған.

Ресей президенті Владимир Путин (ортада көзілдірік таққан) Қырымда. «Белбек» әуежайы, Севастополь маңы, 13 тамыз 2014 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (ортада көзілдірік таққан) Қырымда. «Белбек» әуежайы, Севастополь маңы, 13 тамыз 2014 жыл.

Аталған заң жобасы қыркүйектің 16-сында Ресей мемлекеттік думасының қарауына ұсынылды. Қазірдің өзінде бұл бастаманы Ресей қорғаныс министрлігі қолдап отыр.

– Бұл - жақсы бастама екен. Біздің байқауымызша, бұл ұсынысты барлық гарнизондар мен әскери базалар қуана қолдап отыр. Бұл – назар аударуға әрі жан-жақты қарастырып, сараптауға тұрарлық ұсыныс, қазір біз оны сараптап жатырмыз, - деді «Известия» газетіне берген сұхбатында Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Николай Панков.

«БЕЛГІСІЗ СОЛДАТ» КІМ?

Егер заң қабылданса, онда президент Владимир Путиннің туған күні – 7 қазан бұдан былай «сыпайы адамдар күні» ретінде аталып өтетін болады. 2006 жылдың дәл осы күні белгілі оппозициялық журналист Анна Политковская Мәскеуде кісі қолынан қаза тапқан еді.

Мұнымен қоса Ресей өкіметіндегі ықпалды тұлғалардың бірі, Кремльдің іс басқарушысы Сергей Ивановтың ұсынысымен бұл елде 3 желтоқсан «белгісіз солдат күні» ретінде аталып өтетін болды.

Украинаның шығысындағы соғыста сепаратистерге жақтасқан Ресей сарбаздарының көбі оққа ұшып жатқаны туралы жиі айтылады. «Белгісіз солдат күнін» атап өту туралы ұсыныс осы оқиғамен тұспа-тұс келіп отыр. Кремль болса, соғысқа Ресей солдаттарының қатысып жатқанын жоққа шығарумен келеді.

Том Бэлмфорттың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG