Accessibility links

Путин Ресейдің ксенофобияға ұрынбасын айтты


Ресей президенті Владимир Путин федералдық кеңесте жолдау оқып тұр. Мәскеу, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин федералдық кеңесте жолдау оқып тұр. Мәскеу, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин елінің Қырымды аннексиялауын ақтап, Украинаның ісіне кірісуін «отандастарды қорғау қажеттілігі» деп түсіндірді. Путиннің сөзінше, «Ресей ксенофобияға ұрынбайды, өйтсе әлсіздік болар еді».

Владимир Путин Ресей президенті ретінде он бірінші рет жасаған бүгінгі жолдауында Қырымдағы «Ресейге қосылу» жайлы референдум заңды болды деп мәлімдеп, Батыс Ресейдің аннекциясы деп бағалаған ол оқиғаны «орыс жерлерінің бірігу заңдылығы» деп түсіндіретін пікірін қайталады. Қырымды орыс ұлтының бесігі, орыс Иерусалимі деген Путин ол жерде орыстардың өздерін «алғаш рет әрі біржолата біртұтас ұлт ретінде сезінгенін» айтты.

Украинадағы оқиғаны сөз еткен Владимир Путин президент Виктор Януковичті Еуропамен әріптестік жайлы шартқа қол қоюдан бас тартқаны үшін емес, қол қою шарасын «кейінге қалдырғаны» үшін «заңсыз кетіргенін» айтты.

Ресейдің Қырымдағы және Украинаның оңтүстік-шығысындағы әрекетін тұспалдаған Путиннің сөзінше, Ресей шетелдегі «отандастарын қорғай алатынын» дәлелдеген.

Путин Ресей Украинаны бауырлас ел ретінде құрметтеуі тиіс екенін айта келе, бірақ Украинаның шығысындағы «апат» Ресей жүргізіп отырған саясаттың дұрыс екенін көрсетеді деді.

Украинадағы ресейшіл сепаратистер Путиннің жолдауын тыңдап отыр. Донецк, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Украинадағы ресейшіл сепаратистер Путиннің жолдауын тыңдап отыр. Донецк, 4 желтоқсан 2014 жыл.

«Әлемнің көптүрлілігін жақтаймыз, шетелдегі адамдарға шындықты жеткіземіз, бәрі Ресейдің бүлінген, жалған бейнесін емес, нағыз шын бейнесін көрсін» деп мәлімдеді Путин.

Оның сөзінше, «кейбір елдердің үкіметтері Ресейдің төңірегінде жаңа темір перде құрмақ болып жатса да», Мәскеу бұл ісін жүзеге асырады.

«Біз ешқашан өзімізді өзіміз шектеу, ксенофобия, күдікшілдік, дұшпан іздеу жолына түспейміз. Ол – әлсіздіктің белгісі. Біз – күштіміз, өз-өзімізге сенімдіміз» дейді Путин. Ресей президенті Батыс елдерін «1990 жылдары Югославияға істегендей Ресейді де құлатуға тырысады» деп айыптады. «Алайда олардың бұл әрекеті Гитлердікі сияқты сәтсіздікке ұшырайды» деді Путин.

Путин Қырым аннексиясынан соң және Украинаның оңтүстік-шығысындағы ресейшіл сепаратистер әрекетінен кейін Батыстың Ресейге салған санкцияларын сынады. Оның айтуынша, санкция бәріне, оның ішінде сол шараны жариялаған елдерге де зиянды. Путин санкция "керісінше экономикалық дамуға, алға ұмтылуға түрткі болатынын" айтты.

Ресейдің Қырымды аннекциялауы мен Украинадағы әрекетін сынаған Батыстың әрекетін сөз еткен Владимир Путин әңгіме Ресейдің егемендігі жайлы екенін айтты.

Ресей президентінің жолдауын тыңдап отырған тұрғын. Ставрополь, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Ресей президентінің жолдауын тыңдап отырған тұрғын. Ставрополь, 4 желтоқсан 2014 жыл.

«Не егемен боламыз, не дүниеге сіңіп жоғаламыз. Мұны басқа державалар түсінуі керек» деді Путин.

Ресейдегі экономикалық ахуалды сөз еткен Владимир Путин үкімет пен орталық банкке рубльді тұрақтандыру үшін шаралар қабылдауды бұйырды. Ол оффшордағы капиталға Ресейге оралатын болса, толық амнистия жасауды ұсынды. Владимир Путин Ресейдің валюта нарығындағы тұрақсыздық пен нарықтағы қауіпте «аттары белгілі кейбір алыпсатарлардың рөлі бар» екенін айтты. Путиннің сөзінше, мемлекеттің оларға әсер ететін барлық амалдары бар, ол «әсер ету шарасын» қолданар кез келді.

2015 жылы қаңтардың 1-інен бастап Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) жұмыс істейтінін айтқан Владимир Путин одаққа мүше елдер "өзара тең, тең құқықтық және сыйластық негізінде қарым-қатынас орнату қажетін" сөз етті.

Қазақстандық сарапшылар Путиннің жолдауынан ЕАЭО-дағы өзге де кейбір елдер басшылары сөздеріне тән популистік сарынды байқағандарын айтады.

Айдос Сарым, саясаттанушы

- Путин жуықта ғана «Газпром» компаниясын салықтан босатқан. Үш-төрт жыл бұрын айтылған, тұрақтандыру қорына немесе ұлттық қорға тиісуге болмайды деген ұрандар қазір өзекті емес. Оларда да жол бар, бізде де жол бар. Тек олардыкі «Путин жолы» деп аталады. Сірә, бәрі әлі алда сияқты.

Азат Перуашев, «Ақжол» партиясының төрағасы

- Шынымды айтсам, ол эфирді көрмедім. Басқа шаруаларым болды. Пікірімді Ресей президентінің жолдауымен танысқан соң кейінірек айтамын.

Владислав Косарев, Қазақстанның коммунистік халық партиясы басшысы

- Бұл идеялық интеграция елдеріміз дұрыс және сыртқы саяси ауытқулардан тәуелсіз өмір сүруіне керек. Жағдайымыз бірдей. Оған қоса әрі кеткенде бір айдан соң Ресеймен бір шарт аясында өмір сүреміз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG