Accessibility links

Кремльшіл әншілер Лондонның төрінде өнер көрсетпек


Ресейлік әншілер Валерия мен Иосиф Кобзон. Мәскеу, 11 қыркүйек 2009 жыл.

Ресейлік әншілер Валерия мен Иосиф Кобзон. Мәскеу, 11 қыркүйек 2009 жыл.

Ресейдің Украинадағы саясатын жақтаған Иосиф Кобзон мен Валерия Ұлыбританиядағы тыйым салуға шақырған үндеулерге қарамастан, бүгін Лондонның ең үздік сахнасында ән шырқайды.

Ресейдің танымал әншілері Иосиф Кобзон мен Валерия (шын аты-жөні Алла Перфилова) – Кремльдің уақыт сынағынан өткен жақтастары. Олар биыл наурызда Ресейдің Қырымды аннексиялауын қолдап жазылған хатқа қол қойған.

Валерия Ресей үкіметін бірқатар даулы шешімдері үшін де мақтаған. Ол шешімдердің арасында гомосексуалистерге қарсы қабылданған жаңа заң мен оппозициялық Pussy Riot панк-тобының екі мүшесін түрмеге қамау да бар.

НАРАЗЫЛЫҚ

Кобзон мен Валерияның қазанның 21-і күні Лондонның ең беделді концерттік залы Корольдік Альберт-холда өнер көрсететіні Путиннің сыншылары үшін күтпеген жағдай болған.

– Біз Ресей үкіметінің қылмыстық әрекет деп танитын істерін олар керісінше насихаттап жүр. Оларға Еуропаға жол жоқ, істері үшін жауап беруі керек, – дейді Лондонда тұратын антипутиншіл белсенді Андрей Сидельников.

Сидельниковтың «Speak Up!» («Қаттырақ сөйле!») атты үгіттік тобы Ұлыбританияда екі әншіге тыйым салғызуға тырысып баққан.

Олар осы айдың басында Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронға «Кобзон мен Валерия персона нон-грата болып жариялансын» деген петиция жолдаған. Интернетте 4 мыңнан астам қол жинаған петицияда әншілерді «танымалдығы мен дәрежелерін пайдаланып, халықаралық келісімді бұзушы Ресей үкіметінің насихат құралына айналды» деп айыптаған.

Ресейлік әншілер Валерия мен Иосиф Кобзон. Латвия, 31 шілде 2011 жыл.

Ресейлік әншілер Валерия мен Иосиф Кобзон. Латвия, 31 шілде 2011 жыл.

Наразылар Ұлыбританияны да Латвияның жолын қуып, «Кремльді жақтаушыларды» антиукраиналық ұстанымдары үшін шекарадан аттап бастырмауға үндейді.

Сидельниковтың айтуынша, Лондонда барынша жарнамаланған концертті Кремльдің пиарлық төңкерісіне теңеуге болады - "себебі ол Батыстың Мәскеуге қарсы санкцияларын жоққа шығарып отыр".

«ҚҰБЫЛМАЛЫ СТАНДАРТ»

Валерияның продюсері әрі жұбайы Иосиф Пригожин бұл шараға «Ресейдің имиджін қолдау» деп баға берген еді.

Ал антипутиншіл белсенді Андрей Сидельников мұны Ресей элитасының өкілдеріне тән екіжақты стандарттардың да айқын көрінісі деп біледі.

– Олар да Кобзон мен Валерия сияқты Батыстың құндылықтарына оқтын-оқтын қарсы шығып отырады, – дейді Сидельников.

«Бұндай екіжүзділікке жол беруге болмайтынын» айтқан белсенді Ресейде ол әншілердің «Батыстың құндылықтары – нашар, теріс және Ресейге жарамсыз» дейтінін айта келе:

– Кейін өздері Батыс елдеріне барып ақша табады, демалады, жылжымайтын мүлік сатып алады, – деп наразы болды.

Валерияның жасөспірім ұлы, қазір Швейцарияда оқитын Арсений Шульгин анасының концертінде пианино ойнайды деп жоспарланған. Ал Кобзонның қызы, күйеу баласы мен жиендері Лондонда тұрады.

«Валерия мен достары» деп аталатын концертке Ресей билігі қолдау көрсетіп отыр. Оған Ресейдің федералдық мәдениет агенттігі «Россотрудничество» веб-сайтында жарнама жасаған.

Ресейдің Валерий Меладзе мен Стас Пьеха сынды поп-жұлдыздары да бұл концертте өнер көрсетуі керек. Оларды Ұлыбританияның Корольдік филармониялық оркестрі сүйемелдейді.

Музыкант Олег Скрипка. Киев, 19 қыркүйек 2013 жыл.

Музыкант Олег Скрипка. Киев, 19 қыркүйек 2013 жыл.

Ал украиналық «Вопли Видоплясова» танымал рок-тобының солисі Олег Скрипка концертке қатысудан бас тартқан. Алайда «Россотрудничество» сайтында ол әлі де қатысушылар тізімінде тұр.

– Өнер көрсетуге келісімімді берген кезде Ресей мен Украинаның қарым-қатынасы мұншалық шиеленіспеген еді. Ресейшіл шоуға қатыспаймын. Украинада халық қырылып жатқанда бұл туралы айтудың өзі артық, – дейді Олег Скрипка.

Ал «Speak Up!» белсенділері концерт өтетін кеште Алберт-холдың сыртында шеру ұйымдастырмақ.

(Дмитрий Волчектің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан).

XS
SM
MD
LG