Accessibility links

Ресей солдаттары әлі «сабыр сақтап тұр»


Қырымда жүрген беймәлім адамдар. Украина, 3 наурыз 2014 жыл.
Қырымда жүрген беймәлім адамдар. Украина, 3 наурыз 2014 жыл.

Мәскеу айырма белгісі жоқ форма киіп, Қырым түбегінде жүрген әскерді «Ресейдікі емес» дейді. Бірақ солдаттардың бірі өзі қызмет ететін әскери бөлімше Ресей қарулы күштерінікі екенін айтты.

Қырымда жүрген сарбаздар «Сабыр сақтай тұрыңдар» деген ескі әскери сөздің жаңа мәнін ашып берді.

Кремль «Украинадағы Қырым түбегінде Ресей әскері бар ма?» деген сұраққа ресми жауап беруден жалтарып бағады. Бірақ осы аптада YouTube-те жарияланған видеода айырма белгісі жоқ жаңа форма киген бір солдат өзі қызмет ететін әскери бөлімше Ресей армиясыныкі екенін айтты.

Украиналық UkrStream.tv телеарнасы интернетте жариялаған, «Керчьтегі орыс солдаттары сұхбат берді» деп аталатын видеода журналистің «Қай армияның әскерісіңдер?» деген сұрағына әлгі солдат «Өздерің сезбейсіңдер ме?» деп жауап береді. Бес минутқа созылған әңгіме кезінде ол сарбаз бірнеше мәрте жаңылысты:

Журналист: – Формаларыңда неліктен айырма белгісі жоқ? Қайдан келдіңдер?
Солдат: – Біздің формамыз осындай, айырма белгісі жоқ форма.
Журналист: – Украина әскерісіңдер ме, Ресей әскерісіңдер ме?
Солдат: – Ресей әскеріміз.
Журналист: – Ресей әскерісіңдер ме?
Солдат: – Иә.
Екінші журналист: – Ресей әскері Украина территориясында не істеп жүр?
Солдат: – Өйткені... Сендер теледидар көрмейсіңдер ме?

Видеожазбада осындай форма киген тағы бірнеше қарулы адам мен кем дегенде бес әскери жүк көлігі көрсетіледі. Сарбаздың айтуынша, олар осы бөлімшеге тиесілі.

Мәскеудегі жоғары басшылық Қырымға әскер жібермегендерін айтады.

Ресей қарулы күштері басшысы Валерий Герасимов америкалық әріптесі Мартин Демпсиге Қырымда жүрген айырма белгісі жоқ әскерді «этникалық орыстарды қауіп-қатерден қорғайтын жақсы жаттыққан жасақтар» деп сипаттады.

Қорғаныс министрі Сергей Шойгу «солдаттардың қайдан келгенінен мүлде хабарым жоқ» деп мәлімдеді.

Наурыздың 4-і күні журналистерге «дүкеннен кез келген форманы сатып алуларыңызға болады» деген, белгісіз әскерді «жергілікті өзін өзі қорғау жасақтары» деп мәлімдеген Ресей президенті Владимир Путин де Қырымдағы әскерлердің Ресейдікі екенін үзілді-кесілді терістеді.
XS
SM
MD
LG