Accessibility links

Ресейлік телеарна «ішуге болмайтын» нәсіл туралы ескертті


Ресей телеарнасының «Жить здорово» бағдарламасы.

Ресей телеарнасының «Жить здорово» бағдарламасы.

Ресей телеарнасындағы денсаулық бағдарламасы «неліктен мереке кезінде моңғол нәсілді адамдармен бірге ішімдік ішуге болмайтынын» түсіндірді.

Мереке кезінде бірге отырып ішімдік ішуден қашқақтайтын адамдарыңыз бар шығар. Мүмкін, ол саяси көзқарасы бұрыстау ағайыңыз не басқа беймаза туыстарыңыз болар.

«КЕМСІТЕЙІК ДЕП ТҰРҒАН ЖОҚПЫЗ»

Ресейдің мемлекеттік Бірінші телеарнасының танымал жүргізушілері басқадай пікірде екен. «Моңғол тектес нәсілдің адамдары ішімдіктен татып алмасын» деді «Жить здорово» бағдарламасының жүргізушісі Елена Малышева «Жаңа жылда кіммен бірге ішімдік ішуге болмайды?» деп аталған хабарда.

«Әрине, бұны олардың қамын жегендіктен айтып жатырмыз» деген Малышева сахнаға залда отырған қонақтардың бірін шақырды. Өзін Өзбекстан тумасымын деген Шухрат есімді жігіт «полиция және федералдық миграциялық қызмет өкілдерімен бірге ішімдік ішкім келмейді» деп көрермендерді күлдірді.

Содан соң Елена Малышева негізгі тақырыпқа ойысып, орыс ұлтының «ақ түсті, славян нәсілді» екенін айта келіп: «Жаңа жылда бірге ішімдік ішуге болмайтын нәсіл туралы ескертейік» деді. Ол әлдекім секемденіп қалмас үшін «бұл жерде ешқандай нәсілдік кемсітушілік жоқ екенін, тек физиологияға қатысты түсінік беретінін» де ескертеді.

Ал Шухрат өзінің «Совет Одағында өскенін, ұлтшыл емес екенін, қажет болса қара нәсілдімен бірге, барлық адаммен бірге ішуге даяр екенін» айтты.

«Жаңа жылда кіммен бірге ішпеу керек дегенде ешкімді қорлағымыз келмейді. Оның денсаулығына зиянды болған соң айтып жатырмыз» деген Елена Малышева дәрігер Дмитрий Шубинге сөз берді.

«Қауіпсіздік мақсатында ішуге болмайды дегенде моңғол нәсілді адамдармен бірге ішуге болмайтынын айтамыз» деп түсіндірді Дмитрий Шубин. Ол азиялықтарды кемсітетін терминді қолдана отырып, бірге ішімдік ішуге болмайтын адамдар тобына қытайлар, корейлер, жапондар мен Қиыр Шығыс тұрғындары кіретінін айтты.

Елена Малышева оның сөзін нақтылап, саусақтарымен көз қиығын тартып көрсетіп, «моңғол тектес адамдардың көздері сығыр, беттері домалақ» екенін түсіндірді. Тіпті азиялық адамның суретін экранға шығарып та көрсетті.

Ресейлік Бірінші арнаның моңғолоид нәсіл қандай екенін түсіндіру үшін көрсеткен суреті.

Ресейлік Бірінші арнаның моңғолоид нәсіл қандай екенін түсіндіру үшін көрсеткен суреті.

Дәрігер Дмитрий Шубиннің түсіндіруінше, «азиялықтардың қанында генетикалық ақау бар, олар алкоголь өнімдерін дұрыс қорыта алмайды». Ол көрнекі әдіспен түсіндіру үшін Шухрат пен Малышеваға сұйықтық құйылған ыдыс берді (сынақтан бұрын Малышеваның алдындағы ыдыстың ішіндегіні көрсетпеді). Ыдысқа спирт құйғанда Шухраттың «бауыры» қарайып, ал Малышеваныкі ағарып шыға келеді. «Сығыр көзді, жалпақ бетті моңғол тектестер үшін алкоголь - улы өнім. Сондықтан жаңа жыл дастарханында моңғол тектес адамдармен бірге ішімдік ішпеңіз. Оларға бұл өте зиян» деп түсіндірді Елена Малышева.

Зерттеулер Шығыс Азиялық адамдардың кейбірінде – кей мамандардың сөзінше, үштен біріне жуығында – алкогольді ыдырату процесін қиындататын ген бар екенін айтады. Бірақ дәрігерлер спиртті ішімдіктерді ішуден тек азиялықтар ғана тыйылсын дегенге келіспейді. The Lancet медициналық журналының дерегінше, Ресейдегі ер адамдардың төрттен бірі 55 жасқа дейін өмірден өтеді. Бұл – Еуропаның өзге елдеріне қарағанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Оның басты себебінің бірі – алкогольді шектен тыс көп тұтыну.

Гленн Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG