Accessibility links

Ресей түрмесінде еңбек шарты сақталмайды


Красноярск түрмесінде жазасын өтеп жатқан әйел тігін станогында жұмыс істеп тұр.
Красноярск түрмесінде жазасын өтеп жатқан әйел тігін станогында жұмыс істеп тұр.

Ресей билігі түрмедегі тұтқындардың еңбегін пайдалануды күшейте түсті. Түрмедегі жұмысты «азаптауға» теңеген сотталғандар өздерінің қорғансыз күйі мен тәуелсіз бақылаушылардан қайыр аз екеніне шағым айтады.

ТОЛОКОННИКОВАНЫҢ АШЫҚ ХАТЫ

2012 жылы тамыз айында ИК-14 түзеу колониясына түскен Надежда Толоконниковаға сол жердегі басшының орынбасары «саяси көзқарасыма келетін болсақ, мен – сталиншілмін» дегенді мақтанышпен айтқан. Бұл сөздің растығына көп ұзамай Толоконникова іс жүзінде көз жеткізген.

«Діни жеккөрушілікке негізделген бұзақылық» деген айыппен сотталған Pussy Riot белсендісі «түрмеде құл тәрізді еңбек етуден» бас тартып, аштық жариялаған еді. 2013 жылдың қыркүйегінде жариялаған ашық хатында ол түрме басшылығы сотталғандарды «тігін өндірісіне қажетті мал» сияқты пайдаланады деп айыптады.

2013 жылдың желтоқсанында амнистиямен босап шыққан Толоконникова содан бері түрмелерге реформа жасауға шақырып келеді.

Надежда Толоконникованың абақтыдағы суреті. Парца кенті, Ресей, 25 қыркүйек 2013 жыл.
Надежда Толоконникованың абақтыдағы суреті. Парца кенті, Ресей, 25 қыркүйек 2013 жыл.

Толоконникова мен басқа да белсенділердің наразылығына қарамастан, ресейлік билік сталиндік дәуірден мұра болып қалған жағымсыз құбылыс – тұтқындар еңбегін пайдалануды күшейте түсті. Мысалы, ақпан айында Жазаны орындау федералдық қызметі (ФСИН) мемлекеттік жинақ банкі – Сбербанкпен «Сауда үйін» құру туралы келісімге қол қойып, Ресей түрмелерінде жасалған өнімдерді сатумен айналысады. Жобаның мақсаты – сотталғандар еңбегін пайдаланып, мемлекетке кірісті көбейтуді көздейді.

Шілде айында билік өкілдері тұтқындардың қоғамдық жұмыстарға араласып, Ресей мен оның аннексия жасап алған аймағы – Қырым арасындағы Керчен шығанағы үстіне көпір салуға қатысатынын мәлімдеді.

«The New Times» журналының жазуынша, ресейлік тұтқындардың 30 пайызы – шамамен 219 мың адам – бұрыннан түрмеде жұмыс істеп, Ресей үкіметіне жыл сайын 1 миллиард доллар пайда түсіріп отыр. Олардың көбі Толоконникова сияқты тігін машинасына отырып, биялай мен аяқ киім тігеді, ал басқалары ағаш кесетін немесе металл құятын өндірісте істейді.

Түрмедегі жұмыс орнында пима басып жатқан тұтқын. Красноярск, Ресей, 16 қараша 2011 жыл.
Түрмедегі жұмыс орнында пима басып жатқан тұтқын. Красноярск, Ресей, 16 қараша 2011 жыл.

Орта есеппен алғанда, ресми дерек бойынша, тұтқындар күн сайын 196 рубль (5,50 доллар) табыс түсіреді. Сотталғандар мен еркіндіктегі азаматтарға еңбек туралы заң ортақ.

Толоконникова болса, түрме билігіне Еңбек кодексіне сай қызмет етемін деп мәлімдеген кезде, «қажетті мөлшерді дайындағанша тігін машинасының алдында отырасың» деген жауап естігенін айтады. Хатында ол жұмыс күнінің ұзақтығы 16 сағаттан асып кететіні, тұтқындардың алты аптада бір рет қана демалатыны туралы айтады.

Еңбек шартының «азаптаумен» парапар екенін жазған ол, тұтқындарды ашықтыру, ұйықтатпау сияқты амал-тәсілдер қолданылады дейді. «Шағымданған күнде ресми және бейресми әдістерді пайдаланып, жазалайды» деп жазады Толоконникова.

БИЛІК БӘРІН ЖОҚҚА ШЫҒАРАДЫ

Мордовиядағы Толоконникова жұмыс істеген түрмеге киім тіктіретін «Спецодеждаоптторг» фирмасының бас директоры Нина Старикова Slon.ru сайтына берген сұхбатында белсендінің пікірін «жала» деп атады.

«Музейде әдепсіздікпен айналысқанша (Толоконникова 2008 жылы наразылық шарасына қатысып, Мәскеудегі мемлекеттік биологиялық музейде жыныстық қатынас жасағандардың арасында болды), тігін тігуді үйренгені дұрыс еді. Ол біліктілігін арттырып, еңбекке дайындалуы қажет еді» дейді Старикова.

«The New Times» басылымына сұхбат берген, бұрын түрмеде отырған азаматтар Толоконникованың шағымын растады.

Красноярск түрмесіндегі тігін шеберханасында. Ресей, 21 қараша 2013 жыл.
Красноярск түрмесіндегі тігін шеберханасында. Ресей, 21 қараша 2013 жыл.

Орлов облысындағы ИК-6 лагерінде 8 жыл жазасын өтеп шыққан Оксана Фасхулдинованың айтуынша, тігін шеберханасы шаң-тозаңға толы болатындықтан тұтқындардың көбі өкпе дертіне шалдығады. «Арнайы тапсырыс түскенде әдеттегіден көп, күндізді төрттен таңғы бес-алтыға дейін жұмыс істедік. Фарбика тоқтаусыз жұмыс істейтін» дейді ол.

Сол сияқты, Рязань облысындағы түрменің тігін шеберханасында үш жылдан астам жұмыс істеген Игорь Крошкин осы уақыт ішінде ресми түрде 9498 рубль қаржы тапқанын айтады, яғни аптасына 74 рубльден айналған. Бірақ оған тек 2374 рубль төлеген.

Дмитрий Бармин Киров облысындағы колонияда ағаш кесуші болып істеп, тәулігіне 12 сағат еңбек еткенін айтады. Түрме бастықтары «бұндай шағымдарды тексердік, бәрі негізісіз болып шықты» деп бірнеше рет мәлімдеді.

Мордовияда Толоконникованың шағымын қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Геннадий Морозов тексерді. Ол Надежданың сөзін жоққа шығарып, ИК-14 колониясындағы тұтқындар өз жағдайларына қанағаттанады деді. Морозов бұрын Мордовия түрме бастығының орынбасары болып та істеген. Белсенділер жергілікті бақылау комиссиясының мүшелері ФСИН өкілдерімен сыбайлас дейді.

Мамыр айында президенттік адам құқы жөніндегі комиссия ИК-14 колониясына барып, жағдаймен танысты. ФСИН сайтында сол жайында баспасөз хабарламасы жарияланды.

«ИК-14 колониясында жазасын өтеп жатқан әйелдер қанағаттанарлық жағдайда жұмыс істейді. Терезелер үлкен, жарық жақсы түседі. Жаңа тігін машиналары бар» деді комиссия мүшесі Мария Каннабих.

Владимир Абариновтың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG