Accessibility links

Бауыржан Байбосын, Василий және Ольга Журавлевалар – саяси тапсырыста қосақ арасында кеткен құрбандар


Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Бауыржан Байбосын (сол жақта) концертте. Алматы, 2005 жыл.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Бауыржан Байбосын (сол жақта) концертте. Алматы, 2005 жыл.

2006 жылдың ақпан айында оппозиция басшысы Алтынбек Сәрсенбайұлымен бірге оның көмекшілері Василий Журавлев пен Бауыржан Байбосын да кісі қолынан қаза тауып, қастандық құрбандары болды. Арада бір жыл өте кенеттен Василийдің әйелі Ольга Журавлеваның жүрегі соғуын тоқтатты.

Василий мен Ольга Журавлева туралы естеліктер Ольганың көзі тірісінде айтқан әңгімелері мен отбасы достарының естеліктерінен құралады. Ал Бауыржан Байбосын туралы оның қарындасы Жанат еске түсіреді.

Василий Журавлев соғысқа қатысқан әкесінің қатал мектебінен өткен

Василий Журавлев 1959 жылы Алматыда жұмысшы отбасында өмірге келген. Әкесі Григорий Васильевич мінезі тым қатал, балаларына өте қатты, кейде тіпті аяусыз қарайтын адам болған. Өзіне-өзі қатал қарауды Василий өзі кейіннен мойындағанындай, әкесінен дарытқан. Бұрын соғысқа қатысқан әскери әке үлкен ұлы Александрды, қызы Галина мен ең кішкене баласы Василийді бір қатарға тұрғызып қойып, ұзын дәліздің бойымен адымдатып жүргізіп қоятын болған. «Егер мен сендерді еңбек пен тәртіпке үйретпесем, онда басыма найзағай оты түссін» деп қарғанады екен сұсты әкесі.

Шынымен солай болды да: барлық балалары көршілердің көзайымы болып, өздеріне-өздері берік, тәртіпті болып өсті. Өзара тату болды. Ата - аналары бақилық болғаннан кейін арада көптеген жылдар өткенде Василий әкесінің осы «қатал тәрбиесін» сағына еске алатын. Василий өткенді еске түсіргенді ұнататын. Әкесінен қорғану үшін кереуеттің астына, біресе, анасының арқасына тығылып қалатынын, неге жазаласа да әкесінің ешуақытта әділетсіздік жасамағанын және де аса ауыр жазаламайтынын еске алып отыратын. «Ох, сенің атаңнан көрмегенім жоқ, – дейтін еді ол қызы Татьянаға– бірақ өзіме де сол керек, мен бір орында тұрмайтын ұшқалақ әрі тентек едім»,- дейтін ол.

Есейе келе олар өмір бойы жүргізуші, жұмысшы болып еңбек еткен әкелерінің өз тәрбиелеріне неге қатты көңіл бөлгенін түсінді.Үлкен Журавлевтің өмірі қиыншылыққа толы болды: ашқұрсақ балалық шақ, соғыс, жаралану, концлагерь және елге жексұрын болған жылдар. Сондықтан ол балаларының өмірінің басқаша болуын ойлады. Лайықты өмір сүру үшін, нағыз адам болу керек деп ой түйген.

Қайта құру кезеңінде ғана билік оның соғыс кезінде көрсеткен ерлігін еске алды. Сөйтіп, Алматы қалалық әкімшілігі оған Жеңіс күні қарсаңында жап-жаңа «Запорожец» машинасын сыйға тартты. Бұл СССР дің құлауының алды еді, ал оған дейін партия шенеуніктері оның ғана емес, баласы Василийдің де өмірін аяқасты етіп үлгерген еді.
«Васек», «Григорьич» – осындай аттармен Василий Журавлевтің достары мен ең жақын адамдарының әрқайсысы өздерінше еркелететін. Василий оларға күле қарап, өзінің әлеуетті қолдарымен алақандарын қысатын. Василиймен араласу өте жеңіл және біз оған ықыласты болатынбыз дейді достары.

Егер қасымызда Василий болса кез- келген жерге қорықпай бара беретін едік,- дейді оның достары. Ол бәрімізді бір бірімізбен татуластырып, керек болса қорғап, қамқорлық жасап жүретін. «Барлауға баруға болатын адам» деген сол болатын »,- дейді Журавлевтар отбасының достары Татьяна мен Александр Золотаревтар.


Екі алғыш пен үздік оқушы. Василий мен Ольганың сүйіспеншілік тарихы


Әкесі қаншама қатал болғанымен бала ержетіп, өз дегенін істейді. Василийге қарап оның кенже ретінде еркелеп өскенін білуге болатын еді. Сабақ кезінде Василий оқудан гөрі далаға шығып кетіп, киноға баруды немесе балалармен қыдырыстап жүруді көбірек армандап отыратын.

Ол футболды жанындай жақсы көрді. Пелеге ұқсағысы келіп, сабаққа зауқы болмай, уақытының көбін математикалық теңдеулерді үйренуден гөрі доп тебуге жіберетін. Бірақ обалы не керек, ол жақсы ойыншы болатын. Сондықтан да ол көзге түсіп, республиканың жасөспірімдер командасына алынып, бірнеше матчтарда ойын көрсетті.
Василий Журавлев қаза табардан бір жылдай бұрын. Алматы, 2005 жыл.

«Біз Василий екеуіміз бір мектепте оқыдық,- деді осы жолдарды жазып отырған авторға Василий Журавлевтің жесірі Ольга 2006 жылы жаз айында дәл өлерінен жарты жыл бұрын – Мен екі класс төмен оқыдым, Васяны бәрі білетін, ол бүкіл мектеп бойынша ең көрікті, сымбатты жігіт болатын. Оның үстіне төбелесе кететін тентектігі бар еді. Сонысымен қыздар назарын өзіне аударып жүретін. Шағын мөлтекаудан балалары арасында оның беделі жоғары болды. Оның маңайында үнемі топырлап толып жүретін балалардың бәрі де негізінен, футбол десе «ішер асын жерге қоятын» жанкүйерлер болатын. Алайда оның кейде екілік алатынына, тентектігіне қарамастан оны бәрі адалдығы мен ақкөңілділігі үшін қатты сыйлайтын. Мен оның жас кезінде де, есейген шағында да біреуге нақақтан - нақақ қиянат жасағанын көрген де естіген де емеспін.

Егер мектеп әкімшілігі оны бір төбелес үшін жазаласа, артынан оның адалдығы белгілі болып шығатын.Мен оны асыра мақтап, бір рыцарь жасайын деп отырған жоқпын, ол туралы сыныптастарынан да сұрасаңыз осылай дейтініне сенімім мол.

Сіз оның жерлеуіне қанша адам жиналғанын көрсеңіз ғой. Оны соңғы сапарға мыңдаған таныстары шығарып салды. Олардың арасында мектептегі достарымен қатар, жұмыстас болған әріптестері, бұдан 30 жыл бұрын мектеп бітіре салысымен еңбек жолын бастағанда қатар жұмыс істеген ақ сақалды қарттар да келді.


Василий оныншы сыныпта оқып жүргенде, 8 сыныптағы Ольгаға қырындай бастады. Бірақ одан түк шықпады. Ол кезде олар 1-Алматы вокзалына жақын элеватор маңайында тұратын. Ольга мектептегі ең үлгілі қыз еді. Оқу озаты, комсомол белсендісі, өнегелі оқушы болатын. Василийдің Алматыға танымал адамның қызын өзіне қарататын мүмкіндігі аз еді (Ольганың шешесі ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау министрлігінің жүйесінде еңбек еткен Социалистік Еңбек Ері болатын)

Василий 18 жасқа толысымен оны әскер қатарына әкетті. Міндетін өтеп қайта салысымен Василий Ольганың үйіне кітап оқуды сылтауратып келуді жиілетті. Себебі ол кітап оқуға құштар болатын. Тарихи романдарды, соғыс тақырыбын, шытырман оқиғалы кітаптарды оқитын. Ал Ольганың үйінде ондай кітаптар сықасып тұратын.

Үш айдың ішінде Василий, ол кезде өзі де техникум студенті болып жүрген, Ольганың бар кітабын оқып тауысты. Кейіннен «Қол жетпейтін княгина» деп аталып кеткен Ольганың Василийдің өзіне деген сезімінің таза екеніне көзі жете бастайды. Арада бес ай өткенде Василий Ольганы киноға шақырады, сол кезде ғана Василий бірінші рет қыздың қолынан ұстау бақытына ие болады.

Василиий мен Ольга бақытты жұптар еді

1981 жылдың көктемінде Василий мен Ольга үйленеді. Үш жылдан соң Татьяна деген қыздары өмірге келеді. «Қызымыз бірінші класқа барғанда, ұлды боламыз» деп жоспарлап қойған. Журавлевтердің басы қосылғанда жастарға қарап, «ендігі үміт сендерде, Журавлевтерге алып туған ұл керек» деп мәз-мейрам болатын. Бірақ, амал қанша ол маңдайға жазылмапты.

Үйленген соң Василий милицияға жұмысқа тұрды. Алайда әкесінің өткен тарихы бұл арманын да жоққа шығарды. Сол кезде Ресейден демалысқа келіп жатқан бауыры Александр оны Ленинградқа шақырды, сонда милицияға, немесе футбол клубына орналастырамын, бірге кетейік дегеніне ол көнбеді. Ол «Мен ешуақытта ата - анамды, туған жерімді тастай алмаймын» деді ол.

«Оның несін жасырайын, барлық отбасындағыдай біздің қарым-қатынасымызда да неше түрлі жайттар болды. Өкпелесіп, түсінісе алмай, қызғанышқа жол берген кездер де болды. Ал қуаныш пен бақытқа толы күндеріміз көп еді. Ол балажанды, отбасына мейірімді еді, мені ренжітпеуге тырысатын. Ол үнемі көңілімді көтеріп: «Мен үшін отбасым бәрінен де жоғары, мен Таням үшін бар өмірімді беремін» деуші еді.

Үш айға дейін оның жоқ екендігіне көндіге алмай жүрдім. Таңертең ояна салып, төсегіне меңірейіп қарап отырамын, маған ол төсекте ұйықтап жатқан сияқты сезілетін. 28 наурызда күміс тойымызды жасамақ болғанбыз. Мен оны өз қиялыммен, ойыммен ғана атап өттім. Сол күні қаншама жыламауға тырысқаныммен, күшім жетпеді, кешке қарай өкіріп жыладым».

Ольга Василийді жақын біле бастағалы бері оның жанының кеңдігіне таң қалды. Ірі тұлғасына, бойының ұзындығына, кең жауырыны мен ойнап тұратын бұлшық еттеріне қарамастан, оның жаны сондай нәзік екен. Ол өте сезімтал адам еді. Көмек сұрай келгендерге қол үшін беруден аянбайтын. Машина жөндеу керек болса жүгіре жөнелетін, біреуге ақша керек болса да, «мә, ал, ұялма, мүмкіндігің болғанда берерсің» деуші еді. тіпті қан керек болса да аянбайтын.

25 жыл бірге отасқан жарын Ольга енді одан әрі сүйе түскендей. Өзі мектепте жақсы оқыса да уақыт өте келе Василийдің білімінің көптігін мойындайтын. Телевизордан «Миллион кімге бұйырады» ойынын көрсеткенде сұрақтардың 95 пайызына бірінші болып дұрыс жауап беріп отыратын. Бәрі оған: «барып, қатыссаңшы» дейтін. Бірақ оның жұмысы көп, оның үстіне футбол ойынына уақыт бөлетін.

Қайда еңбек етсе де алда жүретін. 1980 жылы ол Алматыда нан өнімдері зауытында істеді, сол кезде жарыс жеңімпазы ретінде Венгрияға сапарға барып, соңынан аудандық кеңеске депутат болып сайланған. Сол кездерде оған керемет сенім артатын.

Осылайша, бақытты ғұмыр кеше берер ме еді, егер оны Алтынбек Сәрсенбайұлымен және Бауыржан Байбосынмен бірге өлтірмегенде?Ешқандай жазықсыз, ақылды, шарапатты адамды, отбасымыздың басшысы мен тірегін атты да тастады.

Василийден айрылу Ольганың жүрегіне ауыр соқты


2006 жылы жазда Алтынбек пен оның көмекшілерін өлтірушілер үстінен сот болды. Сот Талдықорғанда, Алматы облыстық сотында өтті. Алғашында Ольга Журавлева соттарға қатысып жүрді, кейіннен өзін жаман сезіне бастаған соң сот процестеріне бара алмады. Оның көз алдында қалған соттағы көріністер мынадай:
Ольга Журавлева. Алматы, 18 шілде, 2006 жыл

«Талдықорғанда сотта отырғанымда, сотталушылардың ойында не бар екенін түсінуге тырысып бақтым. Мен өзім табиғатымнан қатігез емеспін, мен сергек те ойлы болуға тырыстым. Вася да мені соған үйреткен. Бірақ, сотта көргендерім мені қатты ызаландырды.

Сотталушы орындығында отырғандар қылмыс жасағандарына қарамастан, тіпті ол туралы селк еткен де жоқ. Олар бір- бірімен өзара әңгімелесіп, күліп, өздерін еркін сезініп отырды. Солай бола ма? Оларда ұят та, жүрек те жоқ екен.

Василий 20 жасында армияда міндетін атқарып жүргенінде, бақылау -өткізу пунктінде кезекшілікте отырғанында бір әйел жүгіріп келіп, «ұлымды құтқарыңдаршы» деп жылайды. Оның екі жастағы баласынан көп қан кеткендіктен оған бірден тікелей қан құю қажет болған. Сол кезде Василий ойланбастан оған өзінің қанын беруге келіскен.

Төсекте баламен қатар жатқанында, қиналған баланың солған тартқан өңіне біртіндеп қызыл шырай жүгіріп, жылу құйылғанын көрген Василий ол бала сауығып кеткен соң да, қашан әкерден қайтқанынша бала мен ата-анасының ең сүйікті күтіп отыратын қонағына айналған.

«Мен сол баланы қатты көргім келеді. Ендігі ол 29-ға келген болар. Қандай өмір сүріп жатыр, бақытты ма екен? Оның бойында менің ең қымбат әрі сүйікті адамымның қаны бар ғой. Мен мүмкін сол баланы іздеумен айналысатын шығармын»,– деген Ольга Журавлева арманына жете алмады.

Василийдің өлгеніне бір жыл толғанда, 2007 жылдың ақпан айының соңында Ольга Журавлева кенеттен қайтыс болды. Ол өлерінің алдында сол кезде мен жұмыс істеп жүрген редакцияға жиі – жиі телефон шалып, өзінің пікірін, ойларын, қобалжуларын айтып жүрді. Ол Василийге арнап өлеңдер жазатын және оны оқып беруден жалықпайтын. Өлеңдерінде Василийге деген махаббаты, сағынышы, күйзелісі бәрі анық сезілетін. Бұрын ешқашан ауырып көрмегеніне қарамастан, ол бір жылдың ішінде жүрегіне соншама ауыр күш түсірді, шынын айтқанда, қайғы отына күйіп кетті...


Бауыржан жасынан сурет салуғы құмар болатын

Бауыржан Байбосын бар-жоғы 28 жылға толмайтын өмір сүрді. Ол енді ғана 31 жасқа толар еді. Ол Алтынбек Сәрсенбайұлының көмекшісі әрі оққағары болатын.

Бауыржан Байбосынның ең кішкене жалғыз қарындасы Жанат Байбосынова Алматы әлем тілдері университетін бітірген. 22 жаста. Ағасы аяқ астынан жоқ болып кеткен кезде ол оның ұялы телефонына тыным бермей қоңырау шалып, өзін қоярға жер таппаған.
Бауыржан Байбосын қаза табардан бірер ай бұрын Алматының Жібек жолы бойында.


Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында сол күнгі қорқынышты оқиға, отбасы және ағасы жайлы Жанат Байбосынова былай дейді:

«Біздің шешеміз Шығыс Қазақстан облысы жақтан, ал әкеміз Оңтүстік Қазақстан облысынан, бірақ Өзбекстанда туып, сонда өскен. Екеуі де жоғары оқу орындарын бітірген соң, жас мамандар ретінде жолдамамен Ташкентке барған. Осында кездесіп, бірін-бірі ұнатып, отбасын құрған. Әкем көптеген жерде жұмыс істеген, тіпті бір кездері ішкі істер министрлігінің органында да жұмыс істеген. Ол құдайға сенетін, діндар адам.

Ата- анамыз біраз уақыт Өзбекстанның Сырдария облысында да тұрған. Үлкен бауырым Бақытжан 7 жасқа толмай тұрып, ол Бауыржаннан бар - жоғы бір жас үлкен, ата-анамыз Ташкенттен пәтер алады. Сөйтіп, біз бәріміз, үш баламен бірінші кластан бері Ташкентте тұрып, мектепті орысша оқып бітірдік.

Бауыржан әке-шешеміздің айтуынша жас кезінен –ақ өз бетінше болғанды ұнатқан. Бастауыш класта –ақ сурет салумен шұғылданып, соңынан әшекей заттарды жасаумен айналысқан. Әлі күнге дейін ата-анамыз оның осы қасиетіне таң қалады. Оған бұл кәсіпті ешкім де үйреткен емес. Ал 9 класта оған қызыққаны сонша, Ташкенттегі училищенің зергерлік заттар жасау шеберлігі бөліміне түспек болған. Оған отбасы қарсылық білдірген жоқ.

Училищені тамамдаған соң әкеміз оған Алматының оқу орындарына баруға кеңес береді. Әкеміздің ондағы мақсаты әріде жатқан, біртіндеп балаларын Қазақстанға әкелу еді. Олар балалар оқуын бітіріп, жұмысқа жараған соң отандарына қайтуды армандаған.

Дегенмен, істің өзі осылай ауып келе жатты. Бақытжан Шымкенттегі жоғары оқу орнын бітірді, ал Бауыржан Абай атындағы Алматы университетінің көркем -графика факультетін бітіріп, соңынан магистратураға түсіп, оны қызыл дипломмен аяқтады. Сосын Алматыға оқуға түсуге мен де аттандым.

Сөйтіп, Бауыржан метал мен ағаштан музыкалық аспаптарды жасау шебері, бейнелеу өнерінің, сондай- ақ, техникалық және компьютерлік графиканың маманы болды. Бірақ зергерлік жұмысын да ұштай берді. Ол өз қолымен домбыра жасап, түрлі зергерлік әшекей заттарды да жасайтын. Оның біраз бөлігі туған үйінде сақтаулы, біразын тапсырыспен жасаған. Ал дипломдық жұмысы, «ең үздік» деп танылғандықтан, Қазақ педагогикалық университетінің музейінде сақтаулы тұр.

Спорт оның ермегі еді

Бауыржан спортпен жас кезінен бастап айналысты. Алғашында таэквондомен айналысып, жарыстарға қатысып жүрді. Жоғары кластарда жүргенде –ақ ол өте күшті әрі төзімді болатын. Бірақ мен ес білгелі бері оның өзінің спорттық күшін бөгде мақсатқа жұмсағаны туралы естіген емеспін. Айтып отырғаным, оның ешкіммен төбелеспеуі, себебі, оның мінезі өте жұмсақ болатын.

Ол көпшілікпен тез тіл табысып кетпейтін, тұйық жүретін. Достары аз еді. Ол өзімен өзі болып, спортпен, оқуымен шұғылданатын.

Ол нағыз спортпен Алматыда айналысты. Мұнда әкеміздің жекпе-жек күрестен спорт шебері, республикамыздың еңбегі сіңген жаттықтырушысы Малдыбеков Сабыр деген ескі досы бар. Бауыржан сол кісіде жаттыға бастады және оған шындап кірісті.

Оның шеберлігін байқап, жарыстарға да шақырылып жүрді. Ол Ішкі істер министрлігі жүйесіне қарайтын « Динамо» секциясында жаттыққандықтан олардың намысын қорғап та жүрді. Бірде Астанада болған бір жарысқа, жарақат алғанына қарамай барып, 2 орын алды. Соңынан сарапшылар мен жаттықтырушылар егер оның жарақаты болмағанда, 1 орын алар еді деп өкінішін білдірген.

Кейіннен естігенімдей, осыдан соң оны İшкі істер министрлігі жүйесіне жұмысқа шақырмақ болғанымен, оның Қазақстан азаматтығы болмағандықтан ол жүзеге аспай қалған.

Магистратураны аяқтағанда, оған сондағы профессорлар оның ғылымға деген ынтасын байқап, аспирантураға қалуын өтінген, бірақ ол да орындалмай қалды ғой.


Сол бір қаралы күні ағасы мен қарындасы театрға баруы керек еді

Қайғылы оқиға болған уақытта мен екінші курс студенті едім, жатақханада тұратынмын. Біз Бауыржан екеуіміз соншалықты жиі араласқымыз келгенімен, ылғи олай бола бермейтін. Оның өз жұмыстары жетерлік, ал менің оқуым бар дегендей. Алтынбек Сәрсенбайұлында Бауыржан екі жылдай жұмыс істеді.
Бауыржан мен Жанат Байбосындар 2006 жылғы 11 ақпандағы қайғылы қазадан аз ғана бұрын. Алматы.


Осы қайғылы оқиғаның алдында маған ағам телефон соқты. Ол жұма, ақпанның 10-ы күні болатын, Ол мені театр ма, музей ме бір жерге апаруға уәде берді. Әлі күнге дейін, бүгінгідей есімде, сол күнгі Бауыржанның дауысы өте шаршаңқы естіліп еді. Сол кезде «Нағыз Ақжол» партиясында жұмыс өте көп болатын, олар сайлауға әзірленіп жатты ғой деймін.

Ал келесі күні одан қоңырау болмады. Мен ойладым, әдеттегідей тағы жұмысы болып қалған шығар деп. Ойладым: егер бірдеңе болса, ұялы телефонға қоңырау шалар деп. Келесі күні жексенбіде оған өзім телефон соға бастадым, қайда кете қалды, телефон соғуға уәде берді емес пе деп. Толассыз телефон соға бердім, бірақ ешқандай да байланыс болмады.

Бір кезде мен өзімді қолайсыз сезіне бастадым. Жүрегімді бір үрей жайлағандай болды. Жалғыз өзім жүріп қайтайын деп шештім, бірақ бұрын ешуақытта жалғыз жүрмеуші едім.

Есімде, Әуезов көшесімен жоғары көтерілгенім, денем ауырлап, жаным жай таппады. Мен не болғанын түсіне алмадым. Кешке қарай да бір түсініксіз мазасыздықпен жатып қалдым.

13 ақпан, дүйсенбіде, сабаққа бардым, бірақ күні бойы бір қорқыныш бойымды буып тұрды. Бауырымның қалін білмек болып, телефонын қайта- қайта тере бердім. Өзімді өзім ол шаршаған шығар, сосын телефонын өшірген болар деп жұбатумен болдым.

Кешкісін маған осы Алматыда тұратын бір туысым телефон соқты да, Бауыржанның қалы қалай деп сұрады. Сосын дауысын бәсеңдетіп, аса сақтықпен: «Сен кешкі жаңалықтарды көрдің бе?» деді. Мен «жоқ, көрмедім» дедім. Сол кезде ол маған: «Жаңалықтарда оппозицияның басшысы Алтынбек Сәрсенбайұлы өлтірілді» деп хабарлады, сенің Бауыржаның да сонымен бірге істеуші еді ғой, онда бәрі дұрыс па?"- деді.

Осы сөзден кейін менің ішімде бір нәрсе үзіліп кеткендей, тас- талқан болды. Мен неге екі күн қатарынан үрейленіп жүргенімді бірден түсіндім. Мен бірден «Нағыз Ақжол» партиясының кеңсесіне телефон шалдым. Телефон тұтқасын бір қыз көтерді, менің кім екенімді сұрап білгеннен кейін, әлі аяғына дейін белгісіз, сіз уайымдамаңыз деп басу айтты. Мен телефон трубкасын қоя салып, бірден партияның кеңсесіне тарттым. Арада көп уақыт өтпей-ақ, Алтынбек Сәрсенбайұлы және Василий Журавлевпен бірге менің бауырымның да өлтірілгені анық болды.

Ташкенттегі ата-анама мен хабар бердім. Шешем мұндай қайғыны ести салысымен төсек тартып жатып қалды, оның жүрек талмасы ұстады. Әкем жалғыз өзі келді. Бауыржанды біз Ташкент маңайындағы туған аулына, бабаларымыз бен туыстарымыздың бейітіне апарып жерледік.

Әкем бір Аллаға сенгендігінің арқасында қайғыны қаймықпай қарсы ала білді. Мүмкін, оның жаны тілім-тілім болып жылап жатқан шығар, бірақ сыртқа білдірмеді. "Бәрі Алланың ісі. Алла өзі берген өмірін өзі қайтып алады",-деп есептейді әкем.

Бауыржанның әкесі баласынан басқа жұмыс іздеуін өтінген

Бауыржанға әкесі де туыстары да бұл жұмысын тастауды өтінген кез де болыпты. Олар бұл өте қауіпті әрі өте жауапты іс деп ескерткен. Ондай сөзге Бауыржанның жауабы әзір: «Мені уайымдамаңыздар, бәрі орынша, маған Алтынбекпен жұмыс істеген ұнайды, маған басқа жұмыс керек емес. Мен оған керекпін» дейтін.

Енді Бауыржан бауырым бізді мезгілсіз уақытта тастап кеткен соң, мен бір жайтты ғана армандаймын: Әкем мен шешем Алматыға көшіп келіп, бәріміз бірге тұрсақ деп. Бұл Бауыржанның да арманы еді. Өлерінің алдында осы туралы менімен ұзақ сөйлескен болатын. Сол кезде ол пәтер жалдап бірге тұруды ұсынған еді. Әттең, үлгермеді ғой.

Енді Бауыржанның арманын біз орындаймыз. Бауырым Бақытжан әйелі мен баласын алып, Алматыға көшіп келді. Енді тек ата-анамызды көшіру қалды. Мен енді әкем мен шешем қайғырмаса екен деп тілеймін.

Осы үш жыл бойына, соңғы екі айды қоспағанда, менің бауырым тірі,оған ешнәрсе болған жоқ деген оймен жүрдім. Маған ол тек бір жерге кетіп қалған сияқты, міне, міне, келетіндей болып көрінеді де тұрады. Мен оны әлі күнге дейін бір рет те түсімде көрмедім. Бір нәрсені күтіп отырғандай сезіммен күн кешіп жүрмін. Маған не болғанын білмеймін. Мүмкін, мен кенеттен болған қайғыдан әлі арыла алмай жүрген болармын.
Бауыржанның қарындасы Жанат Азаттық радиосының кеңсесінде. Алматы.2009 жыл.



Міне кейінгі екі айдан бері ғана менің жаным ауырып, жабырқап, қорқыныш-үрей сезінетін болдым. Мен бауырымды мәңгілікке жоғалтқанымды енді бар жаныммен түсіне бастадым. Ол енді ғана менің түсіме ене бастады. Соның бәрінде де көз жасым көл болып оянамын.

Көбіне, қалада қыдырып жүргенімде, мен оз ойыммен болып кетемін. Төле би мен Қонаев көшелерінің қиылысына таясам болды, көңілім нілдей бұзылып, жаныма қорқыныш ұялайды. Бір жағынан осындай жан толқулары маған керек те. Себебі осы минуттарда бауырым менің жүрегіме енеді де мен онымен іштей сөйлесе бастаймын, бұрын да екеуіміз солай сырласатынбыз. Осы жерде Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жатақханасында менің ең сүйікті бауырым Бауыржаным тұрған, біз екеуіміз бұл жерде жиі қыдыратынбыз.

Жатқан жерің жайлы болсын, бауырым менің, сен қашан да менің жүрегімдесің»

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG