Accessibility links

«Өз қызын өлтірген» уағызшы айып төлеп құтылды


Сауд арабиялық әйел көліктен түсіп жатыр. Рияд, 26 мамыр 2011 жыл

Сауд арабиялық әйел көліктен түсіп жатыр. Рияд, 26 мамыр 2011 жыл

"Туған перзентіне қол жұмсаған" уағызшының ісі мен «қыз балалар туа сала жүзін жауып жүрсін» деген молданың сөзі Сауд Арабиясында қоғамдық қарсылық тудырды.

The Independent басылымында ақпанның 5-і күні жарияланған мақала «Бес жасар қызын зорлап, ұрып-соғып, азаптап өлімші халге жеткізген сауд арабиялық танымал дін уағыздаушы түрмеден шықты» деп басталады. «Ол шетінеген қыздың құнын «ақшадай» төлеуге келіскен соң бас бостандығын алды. Файхан әл-Гамди қызы Ламаны азаптап, ұрып-соққан. 5 жасар қыздың бас сүйегі мен қабырғалары, сол қолы сынған, денесінің бәрі көгеріп, күйдірілген».

ЕРЛЕРДІҢ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛУЫ ҚИЫН

Әлеуметтік қызметкерлердің айтуынша, кішкентай қыз бала зорланып, өртелген. Women to Drive әйел құқығын қорғау ұйымының дерегі бойынша, «Файхан әл-Гамди қызының бейкүнә екендігіне күмәнданып, оны таяқпен сабап, электр тоғымен күйдірген». Бірақ ол өлім жазасына кесілу немесе өмір бойы түрмеге қамалудың орнына бірнеше ай ғана түрмеде отырып шықты. Енді айыбын «құн төлеп» жаппақшы.

Басылымның жазуынша, «Сауд Арабиясының телеарналарынан түспей, елге насихат айтатын Файхан әл-Гамди Ламаның анасына 50 мың АҚШ долларына жуық айыппұл төлейді. Шариғат бойынша бұл қаржы қыз баланың өтемақысы саналады, өлген ұл бала болса, қаржы мөлшері екі еселенетін еді».

Сауд Арабиясының қатал заңына қарамастан, Women to Drive дерегіне сүйенсек, «бұл елде әкесі баласын өлтіргені үшін қатаң жазаға тартылмайды. Әйелін өлтірген ерлер де жауапқа тартылмайды».

Бұл оқиғаға қарсы шыққан сауд арабиялық тұрғындар Twitter-де #AnaLama («Мен - Ламамын» – ред.) хэштегін ашты. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, елде қоғамдық ашу-ыза бой көтерді. «Енді билік органдары балаға қатыгездік жасаған ата-аналар туралы шағымды 24-сағат бойы қабылдайтын жедел желі ашпақ» деп жазады автор.

«ҚЫЗ БАЛА ТУҒАН БЕТТЕ ЖҮЗІН ЖАПСЫН»

Ал The Daily Telegraph басылымында ақпанның 5-і күні жарық көрген мақала Сауд Арабиясы мен мұсылман елдерінде пікірталас тудырған бурқаны неше жастан бастап кию керек деген дебатқа арналыпты. «Сауд Арабиясындағы дін қызметкері кішкентай қыз балалар бурқа (әйел денесін тұтас жабатын сырт киім) киіп жүруі тиіс деп мәлімдеді» деп бастайды автор.

«Шейх Абдулла Дауд исламдық телеарнаға берген сұхбатында қыз балалардың барлығы жаңа туған кезінен бастап бетін жауып жүруге тиіс деген сөз айтты. Әл-Маджед телеарнасына берген сұхбатында ол паранжа кию баланы сексуалдық шабуылдан сақтайды деп мәлімдеген. Мұндай деректі ол денсаулық және қауіпсіздікті сақтау құрылымдарынан алыпты, бірақ нақты дерек көзін атамады» деп жазады мақала авторы.

Дауд телеарнаға сұхбатты өткен жылы берген. Бірақ «Әл-Арабия» телеарнасы мен әлеуметтік желілер оны биыл қайта жаңғыртты. Пікір жазушылардың көбі «ондай талап Сауд Арабиясы мен Исламның беделіне нұқсан келтіреді» деп санайды.
Сауд Арабиясының жоғарғы сотының бұрынғы судьясы Шейх Мухаммед әл-Джизалан дін қызметкерінің пәтуасына назар аудармауға шақырды. Оның айтуынша, мұндай шешім «Исламды жеккөрінішті етіп, шариғатты қаралайды». Ол бетін тұмшалаған бала ерткен отбасыларды көрсе, көңілі құлазитынын, бұл әрекеттің балаға жасалған әділетсіздік екенін айтқан.

Сауд Арабиясының королі Абдалла мемлекеттің ең жоғарғы органына әйелдерді тағайындағанда елдегі нәзік жандылардың үміті оянған. Монархтың шешімі бойынша, бұдан былай Шура мәжілісіне тағайындалатын 150 адамның 20 пайызы, яғни отызы әйел адам болуы керек.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG