Accessibility links

Ханзадалар патша болмай жатып қартайып барады


Марқұм Наиф бин Абд әл-Азиз әл-Сауд ханзада. Мекке, 3 желтоқсан 2008 жыл.

Марқұм Наиф бин Абд әл-Азиз әл-Сауд ханзада. Мекке, 3 желтоқсан 2008 жыл.

Financial Times Сауд Арабиясындағы тақтың келесі мұрагері жайында мақала басты. Сарапшылар «Сауд билігінің тізгіні кімнің қолына өтсе де, бұл елде даму, өзгеріс болмайды. Бұл ел әлі күнге дейін ортағасырлық тәсілмен басқарылады» дейді.

FT («Файнэншл таймс») басылымының жазуынша, Сауд тағының екінші мұрагері ханзада Наиф бин Абд Әл-Азиздің ажалы король әулетінің екінші буыны үшін «билік енді кімге тиеді?» деген жаңа проблема туғызған. Себебі марқұм болған ханзаданың ағаларының да денсаулықтары нашар. Қала берді олардың өз арасында болашақ тақ иесіне қатысты нақты жоспар әзірше жоқтың қасы.

76 ЖАСАР «ЖАС» ХАНЗАДА

Жасы жетпістен асқанша Наиф ханзада ішкі істер министрі қызметін атқарған. Ол марқұм ағасы Сұлтан ханзада өмірден озған соң бір жыл өтпей жатып дүние салды да, Мекке қаласына жерленді.

Мақала авторы ендігі тақ мұрагері елдің астанасы Эр-Рияд қаласының әкімі қызметінде отырған 76 жасар Салман ханзада болуы мүмкін деп болжайды. Әлемдегі ең көп мұнай өндіріп отырған елдің королі Абдулланың жасы 80-нен асып кеткен. Корольдің көзі тая қалған жағдайда тақтың келесі мұрагері анықталып, билік тізбегі солқылдамауы керек деп жазады Financial Times.

Бірақ сауд патшасының өзімен бірге шау тартқан балаларының арасында Салман ханзададан кейінгі жасырақ буынға жауапкершілік арту қиынға соғуы мүмкін.
Басылым бұл мәселе жайында Сауд королінің отбасына жақын жүрген сарапшының пікірін берген. Оның ойынша, «Наиф ханзаданың өлімі келесі мұрагерлердің жасына қатысты мәселені көтермекші. Король отбасының мүшелері өздері жеке қалғанда ханзадалардың жасына қатысты мәселені талқылайды».

Мақала авторы Салман ханзаданың денсаулығына қатысты проблема барын да ескертіп өтеді. «Алайда ол соған қарамастан патша отбасындағы ең құрметті тұлға. Шетелдегі іс-сапардан да қалмайды. Діншіл Наифпен салыстырғанда Салман ханзада әлеуметтік мәселеде әлдеқайда кең ойлайды» деп сипатталған мақалада.

Сарапшылардың ойынша, Сауд Арабиясының билігіндегі ауыс-түйістер бұл елдің сыртқы және ішкі саясатын көп өзгертпейді. Билік өкілдері әлеуметтік жеңілдіктерді көбейтіп, диссиденттерді қатаң бақылау арқылы көрші елдерді шарпып өткен автократиялық режимге қарсы толқулардан аман қалды.

РЕФОРМА – ЕЛДІ САҚТАП ҚАЛУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ

Саудиялық зерттеушілер де болашақта «Сауд Арабиясы зор өзгеріске ұшырайды» деп ойламайды. «Мұндағы билік консерваторлар мен социалистердің тартысы емес. Әрине әрбір корольдің ел басқару тәсілі әр түрлі. Алайда билік жүйесінде ешқандай айырмашылық жоқ. Король бір нәрсені өзгерткісі келсе оған ешкім қарсы тұрмайды» деген жергілікті сарапшылар.

Бірақ саудтықтар көрші елдердегі өзгерістер мен Сауд билігіндегі дағдарысқа куә бола тұра, өздерінің қоғамдық өмір мен билік жүйесіне ықпалсыз екендеріне көздері жетіп отыр.

Адам құқықтарын қорғаушы саудиялық Мохамед Кахтанидің пікірінше, «билік өкілдері мен халықтың орташа жасының арасындағы өте үлкен айырмашылық проблеманы күрделендіріп тұр». Олардың ойынша тақтың келесі мұрагерге берілу жүйесі анық емес. Олардың билік тізгінін екінші буындағы ұрпаққа қашан беретіні де әзірше белгісіз.

Жергілікті араб сарапшыларының бірі басылымға Салман билікті жасырақ буынға тапсыратын болса, талас туады - өйткені бәсекелестер көп деген болжам айтқан.
Салманнан сәл жастау 72 жастағы інісі – Мекке әкімі Халид ханзада, ұлттық қарулы күштер жетекшісі Митаеб ханзада, қорғаныс вице-министрі Халид бин Сұлтан ханзада, дүние салған Наиф ханзаданың ұлы Мохамед те негізгі кандидаттар қатарында тұр.

Сарапшылар Саудияның осындай билік жүйесіне зерттеу жасай келе король билігі түбі бір тұйыққа тіреледі деп долбарлайды. Олар «түпкілікті саяси реформалар жасау және демократиялық институттарды қалыптастыру арқылы ғана Сауд Арабиясындағы билік пен мемлекетті дағдарыстан аман алып қалуға болады» деп санайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG