Accessibility links

Скандинавияда өздерін ең бақытты сезінетін халықтар тұрып жатыр


Стокгольм тұрғындары. Швеция, 11 сәуір 2010 жыл.
Стокгольм тұрғындары. Швеция, 11 сәуір 2010 жыл.

Legatum институты өткізген зерттеу елді бақытты һәм бақуатты ететін экономикалық өсім емес, өзара сенімнің күштілігі және жемқорлықтың болмауы екенін анықтады.


Қандай жағдайда мемлекеттің әл-ауқаты артып, көркейе алады? Соңғы зерттеулерге қарағанда, мемлекетті бақуатты қылатын және тұрғындарының көңілін жайландыратын факторларға елдегі жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсуі ғана себеп болмайды. Азаматтардың қоғамдық және экономикалық өмірге белсенді араласу қабілеті де аса маңызды рөл атқарады. Зерттеушілер «дамып, көркейген мемлекет» ұғымын анықтауда скандинавиялықтардың не себепті әлемнің басқа елдерінен гөрі өмірге разы екеніне назар аударады.

Көптеген мемлекеттерде авторитарлық билік өкілдері мемлекеттің дамып, көркеюі ұғымын тек экономикалық тұрғыдан ғана сипаттайды. Мысалы, мемлекет мұнайға бай болса, онда билік экспорт көлемінің ұлғайғандығы себепті елдің де байып бара жатқанын айтады. Бұл тұрғыда олар "азаматтарының автократиялық билікке қанағаттанбауға құқығы бар" деген түсінікті қабылдамайды. Себебі басшылық "халықтың наразылық танытуы экономикалық өсімге тек тұсау салады" деп санайды.

Табиғи байлығы жоқ мемлекеттерде де «дамып, көркею» ұғымы осыған ұқсас түсіндіріледі. Бұл мемлекеттер билігінің ұғымында «дамып, көркею» мынадай мағынада қолданылады: «тек мықты билеуші ғана елді жарқын болашаққа апара алады, сондықтан наразылық таныту деген болмау керек».

Алайда мұндай түсінік Мәскеу мен Бакуден бастап Орталық Азияға дейін кең таралғанымен, оған билік басындағылардың тек өздері ғана сенеді. Әлем елдерінде жүргізілген зерттеулер нәтижесі адамдардың мемлекеттің бақуатты болуы мен көркеюін экономикалық табысқа жетумен ғана өлшемейтіндігін көрсетті.

МЕМЛЕКЕТ ҚАЙТСЕ КӨРКЕЙГЕН ҚОҒАМ ҚҰРА АЛАДЫ?

Маусымның 17-19 аралығында бір топ экономист мен әлеуметтанушы адамдардың не себепті өз елін табысты және өз өмірін бақытты деп санайтынын дәл анықтау үшін Лондонға жиналды.

Жиынды өткізуші Лондонда орналасқан Legatum институты жыл сайын әлемнің 110 мемлекетінің көркею мен даму көрсеткіштерін жариялап отырады. Зерттеу мәліметтері негізінен Gallup ұйымы жүргізетін сауалнамадан алынады. Ұйым жыл сайын әр ел бойынша 1000 адамнан сауалнама алып отырады.

Мұндағы әлеуметтанушыларды қызықтырып отырған жайт - Скандинавия елдерінде әлеуметік сауалнама жүргізу басталғалы төрт жыл бойына мемлекеттің дамып, көркею көрсеткішінің үздіксіз өскендігі болып отыр. Аталған аймақ ЖІӨ көрсеткіштері бойынша алда тұр. Бірақ зерттеушілер скандинавиялықтардың өздерін бақуатты елде тұрып жатырмыз деп сезінуіне ел байлығынан өзге де фактор себеп болған сияқты деп санайды.

Аймақ елдерінде сапалы медициналық қызмет көрсету мен білім беру жүйесі қалыптасып, азаматтардың қауіпсіздігі үшін жақсы жағдай жасалған. Мемлекет жемқорлық пен шенеуніктердің алаяқтығы деген мәселеден ада болғандықтан, азаматтардың кәсіп көзін ашып, табыс табуына да еркін жағдай туған. Дегенмен, Скандинавия елдеріндегі адамдардың өз өміріне көңілін толтыратын өзге жайттар да бар болып шықты. Бұл жайттарды авторитарлық режимдер маңызды деп санамайды немесе аяққа таптап отыр деуге болады.

СКАНДИНИВИЯЛЫҚТАРДЫҢ БАҚЫТҚА ЖЕТУІНІҢ «СЫРЫ»

Скандинавиялықтардың пікірінше, өмірге разы ететін жайттарға адамдардың сөз бостандығы, оқу, дауыс беру мен қалаған дінін ұстану еркіндігі жатады екен. Скандинавиялықтарда сонымен бірге әлеуметтік сенім білдіру сезімі де бар. Әлеуметтік сенім білдіру – адамдардың қоғамға және бір-біріне деген сенімге ие болуы, сенуі.

Скандинавиялықтарда сенім білдіру сезімінің жоғары болғандығы соншалық, бірқатар зерттеушілер оны аймақ тұрғындарының не себепті өз елдерін көркейіп, дамыған мемлекет деп санауда көш басында келе жатқандығын түсіндіретін ең маңызды фактор деген пікірге келген.
2010 жылы жарияланған соңғы Даму және көркею көрсеткіштерінде норвегиялықтардың 74 пайызы өзге адамға сенуге болады деген пікір білдіріп, бұл көрсеткіштен әлем бойынша алдыңғы орынға шыққан. Ал Дания мемлекеті 64 пайызбен екінші орынға, Финляндия 60 пайызбен үшінші орынды иеленген. Швециялықтардың 56 пайызы өзге адамға сенім артуға болады деген пікірмен алтыншы орынға тұрақтаған.

Біз швед сарапшысынан скандинавиялықтардың бөтен адамдарға сенуге болады деген пікірінің нені білдіретінін және оның қоғамға келтіретін экономикалық және психологиялық артықшылықтарын түсіндіріп беруін
Андреас Берг, экономист.

сұрағанбыз. Люнд университетінің және Индустриалды экономикаларды зерттеу институтының экономисі Андреас Берг өзге адамдарға сенуді былайша түсіндірді:

- Бұны мен азаматтар арасында кең тараған жалпы көп адамдарға сенуге болады деген пікір деп санаймын. Көптеген адамдар сенім білдіру дегенді өзара жасасқан келісім-шарттарға бағыну, іскерлік қатынастарды келісілген уәдеге сай жүргізу және шыншыл болу, уәдеде тұру сияқты жағдайларда қолданады. Яғни, сіз өзге адамға сенім білдірсеңіз, ол да сізге сенім арта алады деген сөз.

Ал оның артықшылықтары бүкіл қоғамға бірдей әсер етеді дейді экономист. Оның сөзінше, өзара сенім білдіру іскерлік байланыс орнатуды оңайлатып, оған қажетті ресми іс-қағаздар мен бақылау-қадағалау шараларын да азайтады. Адамдардың қоғамға пайдалы бағдарламаларды жасауына да мүмкіндік береді.

ҮЛГІ АЛАРЛЫҚ МЕМЛЕКЕТ

Әл-ауқаты жоғары мемлекет саналатын Швецияда адамдардың бір-біріне сенімділігінің жоғары болуы соншалықты, азаматтар мемлекеттің әлеуметтік қызметіне көмек көрсету үшін қымбат салық төлеуге де дайын. Себебі олар биліктің немесе өзге азаматтардың мемлекет қаржысына қиянат жасамайтынына сенеді.

Андреас Бергтің айтуынша, «өзара сенімділіктің бірнеше пайдасы бар. Мысалы, екі адам бір-біріне сенетін болса, сауда жасасу оңай, әрі екеуіне де бірдей пайдасын тигізеді. Олар бір-бірінен алдап немесе келісімнен бас тартады деп қауіптенбейді. Тіпті, арнайы келісім-шарт жасасып, оны бекіту үшін тағы да қосымша шаралар атқаруға артық күш жұмсалмайды. Себебі олар бір-біріне сенеді. Осылайша, өзара сенімнің арқасында барлық іскерлік байланыстар барынша оңай жүзеге асырылады.

- Сенім білдірудің тағы бір пайдасы – азаматтар биліктің жемқорлыққа жол бермейтініне де сене алады. Билікке сенім артқан жерде сіз барлық адамға бірдей пайдалы әлеуметтік сақтандыру жобаларын жасай аласыз және оларды ешкімнің жеке басына пайдаланып кетпейтіндігіне сенім білдіруіңізге болады. Осылайша, ол үлкен мемлекеттік басқару секторын құруға септеседі және салықтың экономикаға тигізетін кері әсерін де азайтады, - дейді Андреас Берг.

Скандинавиялықтар мемлекеттік институттарға және адамдардың өзара бір-біріне деген сондайлықты жоғары сенім білдіру деңгейіне қалай көтерілді?

Андреас Берг бұл сұраққа жауап берудің оңай еместігін айтты.

- Бұған нақты жауап беру қиын. Оған қатысты бірнеше тұжырым бар. Кейбіреулер өзара сенім білдірудің жоғары деңгейге жетуі Швецияның бұған дейін біртекті мемлекет болғандығынан дейді. Біз қазір біртекті болмасақ та, бір-бірімізге имандай сенеміз. Басқалары мұның себебін климаттың суық болып келуінен көреді. Өйткені суық аймақта тіршілік ету үшін адамдардың бір-бірімен селбесе өмір сүруі қажет.

Дегенмен, бұл тұщымды жауап бола алмайды, себебі адамдардың өзара сенім білдіруі жоғары деңгейге жеткен өте жылы елдер де бар. Өзгелері сауда, іскерлік байланыстар өзара сенімділікті тудырады деп санайды. Мысалы, егер сіз бір адаммен керісіп қалғаннан гөрі онымен іскерлік байланыс орнатқыңыз келсе, сіз онымен қарым-қатынасқа түсесіз. Егер бір-біріңізге сенім білдіретін болсаңыз, жетістікке де жететініңіз шындық. "Алайда, шынымды айтсам, сенім білдірудің дәл қайдан пайда болатынын айта алмаймын» дейді экономист Андреас Берг.

ТЕК ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ ҰШПАҚҚА ШЫҒАРА АЛА МА?

Адамдардың бір-біріне сенімділігі мен мемлекеттік және қоғамдық институттарға деген сенімділіктің қайсысы бірінші пайда болатынын ешкім білмейді.

«Институттарға деген сенімділіктің күшеюі азаматтардың бір-біріне деген сенім білдіруін де күшейте ала ма, немесе керісінше азаматтардың бір-біріне сенімі күшейсе ол сенуге тұрарлық институттарды құра ала ма» деген сұрақ шведтер үшін маңызды емес. Себебі Швеция мемлекетінде халықтың бір-біріне сенім білдіре алуы әлдеқашан қалыптасып кеткен, әрі қоғам жеке басының емес, мемлекеттің мүддесін ойлайтын азаматтардан сайланған билік жүйесінің қызығын көріп отыр деуге болады. Алайда авторитарлық режимдермен күресіп жатқан мемлекеттер үшін әлеуметтік сенімді қалай қалыптастыру керек деген мәселе материалдық байлық пен жеке тұлғаны игілікке жеткізер жолды табу үшін маңызды болып қалып отыр. Адамдардың өмірін не нәрсе жайлы ететінін білгісі келетін әлеуметтанушы ғалымдар бұл сұрақтардан әлі де айналып өте алмайды.

Қалай болғанда да, экономикалық өсім мемлекеттің дамып, көркеюінің жалғыз жолы емес екенін зерттеушілер әлдеқашан көз жеткізген. Оны Лондондағы соңғы жиын да көрсетіп берді. Бұл авторитарлық елдерде билік институттарының әділ болуы, жемқорлықтың жойылуы және жеке тұлғаның еркіндік алуы үшін күресіп жатқан миллиондаған адамдарды тек жігерлендіре түсетін тұжырым.
XS
SM
MD
LG