Accessibility links

Екі қыздың анасы Әмина Әлиеваның үшінші перзентінің де қыз болатыны анықталған соң жақындары әйелді жасанды түсік арқылы құрсағындағы баладан құтылуға көндірген.

- Баланың жынысын анықтауға енем, күйеуім үшеуміз бардық. Дәрігер қыз туатынымды айтқанда олар ақырзаман келгендей түнерді. Сосын маған «жасанды түсік жасат» деді, - дейді Әмина.

30 жастағы әйелдің айтуынша, гинеколог дәрігер де енесі мен күйеуінің сөзін қолдап, аяғы ауыр ананы жасанды түсік жасатуға үгіттеген.

Әмина құрсағындағы баланы алдырғысы келмеген соң күйеуі оны «ажырасып, қыздарды өзіме алып аламын» деп қорқытқан. Ақырында ол айтқанға көніп, хирургиялық жолмен түсік жасатқан.

ҚЫЗ БАЛАНЫ АБОРТПЕН АЛДЫРУ

Бұл – жалғыз Әминаның басындағы жағдай емес. Әзербайжан тәрізді патриархалдық қоғамда әйелдерден көбіне ұл туу талап етіледі, бұл елдегі гендерлік теңсіздіктің өршуіне ықпал етіп отыр.

Жүкті әйел. (Көрнекі сурет.)

Жүкті әйел. (Көрнекі сурет.)

Әзербайжанда жаңа туған сәбилердің көпшілігі – ұлдар. Елде әр 115 ұлға 100 қыздан келеді. Ал әлемдегі орташа көрсеткіш бойынша 103 ұлға 107 қыздан келеді.

«Кавказдағы қыз балалардың азаюы туралы» 2010 жылғы зерттеуде Әзербайжанда қыз балалардың күткендегіден аз туып жатқаны айтылған. Биыл құрсақтағы баланың жынысына байланысты жасалған 8381 жасанды түсіктің өзі бұл гендерлік теңсіздіктің себебін айқындап тұр.

Бірнеше постсоветтік мемлекеттегі ахуалды зерттеген еңбекте Әзербайжан, Армения мен Грузиядағы 1980 жылдардың соңынан бері өмірге келген қыз балалардың саны 10 пайызға кемігені баяндалады. Тұңғыш сәбиі қыз отбасылардың көбінде екінші бала ұл болса, бірінші болып дүниеге ұл келгендердің келесі перзенттерінде гендерлік теңсіздік байқалмаған.

Әзербайжан мен Арменияда жынысына қарай жасанды түсік жасату дәстүрі қалыптасты деген қорытындыға келген сарапшылар бұл кемшілікті жою үшін отбасын жоспарлау мен заңға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынады.

ГЕНДЕРЛІК ТЕҢСІЗДІК

Жүктілігінің 15-аптасында аборт жасатқан Әмина ол операцияның заңсыз болғанын айтады. Себебі, Әзербайжан заңы бойынша, ана құрсағына бала біткеніне 12 аптадан асып кетсе, аборт жасауға тыйым салынады.

Жүкті әйелді қарап жатқан дәрігер. (Көрнекі сурет.)

Жүкті әйелді қарап жатқан дәрігер. (Көрнекі сурет.)

- Ол қатыгездер баламның аяқ-қолын кесті. Бірақ, мен де кісі өлтірушіге жатамын. Біз дүниедегі ең үлкен күнәға баттық. Әкесі, шешесі, әжесі бәріміз бірігіп, жабайылар құсап шарасыз тіршілік иесін өлтірдік, - дейді Әмина Әлиева.

Бакуде тұратын дәрігер-гинеколог Терена Хазанованың айтуынша, жатырдағы баланың жынысы қыз екені анықталған соң жақындары жүкті әйелдерді түсік жасатуға жиі көндіреді.

- Олар әйелге қысым жасап, аборт жасатудан басқа амал қалмайтындай етеді. Ол «ұл бала көтердің» дегенге дейін баласын алдыра беруі мүмкін, - дейді дәрігер.

Кей жағдайда аналардың өздері де таңдап түсік жасатады, себебі олар да өздерінің ұл тууға міндетті екенін сезінеді.

- Қандай құрбандыққа барып тұрғанын сезсе де олар бұл әрекетін қайталай береді, - дейді Хасанова.

Перзентхана қызметкерлері нәрестелерді емізуге аналарына апара жатыр. (Көрнекі сурет.)

Перзентхана қызметкерлері нәрестелерді емізуге аналарына апара жатыр. (Көрнекі сурет.)

Оның айтуынша, Әзербайжанда ұл балалардың шектен тыс көбейіп кетуінің де сыры осында жатыр. Әділет министрлігінің 2016 жылдың бірінші ширегінде өмірге келген балалар саны туралы есебіне сәйкес, сәбилердің 53 пайызын ұлдар құрап отыр.

- Ұлдардың жиі өмірге келуін басқаша қалай түсіндіреміз? Бұл тек таңдап аборт жасағаннан ғана болады, - дейді Терена Хасанова.

Дәрігер-гинекологтың сөзінше, гендерлік теңсіздік мектептерде анық көрінеді.

- Орта сыныптарда 17 ұлдың арасында 6 қызды, немесе 14 ұлдың ішінде 5 қызды жиі көресіз, - дейді ол.

Психолог Даянет Рзаевтың айтуынша, Әзербайжан сияқты патриархалдық қоғамда көп отбасы ұлды өз әулетінің болашағы ретінде қарастырады.

- Ұлдар отбасының асыраушысы саналады. Сондықтан, ұл босанған әйелді ерекше мақтан етеді, - дейді Рзаев.

Мұнай кенішіне жақын маңда ойнап жүрген ұл мен қыз. Забрат ауылы, Әзербайжан, 8 қараша 2005 жыл. (Көрнекі сурет.)

Мұнай кенішіне жақын маңда ойнап жүрген ұл мен қыз. Забрат ауылы, Әзербайжан, 8 қараша 2005 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қаржылық қиындықтар мен білімсіздік те қыз балалардың жатырда өлтірілуіне себепкер болып жатады. Баланың жынысын анықтайтын технологияның, соның ішінде ультрадыбыстық зерттеу аппараттарының жетілуі таңдап аборт жасаудың өршуіне жол ашып отыр.

Жасанды түсік жасатқаннан кейін Әмина ауыр психологиялық жарақат алды. Аборттың кесірінен отбасы ойран болды.

Ауыр азапты басынан өткерген ол күйеуімен әрі қарай бірге тұра алмайтынын түсінген. Арада алты ай өткенде екеуі ажырасқан. Оның 3 және 5 жастағы балаларын қазір күйеуінің жақындары өсіріп жатыр.

- Сол кезде баланы алдырмасам, ажыраспаған да болар едім, - дейді Әмина.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG