Accessibility links

Ескерткіштен бас тартқанда суреті көбейген президент


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның көшеге ілінген үлкен суреті. Фархор кенті, Хатлон облысы.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның көшеге ілінген үлкен суреті. Фархор кенті, Хатлон облысы.

Тәжікстанда биыл президент күні алғаш рет аталып өтті. Елі тәуелсіздік алған күндері совхоз директоры болған Эмомали Рахмон биыл заң жүзінде «тәуелсіздік негізін қалаушы» деп жарияланды. Сарапшылар Орталық Азияда етек жайған құбылысты жеке басқа табыну көрінісі деп сипаттайды.

Биылғы 16 қарашада Тәжікстанда президент күні бірінші рет аталып өтті. Ресми ақпарат құралдары бұл күн тек қазіргі президент Эмомали Рахмонға ғана емес, елдің барлық басшыларына да қатысты екенін жариялаумен болды.

ҮШІНШІ ПРЕЗИДЕНТ

Ресми демалыс болмағанымен, бұл күндері мектептерде және жоғары оқу орындарында тәжік президенті Эмомали Рахмонды дәріптейтін шаралар өткізілді. Тәжікстан жоғары оқу орындарында биылдан бастап «Эмомали Рахмон – жаңа Тәжікстанның негізін қалаушы» лекция курстары енгізілген болатын. Ел билігі мұны Эмомали Рахмонның емес, «президенттің құзырын арттыру» бағытындағы әрекет ретінде түсіндіруге тырысқан.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон осы қызметке шексіз мәрте сайлануына жол ашатын түзетулерді конституцияға енгізу жөнінде референдумде дауыс беріп тұр. Душанбе, 22 мамыр 2016 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон осы қызметке шексіз мәрте сайлануына жол ашатын түзетулерді конституцияға енгізу жөнінде референдумде дауыс беріп тұр. Душанбе, 22 мамыр 2016 жыл.

1991 жылы 31 тамызда, ел тәуелсіздігін жариялауға 9 күн қалғанда Тәжікстанның тұңғыш президенті Қаххор Махкамов парламент наразылығынан кейін отставкаға кеткен. Екінші президент Рахмон Нәбиевтің тұсында елде азамат соғысы тұтанды. Одан кейін президент қызметін уақытша атқарушылар бекітілгенімен, артынша президент лауазымы біршама уақытқа жойылды.

1992 жылы 16 қарашада Эмомали Рахмон сол кездегі парламент – Тәжікстан жоғарғы советінің төрағасы болып бекітіліп, сол уақыттағы елдегі ең жоғары лауазымды тұлғаға айналып шыға келді. Ал 1994 жылы 6 қарашада өткен президент сайлауында Эмомали Рахмон елдің үшінші президенті болып сайланды. Сол сайлауда екі мәселе – президентті сайлау және билік жүйесінде президент лауазымын қайта енгізген жаңа конституция жобасы дауысқа салынды. Содан бері бұл елде президент сайлауы үнемі 6 қарашада өтіп отырған.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен оның ұлы Рустам Эмомали. 25 желтоқсан 2015 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен оның ұлы Рустам Эмомали. 25 желтоқсан 2015 жыл.

Биыл мамыр айында өткен конституциялық референдум нәтижесінде Эмомали Рахмонның президенттік өкілеттік мерзіміне қойылған шектеуді жою, президенттікке кандидаттың жасын 35-тен 30-ға дейін азайту бекітілді. Бұл Рахмонның 29 жастағы ұлы Рустам Эмомалидің президенттік сайлауға түсіп, мұрагері болуына жол ашты.

Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, Тәжікстанда көпшілік Эмомали Рахмоннан басқа президентті білмейді және президент күні дегенде елдің көкейінде қазіргі басшы тұрады.

«СЕКСЕНІНШІ МЕРЕКЕ»

16 қарашада Тәжікстанда ресми мекемелерде қызметкерлерді президент күнімен құттықтау шаралары, президент Эмомали Рахмон оқыған оқу орындарына оқушылар үшін экскурсиялар, кітапханаларда көрмелер өткізілді. Оқушылар елдің оңтүстігіндегі Хатлон облысы Дангара ауылында президент оқыған мектеп пен Сарбанд қаласындағы кәсіптік-техникалық лицейді (Рахмон оқыған кездегі училище – Азаттық) аралап көрді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон оқыған мектепте оның музейін ашу рәсімі. Хатлон облысы, 16 қараша 2016 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон оқыған мектепте оның музейін ашу рәсімі. Хатлон облысы, 16 қараша 2016 жыл.

Бұл күнгі шаралар туралы Тәжікстан президенті сайтында әрқандай бір мәлімет жарияланған жоқ. Ал елдің ресми «Ховар» ақпарат агенттігінде президент күні – елдегі мерекелер заңы бойынша бекітілген сексенінші ресми мереке екені айтылады.

Агенттік Тәжікстанда ғана емес, Америка, Исландия, Қазақстанда да президент күні және Ұлыбританияда мемлекет басшысы, Тайланда король күні бекітілгенін айтады. Тәжікстанда 6 қарашада конституция күні аталып өткенін еске алған агенттіктің жазуынша, президент күнінің бекітілуі президенттік институтты дамытуға берілген баға және болашақ ұрпақты патриотизмге тәрбиелеудегі «үлгі» болып табылады.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон сол кезде елдің сыртқы істер министрі орынбасары болған үлкен қызы Озода Рахмонға мемлекеттік награда тапсырып тұр. Душанбе, 28 тамыз 2015 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон сол кезде елдің сыртқы істер министрі орынбасары болған үлкен қызы Озода Рахмонға мемлекеттік награда тапсырып тұр. Душанбе, 28 тамыз 2015 жыл.

Ал 8 қарашада Тәжікстан парламентінің депутаттары алғаш рет ант берді. Сол депутаттардың арасында мамыр айында сенат мүшесі болып сайланған ел президентінің қызы Озода Рахмон да бар.

ТАБЫНУ ШАРАЛАРЫ ҰҚСАС КЕЛЕДІ

Былтыр желтоқсанда Тәжікстанда кең ауқымдағы үгіт-насихаттан кейін президент Эмомали Рахмонға «ұлт көшбасшысы» мәртебесі беріліп, арнайы заңмен бекітілді. Өзі туралы заңға Эмомали Рахмонның өзі қол қойды. «Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы - ұлт көшбасшысы» туралы заң бойынша президент пен оның туыстарына ерекше құқықтар берілді.

Тәжікстан парламенті биылғы қазан айында осы заңның жаңарған нұсқасын қайта қабылдады. Былтырғы заң 16 баптан құралса, биылғы заң 19 баптан тұрады. Соңғы заңда Эмомали Рахмонға «ел тәуелсіздігінің негізін қалаушы» мәртебесіне ие болатыны және президенттің көзі тірісінде оған ескерткіш тұрғызылмайтыны айтылған. Бірақ президент күні Тәжікстан қалалары көшелерінде президент портреттері көптеп ілінгені байқалған.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды қолдау жиынында оның үлкен суретінің жанында тұрған адамдар. Душанбе. 3 қараша 2013 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды қолдау жиынында оның үлкен суретінің жанында тұрған адамдар. Душанбе. 3 қараша 2013 жыл.

Мұндай шараларды сынаушылар Тәжікстанда да президент күнінің аталып өтілуін Эмомали Рахмонның жеке басына табыну шараларының бірі бөлігі деп таниды.

Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, тәуелсіз журналист Абдуазим Абдуваххоб, осы шараларды биліктің жағымпаздығының көрінісі деп сипаттаған.

- Бұл экскурсиялар мәжбүрлі шараларға ұласады. Бұндай тәжірибе Қазақстан және Беларусь тәрізді елдерде бар, - дейді журналист.

Қазақстанның қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаев та заң арқылы 2010 жылдан бері «ұлт көшбасшысы» мәртебесіне ие болған. Ал Қазақстанда желтоқсанның 1-і тұңғыш президент күні ретінде 2012 жылдан бері аталып өтіледі.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бар үлкен баннердің жанынан өтіп бара жатқан әйел. Алматы, 30 қараша 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бар үлкен баннердің жанынан өтіп бара жатқан әйел. Алматы, 30 қараша 2015 жыл.

Қазақстандық саясаттанушы Дос Көшім Азаттыққа Қазақстан мен Тәжікстандағы бірінші басшыны дәріптеу шаралары ұқсас екенін айтты. Ол да бұл шараларды биліктің жоғары басшыға жағымпаздану әрекетіне жатқызады.

- Осы шаралардан президенттің беделін арттыру сипаты байқалады. Бұл - авторитарлы басқарудың бір көрінісі. Осы арқылы жасанды мейрамдар көбейіп жатыр. Жеке басқа табыну осындай шаралардан басталады. Мәселен, Қазақстанда президенттің туған күнін Астана күнімен үйлестірді. Ал кез-келген саяси оқиғаны президентпен байланыстыру жеке басқа табынудың көрінісі ретінде қабылданады, - дейді Дос Көшім Азаттыққа.

Оның айтуынша, Орталық Азия елдерінде басқару жүйесі авторитарлы түрде сақталатын болса, «бұдан да сорақы жағдайға куә болуымыз мүмкін».

- Сайып келгенде, алдағы уақытта Орталық Азия елдері басшылығына либералдық бағыттағы адам келе ме, әлде авторитарлы бағыттағы біреу отыра ма – оған да көп нәрсе байланысты, - дейді сарапшы аймақтағы билік транзитіне меңзеп.

Саясаттанушы Дос Көшім Орталық Азиядағы президент күні тәрізді мерекелердің қазіргі басшылар биліктен кеткенде сақталып қалуы күмәнді екенін айтады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG