Accessibility links

ИМ Өзбекстан дәрігерлерін шақырып жатыр ма?


Сириядағы ИМ мен басқа да экстремистік топтарға қанша өзбектің қосылғаны туралы нақты дерек жоқ. Шенеуніктер мен сарапшылар әртүрлі ақпарат айтып келеді.
Сириядағы ИМ мен басқа да экстремистік топтарға қанша өзбектің қосылғаны туралы нақты дерек жоқ. Шенеуніктер мен сарапшылар әртүрлі ақпарат айтып келеді.

«Ислам мемлекеті» содырлар ұйымы білікті мамандарды қатарына қосуға тырысып жатыр. Олар әсіресе, дәрігер мен инженер тәрізді мамандық иелеріне мұқтаж.

Бұл жайында Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздік қызметінің сарапшысы Хусан Мамуров мәлімдеді. Жергілікті басылымдар жазған ақпаратқа қарағанда, Мамуров қыркүйектің 4-і күні «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымы қатарына шақырылғандардың көбі ел ойлағандай соғысатын жауынгерлер емес екенін» айтқан.

«МЕМЛЕКЕТ ҚҰРА АЛДЫҚ ДЕП ДӘЛЕЛДЕМЕК»

Керісінше, ИМ мемлекет құруға көмектесетін білікті мамандарды: дәрігер, мұғалім, электр маманы, тіпті аспаздарды көбейткісі келеді. 12news.uz сайтының жазуынша, Мамуров «ИМ мұндай адамдар отбасымен келіп қосылса, «20-30 мың долларға дейін береміз» деп уәде еткенін» мәлімдеген.

Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметі сарапшысының айтуынша, ИМ жасағы қатарында Өзбекстаннан барған 500-600 адам бар. «Бірақ ИМ бақылайтын аймаққа өткен Өзбекстан азаматтарының нақты саны қанша екені туралы дерек қолымызда жоқ» деді ол.

Мамуровтың бұл деректері әлбетте назар аудартады. Ол «Сирия және Ирактағы ИМ санатына қосылған өзбектердің саны қазіргі болжамнан көбірек болар, себебі біз жауынгер еместерді есепке алмадық» дейді. Шын мәнінде, қанша өзбектің ИМ немесе Сириядағы басқа әскери топтарға қосылғаны белгісіз. Олардың санын шенеуніктер мен сарапшылар әртүрлі айтып келеді.

ИМ сапына медицина мамандарын қосып алуға ынталы. Бұл топ өзіне қосылғысы келетін білікті дәрігерлерді Өзбекстан ғана емес, бүкіл әлемнен іздеп жатыр. Сәуір айында Адам әл-Алмани атты шешен жауынгер (ИМ сапында соғысады) әлеуметтік желіге пікір жазып, медициналық білімі бар ерлер мен әйелдерді Сириядағы «медициналық батальонға» қосылуға шақырды.

Алмани үндеу тастаған кезде ИМ видео жариялады, онда да ғылшын тілді дәрігерлер медициналық мамандарды ИМ басып алған аумақтарға келуге шақырған. Видеода 29 жастағы австралиялық педиатр Тарек Камлех пен Әбу Мухатил әл-Хинди атты ағылшын тілді физиотерапевт сөйледі.

ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ҚАЖЕТТІГІ

Сәуір айындағы видеоны тек жасақ қатарына шақыру деп санауға болмайды. ИМ мүшелерінің мәлімдеуінше, экстремистік ұйым өзінің жеке әлеуметтік денсаулық сақтау бағдарламасын шығарған. Бұның бәрі ИМ неліктен білікті дәрігерлер мен басқа да медициналық мамандарға мұқтаж екенін көрсетеді. Яғни, ИМ «біз толық мемлекетке айналдық» дегенді дәлелдеуге көшпек. Осы арқылы ИМ басып алған аумақтарында медициналық қызмет көрсетуге қабілетті екенін, ел басқара алатынын әйгілемек.

Мамуровтың айтуынша, «ИМ-ге дәрігерлер мен басқа да білікті мамандар «толық жұмыс істейтін халифат» құрғандарын паш ету үшін керек». Одан бөлек, дәрігерлерді қажетсінудің нақты себептері де бар. Мысалы, ИМ майданда жараланған жауынгерлерін емдетуді де көздейді.

Кейде ИМ және басқа әскери топтардың майданда жараланған өкіліне емделу үшін Түркияға баруға тура келеді. Бірақ осыны пайдаланып, келген еліне қайтып кеткен жауынгерлер де бар.

ИМ жергілікті дәрігерлерді өздеріне жұмыс істеуге көндірсе де, бір кілтипан шығып тұр. Әйел дәрігерлердің айтуынша, ИМ-нің қатаң талабы бойынша олар жұмыста бурка (пәрәнжісі бар жамылғы – ред.) киіп жүруге тиіс және еркек әріптестерімен араласпауы керек. Мұндай кедергілер Сириядағы әйел дәрігерлердің қызмет көрсетуіне бөгет болып отыр.

Өте қажетті медицина қызметкерлерін ИМ басып алған аумаққа қайтару үшін содырлар «дәрігерлер мен фармацевтердің мүліктерін тәркілейміз» деп қорқытқан. Бұл туралы журналист Женан Мусса жазады.

«БҰНДАЙ ДІНСІЗ ТОПҚА ҚОСЫЛМАЙМЫЗ»

Өзбекстан мен бұрынғы СССР елдерінен дәрігерлерді шақырып отырған тек ИМ ғана емес. Өзін Ресейдің Волгоград қаласының тумасы ретінде таныстырған Әбу Рофик Сириядағы «Әл-Қаиданың» өзбектер басқаратын филиалы «Жабхат әл-Нусра» жауынгері екенін айтады. Ол орыс тілді қауымға арнап үндеу тастап, медициналық білімі немесе тәжірибесі бар мамандарды экстремистік ұйымға қосылуға шақырады.

Ол «ВКонтакте» желісіне «Бізге педиатр, отоларинголог, терапевт, жұқпалы ауру дәрігерлері мен фтизиатрлар керек» деп жазды.

Мамуровтың мәліметтері мен ИМ-нің үгіт шараларынан соң, Өзбекстанның медицина қызметкерлерінің қаншасы содырлар тобына қосылғаны беймәлім. Самарқандтық жас дәрігер Фариддин Мухиддинов жергілікті басылымға ИМ үгітшілерінің ұсынысынан бас тартқанын айтқан. Ол 2014 жылы шетелдік медициналық оқу орнын бітірген. Мухиддиновке «жасаққа қосылсаң, 45 мың АҚШ долларын береміз деген».

Азаттықтың Өзбек қызметіне өзбек дәрігері Абдурайым Бозоров «өзі мен әріптестерінің Өзбекстандағы жалақысы өте төмен болса да, ешқашан ИМ-ге қосылмайтынын» айтады.

«Кейбір әріптестерім Қазақстанда қызмет етіп жүр, тіпті Таяу Шығысқа да кетті. Бірақ олар қанша ақша төлесе де ИМ сияқты дінсіз, арсыздарға қосылмайды» дейді ол.

Йоанна Паражчуктің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG