Accessibility links

Путин Асадпен неге кездесті?


Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Сирия президенті Башар Асад (ортада) пен Ресей премьері Дмитрий Медведевтің (сол жақта) амандасқанына қарап тұр. Мәскеу, 20 қазан 2015 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Сирия президенті Башар Асад (ортада) пен Ресей премьері Дмитрий Медведевтің (сол жақта) амандасқанына қарап тұр. Мәскеу, 20 қазан 2015 жыл.

Сирия президенті Башар Асад төрт жылдан бері алғаш рет шетелге шығып, Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен күтпеген кездесу өткізді. Мұның себебі неде?

Ресейдің Сириядағы бомбалау операциясы басталғанынан үш апта өткенде Сирия президенті күтпеген жерден Мәскеуге келіп, Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Қазанның 20-сы күні болған бұл сапардың маңызды тұстары бар.

АЛДЫМЕН – БОМБА, СОСЫН – ДИПЛОМАТИЯ

Ресей Асад режиміне қарсы жасақтарды қыркүйектің 30-ынан бері бомбалап жатыр. Соның арқасында бірнеше айдан бері тек қорғаныста отырған Сирия режимі майдандағы шебін біраз күшейтіп алды. Бірақ Асад әскерін қолдау – Ресейдің Сириядағы стратегиясының бір бөлігі ғана. Кремльдің көкейіндегі екінші мәселе – Сириядағы азамат соғысын тоқтату үшін халықаралық келіссөздерді бастату.

Сирия президенті Башар Асад (сол жақта) Ресей президенті Владимир Путинмен әңгімелесіп отыр. Мәскеу, 20 қазан 2015 жыл.

Сирия президенті Башар Асад (сол жақта) Ресей президенті Владимир Путинмен әңгімелесіп отыр. Мәскеу, 20 қазан 2015 жыл.

Башар Асадтың Кремльге сапары Мәскеудің дипломатиялық шабуылға көшкенін аңғартады.

Дағдарыс басталған 2011 жылдан бері алғаш рет шетелге шығу арқылы Башар Асад қызмет атқарып отырған мемлекет басшысы екенін көрсетті.

Бұл қадам «Сирия мәселесін шешкенде Башар Асад та, оның одақтасы Ресейдің мүдделері де назардан тыс қалмауы керек» деген Кремль риторикасын қолдайды.

Азаттыққа берген сұхбатында Мәскеудегі Карнеги орталығының сарапшысы Николай Кожанов Асад сапарын «өзі астанада болмаса да елде ештеңенің бүлінбейтінін, жағдайдың тұрақты болатынын білетін басшының әрекеті» деп бағалады.

Кожановтың айтуынша, «Мәскеудің әуе шабуылы көздеген мақсаттарының аз дегенде біреуіне қол жеткізді: ол Сириядағы билік режимін нығайтты».

Мәскеудің ендігі қадамы Сирияға ықпалы бар сыртқы күштерді келіссөздерді қайта бастаудың жайын талқылау үшін басқосуға шақыру болмақ.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (оң жақта) Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен сөйлесіп отыр. Малайзия, Куала-Лумпур, 6 тамыз 2015 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (оң жақта) Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен сөйлесіп отыр. Малайзия, Куала-Лумпур, 6 тамыз 2015 жыл.

Кремль бұл істі бастап та кеткен сыңайлы. Қазанның 21-і күні Ресей сыртқы істер министрлігі Сергей Лавров пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің қазанның 23-і күні Венада (Австрия) Сирия жайын пысықтау үшін Түркия және Сауд Арабиясы сыртқы істер министрлерімен кездесетінін хабарлады.

Мұның алдындағы Сирияны тыныштандыруға қатысты халықаралық іс-шаралар «елдегі саяси дағдарыстан шығу үшін Башар Асад биліктен кетуі керек пе, жоқ па?» деген мәселеге келіп тіреліп қалған. Батыс елдері, Түркия және араб мемлекеттері Асад орнынан кетуі керек десе, Ресей бұл ұсынысқа қарсы шыққан.

Екі жақтың ұстанымдары сол қалпында қалды ма, жоқ па - бейбіт келіссөздердің қайта басталуы осыған байланысты болып тұр.

АСАДПЕН БЕ, АСАДСЫЗ БА?

Путин мен Асад жеке кездесу кезінде Сирия басшысының ел болашағындағы рөлін ашық талқылаған болуы әбден мүмкін.

Сарапшылардың көпшілігі Путин мен Асад «жаңа үкіметке жол беру үшін президент әйтеуір орнын босатуы керек» деген пікірге тоқайласты деп болжайды.

Ресей басшылығы ұзақ мерзімді (әскери) операция жүргізуге емес, керісінше (операцияны) тезірек соңғы сатыға жеткізуге мүдделі.

- Қазіргі уақытта Ресей басшылығы ұзақ мерзімді (әскери) операция жүргізуге емес, керісінше (операцияны) тезірек соңғы сатыға жеткізуге мүдделі. Ал «соңғы саты» дегені - Ресей-Сирия одағының әскери жеңісі емес, Сирия басшылығы мен оппозиция арасында келіссөздерді бастау, оның соңынан уақытша үкімет құруға қол жеткізу, - дейді сарапшы Кожанов.

Асад орнынан кетуге дайын десек те, оның тағын қашан босата қоятыны белгісіз. Батыс елдерінің кейбір басшылары Асадтың тез арада қызметтен кетуін талап еткен бұрынғы талаптарын біршама жұмстартқандай болды. Осы айдың басында Ұлыбритания сыртқы істер министрі Филип Хаммонд «егер Сириядағы қақтығысты тоқтатуға әсері болса, Асад бірнеше ай мерзімге билікте қала алады» деп мәлімдеген еді.

Кейбір сарапшылар мұндай мерзімнің берілуі Путиннің де, Асадтың да көңілінен шығады дейді. Себебі олар болашақ жаңа үкімет екеуінің мүдделерін қорғауы керек деген талап қойып отыр.

Өтпелі кезеңде Башар Асад Сириядан кетіп, Ресейді паналауы мүмкін деген де жорамал бар.

Сирия президенті Башар Асад пен оның әйелі Асманың азамат соғысы басталмай тұрғандағы суреті. Париж, 10 желтоқсан 2010 жыл.

Сирия президенті Башар Асад пен оның әйелі Асманың азамат соғысы басталмай тұрғандағы суреті. Париж, 10 желтоқсан 2010 жыл.

- Асадтың әйел, бала-шағасымен Сириядан кетуі туралы әңгімені Мәскеу Сирия президентіне қарсы көтеріліс басталмай тұрып-ақ қозғаған, - дейді америкалық Gulf State Analytics зерттеу орталығының Біріккен Араб Әмірліктерінде тұратын сарапшысы Тед Карасик.

Оның айтуынша, «мұндағы басты мәселе – Асадты Ресейде паналату, сөйтіп оны және оның отбасын саяси тұрғыдан қорғап қалу әрі Сирия президенті мен оның зайыбының қауіпсіздігін қамтамасыз ету».

ИРАН КІМНІҢ ЖАҒЫНДА?

Сирияның тағы бір одақтасы – Иран бұл елдегі жағдайға қатысты келіссөздерге қатысамыз дегенімен, өзінің сыртқы саясатында біраз өзгерістер болып жатқандықтан, Сирия дауына белсене кіріспей отыр.

Сондықтан Асад бірнеше жылдан бергі алғашқы сапарын Мәскеуге жасады. Сол арқылы Сирия мен Ресей басшылары «Сириядағы бейбітшілікке бастар жол Тегеран арқылы емес, Мәскеу арқылы өтеді» дегенді көпшілікке ұқтырғандай болды.

Карасиктің айтуынша, Иран қазір Мәскеудің тізгінді қолына алғанына көніп отырғанымен, екі елдің Таяу Шығыстағы мүдделері қабыспайды, себебі қос тарап та аймаққа ықпал жүргізгісі келеді.

- Мәскеуді Сириядағы жағдайға байланысты Тегеранмен әңгімені бастауға ыңғайлы орталық ретінде қарастыру дұрыс деп санаймын. Ресей Сириядағы экстремистер мәселесін әскери жолмен шешуде Иранмен бірлесіп жұмыс істеп отыр, - дейді сарапшы.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Иран президенті Хассан Роухани. Уфа, 9 шілде 2015 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Иран президенті Хассан Роухани. Уфа, 9 шілде 2015 жыл.

Алайда Сирияны қарумен қамтамасыз етіп отырған негізгі ел ретінде Иран келіссөздер кезінде күтпеген талаптар қоюы мүмкін.

- Ресей мен Иран аймақтағы жағдайға байланысты өзара келіспей қалатын күндер әлі алда. Сол кезде біз екі ел арасындағы дүрдараздық себептеріне тереңірек үңілетін боламыз, - деді сарапшы Карасик.

Әзірге жақсы одақтасқан Ресей-Иран-Сирия үштігі Батыс, Түркия және араб елдері қолдаған жасақтарға қарсы күш біріктіріп отыр.

Жақында Ресейдің әуе шабуылының арқасында Иран күштері мен Ливандағы шииттердің «Хизбалла» жасағы қолдаған Сирия әскері Дамаскінің маңайы мен Хомс және Хама қалаларын қайтарып алды. Асад режимін қолдаушы күштер шабуылдарын үдетіп, Сириядағы екінші ірі қала – Алеппоны бағындырмаққа әрекет жасап жатыр.

Чарльз Рекнагельдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG