Accessibility links

Паралимпиадаға бес қазақстандық қатысады


Сочидегі паралимпиадаға қатысатын қазақстандық спортшы Жаңыл Балтабаева. (Суретті Қазақстан паралимпиада комитетінің баспасөз қызметі ұсынды)
Сочидегі паралимпиадаға қатысатын қазақстандық спортшы Жаңыл Балтабаева. (Суретті Қазақстан паралимпиада комитетінің баспасөз қызметі ұсынды)

Бүгін Сочиде қысқы паралимпиада ойындары басталады. Бұл жарысқа қазақстандық бес спортшы да барды.

Наурыздың 7-19 аралығында Ресейдің Сочи қаласында өтетін қысқы паралимпиада ойындарына әлемнің 45 елінен мүмкіндігі шектеулі 1650 спортшы барады. Паралимпиадаға Бразилия, Түркия және Өзбекстан спортшылары алғаш рет қатыспақ.

Спортшылар следж-хоккей, керлинг, шаңғы жарысы, биатлон, тау шаңғысы спорты бойынша 72 комплект медаль үшін бәсекеге түспек.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАРАЛИМПИАДАШЫЛАР

Биыл бірінші рет Қазақстанның бес бірдей спортшысы қысқы паралимпиадаға қатысып жатыр. Қазақстандық спортшылар Сочидегі жарысқа жолдаманы Канада, Финляндия, Германияда өткен іріктеу жарыстарында жеңіп алған.

23 жастағы алматылық Жаңыл Балтабаева шаңғышылар арасындағы LW12 (аяғы жоқ спортшылар арасындағы жарыс) бағдарламасы бойынша паралимпиадаға
Паралимпиада ойындарына барған Қазақстан делегациясы. Сочи, 7 наурыз 2014 жыл.
Паралимпиада ойындарына барған Қазақстан делегациясы. Сочи, 7 наурыз 2014 жыл.
қатысады. 13 жасынан бастап спортпен шұғылданған Жаңыл Балтабаева – 2013 жылғы Қазақстан чемпионы.

38 жастағы петропавлдық Қайрат Қанапин паралимпиадаға зағиптер арасында өтетін биатлон мен шаңғы жарысына қатысады. Жарыста оған Дмитрий Коломеец жол көрсетіп, көмектеседі. Бұдан бұрынғы паралимпиадаларға ешбір қазақстандық биатлоншы қатыспаған еді.

41 жастағы қостанайлық Александр Колядин шаңғының LW4 (тізеден төмен немесе жоғары протезі бар спортшылар арасындағы жарыс) бағдарламасы бойынша жарысқа қатысады.

46 жастағы петропавлдық Елена Мазуренко шаңғышылардың LW6 (қолы протез спортшылар арасындағы жарыс) бағдарламасы бойынша жүлдеге таласады. Ол – спорт шебері және Қазақстан чемпионы.

51 жастағы талдықорғандық Ерлан Омаров паралимпиада ойындарына шаңғыдан LW2 (бір не екі аяғында тұтас протезі бар спортшылар арасындағы жарыс) бағдарламасы бойынша қатысады.

Қазақстан осыған дейін бес қысқы паралимпиадаға қатысқан. 1994 жылы Лиллехамердегі (Норвегия), 1998 жылы Наганодағы (Жапония), 2002 жылы Солт-
Сочиде өтетін паралимпиада ойындарының медальдары.
Сочиде өтетін паралимпиада ойындарының медальдары.
Лейк-Ситидегі (АҚШ) 2010 жылы Ванкувердегі ойындарда бір, 2006 жылы Туриндегі (Италия) паралимпиадада екі қазақстандық спортшы (барлығы – шаңғышылар) сайысқа түскен.

Қазақстандықтар қысқы паралимпиада ойындарынан медаль алып көрген емес. Қазақстан үкіметі биылғы Сочи паралимпиадасында алтын медаль алған спортшыға – 50 мың АҚШ доллары, күміс медаль алған спортшыға – 35 мың АҚШ доллары, қола медаль алған атлетке 25 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы бермек.

Қазақстан паралимпиада комитетінің дерегінше, елдегі 600 мыңға жуық мүгедек адамның 15 мыңы спортпен айналысады.
XS
SM
MD
LG