Accessibility links

Полиция ереуілге шыққан кеншілерге оқ жаудырды


Оңтүстік Африкада болған жұмысшылар мен полиция қақтығысы. ОАР, 16 тамыз 2012 жыл.

Оңтүстік Африкада болған жұмысшылар мен полиция қақтығысы. ОАР, 16 тамыз 2012 жыл.

Оңтүстік Африка Республикасының полициясы ереуілге шыққан кеншілерге оқ атып, 34 жұмысшы қаза тапты.

Полициямен болған қақтығыс салдарынан Оңтүстік Африка Республикасының (ОАР) Марикана платина кенішінде 30 жұмысшы қаза тапты. Шахта басшылығы бар кінәні кәсіподаққа артып отыр.

Соңғы ақпараттарға қарағанда, полиция ереуілге шыққан жұмысшыларға оқ жаудырып, 34 адам өліп, 78 адам жарақаттанған.

ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІ ПОЛИЦИЯҒА СЫН АЙТҚАН ЖОҚ

Мозамбикке сапарын үзіп, қантөгіс орнына келген ОАР президенті Джейкоб Зума «Мына сұмдық оқиғаға қатты күйзеліп, алаңдайтынын» айтқанымен, полицияның әрекетіне сын айтпады.

Қайғылы оқиға орнында болған президент «Бұл оқиғаның анық- қанығын тексерумен айналысатын комиссия шындықтың бетін ашып, айғақтарды табады деп сенемін. Дәл қазір - жазықтылар мен жауаптыларды саусақпен көрсететін уақыт емес. Біз үшін ұлт ретінде аза тұтатын, жарамызды жазып, етегімізді жинайтын уақыт» деді.

Азаматтардың бейбіт түрде наразылық білдіру құқығы «аса қиындықпен қол жеткен демократияның іргетасы» екенін айтқан президент келешекте мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеуге тырысатынын айтты.

ЕРЕУІЛШІЛЕРГЕ ОҚ АТУ

Қақтығыс бейсенбі күні, тамыздың 16-сында Lonmin компаниясының иелігіндегі Марикан кен орнында болған.
ОАР полициясы оқ тиіп, қаза тапқан адамдардың мәйітіне қарап тұр. 16 тамыз 2012 жыл.

ОАР полициясы оқ тиіп, қаза тапқан адамдардың мәйітіне қарап тұр. 16 тамыз 2012 жыл.


Қолдарына бақан-сойыл ұстап, «мачете» деген қанжармен қаруланған 3 мыңдай шахтер еңбекақыны айына 1 мың долларға дейін өсіруді талап еткен (олардың айлық жалақысы қазір шамамен 500 доллар).

Кеншілердің ереуілі осыдан бір апта бұрын басталды. Осы уақыт ішінде, яғни, полицияның жаппай оқ жаудыруына дейін бәсекелес кәсіподақ мүшелерінің арасында қақтығыс болып, 10 адам (оның екеуі полиция қызметкері) қаза тапты.

Полицияның жұмысшыларға қарсы оқ атуының себебі тексеріліп жатыр. Куәгерлердің айтуынша, алғашқы атылған мылтық дыбыстары ереуілшілердің қалың нөпірі полицейлерге қарсы беттеген сәтте ешыға бастаған.

Полиция бастығы Риа Фиегидің айтуынша, полицейлер «өздерін қорғау үшін төтенше шараны қолдануға мәжбүр болған».

Полицияның тамыздың 16-сы күні таратқан баспасөз хабарламасында «Түрлі қаруды, оның ішінде атыс қаруын да пайдаланған адамдардың бір тобы оңтүстікафрикалық полиция қызметкерлеріне шабуыл жасады. Полиция қорғаныс мақсатында шабуылдаушы топқа тойтарыс беруге мәжбүр болды» деп жазылған.

«ХАЛЫҚ КҮЙІНІП ОТЫР»

Ағылшынның ВВС арнасы «Апартеид режимі құлағаннан 18 жыл өткенде болған мұндай оқиғаға ел тұрғындары күйініп отыр» деп хабарлады.

Twitter-ге Оңтүстік Африканың нәсілдік қатынастар жөніндегі институтының қызметкері Франс Кронхе «Арандатушылық туралы полиция не десе, о десін, бірақ оның жұртқа қарсы винтовка мен тапаншадан оқ атуын ақтауға болмайды», - деп жазды.
Арандатушылық туралы полиция не десе, о десін, бірақ оның жұртқа қарсы винтовка мен тапаншадан оқ атуын ақтауға болмайды.

Американдық New York Times газеті «Мына ереуіл мен оны биліктің қатыгездікпен басып-жаншуы - Оңтүстік Африка елінде ақ нәсілділер иелік етіп отырған бизнестің пайдалы салаларын трансформациялаудың баяу жүріп жатқанына наразылық. Халық билік партиясы ANC (Африканың ұлттық конгресі) пен оның жақтастарының үлкен бизнеспен тым жақындасып кеткенін көріп-біліп отыр. Қазір батыл қадамдарды талап еткен адамдардың, әсіресе жастардың қатары көбейді», - деп жазды.

1998 жылдан бері шахтаға таяу маңдағы қонысты мекен етіп келе жатқан Джойс Лебело «Біз дауыс бергенде 10 жылымызды лашықта өткіземіз деген жоқпыз», - дейді New York Times газетіне. Үкімет көп ұзамай жөні түзу үй салып береді деген үмітпен ол қырық құрау қаңылтыр лашықта электр жарығынсыз және су құбырынсыз күнелтіп келеді.

Джойс Лебело «Олар берген уәделерін орындаған жоқ. Билік басына келгендер қалталарын қампайтып, байып алды. Қарапайым халықты ұмытты» деген пікірін де ашық айтқан.

«ЕРЕУІЛДІҢ АСТАРЫ»

Кейбір сарапшылар «шахтерлердің ереуілінің терең саяси астары бар» деген пікір айтып отыр.

Бұл шиеленіске қатысқан кәсіподақтардың бірі - билік партиясының одақтасы. Африканың ұлттық конгресі желтоқсан айында өтетін сайлауда осы кәсіподақтың қолдауына сүйенбек.

Алайда жұмысшылар «саясатпен тым әуестеніп кетіп, жұмысшылардың мұң-мұқтажын ұмытты» деп кәсіподақ жетекшілерін айыптап отыр.
Билік басына келгендер қалталарын қампайтып, байып алды. Қарапайым халықты ұмытты.

New York Times газеті өзін Келебоне деп таныстырған ереуілші-жұмысшының «NUM (Шахтерлердің ұлттық одағы) бізді тастап кетті. NUM ақ нәсілділермен ауыз жаласып, өз пайдасын ғана ойлауға көшті. Жұмысшыларды ұмытты» деген сөзін келтіреді.

Осы себепті жұмысшылардың көпшілігі басқа кәсіподақтарға, радикалды «Шахтерлер қауымдастығы мен құрылысшылар одағы» ұйымдарына өтіп жатыр.

Оңтүстік Африка – әлемдегі ең ірі платина өндіруші елдердің бірі. Шахтадағы ереуіл салдарынан платина өндіру көлемі қазір едәуір түсіп кетті.

Ағылшынның Guardian газеті хабарлағандай, Лондон қор биржасындағы Lonmin компаниясының акцияларының құны 16-тамыз күні 7 пайызға төмендеді.

Lonmin компаниясының Лондондағы өкілі Guardian басылымына ереуілші жұмысшыларға бейсенбі күні жұмысқа шықпаса, жұмыстан босатылатындықтары жөнінде ескерту жасалғанын айтты.

Бұл - платина өндіру шахтасындағы бірінші ереуіл емес. 2011 жылдың мамыр айында ұзаққа созылған ереуілден кейін 9 мың адам жұмыстан шығарылған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG