Accessibility links

Ауғанстандағы зілзала Орталық Азияда сезілді


Пәкістанның Суат аймағындағы Мингора қалашығының зілзаладан зардап шеккен тұрғындары. 26 қазан 2015 жыл

Пәкістанның Суат аймағындағы Мингора қалашығының зілзаладан зардап шеккен тұрғындары. 26 қазан 2015 жыл

26 қазанда Ауғанстанда аса қатты жер сілкінісі болып, ондаған адам өліп, жүздеген адам жараланды. Зілзала Пәкістан, Үндістан, Тәжікстан мен Қазақстанда да байқалды.

Ауғанстанның солтүстігіндегі 8 балл шамасындағы жер дүмпуінің толқыны Қазақстанның оңтүстігіне жетіп, Шымкентте - 4, Жамбылда - 3 балдық жер тербелісі тіркелді.

АҚШ геологиялық қызметі сегіз балға жуық жер сілкінісінің Гиндукуш таулы аймағында Файзабад қаласының оңтүстігіне қарай 75 шақырым жерде болғанын анықтады. Азаттықтың Пәкістан мен Ауғанстан қызметі ондаған жергілікті тұрғынның қаза болғаны туралы хабарлады. Ауғанстанның Бағлан уәлаятындағы Пул-э Хумри қаласындағы бірқатар ғимарат қираған.

Пәкістанда да жараланып, мерт болғандар ондап саналады. Пәкістанның Гилгит-Балтистан аймағындағы Каримабад қаласы тұрғындарының бірі апатты BBC тілшісіне былай деп сипаттайды: «Алдымен өзімізді біреу сілкілегендей сезіндік. Содан соң төніп келе жатқан ірі тасқынды көрдік, біреу сел жүрді деді, енді бірі тау көшкіні деді».

Құтқарушылар зілзала құрбандарын ауруханаға апара жатыр. Джалалабад, 26 қазан 2015 жыл

Құтқарушылар зілзала құрбандарын ауруханаға апара жатыр. Джалалабад, 26 қазан 2015 жыл

Үндістандағы Нью-Дели қаласында қозғалыс мүлдем тоқтап, мектептер мен кеңселердегі жұрт толық эвакуацияланған. Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Ауғанстан мен Пәкістанға көмек беруге әзір екенін мәлімдеді.

Азаттықтың Тәжік қызметі де Душанбе тұрғындары жер сілкінісін сезіп, дүрліккенін хабарлады.

Қазақстан білім және ғылым министрлігінің сейсмологиялық әдістеме-тәжірибелік орталығы Ауғанстан территориясындағы жер сілкінісінен кейін Шымкентте - 4, Таразда 3 магнитудалы жер сілкінісі тіркелгенін мәлімдеді.

2005 жылы Пәкістандағы Кашмирде болған 7,6 балдық жер сілкінісінен соң 75 мыңнан астам адам қаза тапқан еді. Биылғы сәуірдегі Непалдағы зілзала кезінде қайтыс болғандар саны 9000-ға жетіп, 900 000-ға жуық үй қираған болатын.

XS
SM
MD
LG