Accessibility links

Корей әншісінің клипі Интернеттің гимніне айналды


Оңтүстіккореялық әнші Psy-ды "Үздік видео" аталымы бойынша MTV марапаттады. Германия, 11 қараша 2012 жыл.

Оңтүстіккореялық әнші Psy-ды "Үздік видео" аталымы бойынша MTV марапаттады. Германия, 11 қараша 2012 жыл.

2012 жылы оңтүстіккореялық әнші Psy-дің Gangnam Style («Каннам стайл») клипі YouTube-те 802 миллион рет көріліп, әлемдік рекорд жасады.

Gangnam Style — кәрістің ауызекі тілінде молшылық, байлықты білдіреді. Бұл сленг Сеул қаласының бай, әрі көрікті Канамгу ауданына қатысты шыққан.

CNN-ге сұхбат берген Psy бұл ауданды АҚШ-тағы әсем қала Беверли-Хиллзге теңейді.

Бұл әнде Psy Канамгу ауданындағы консюмеризмді сынаған. (Консюмеризм – тауар тұтынудан ғана ләззат алатын қоғам).

Америкалық Hollywood Reporter газеті Gangnam Style клипіндегі би қимылдарын қазіргі заманның ең әйгілі билері - хастл, твист и макарена қатарына қосады.

Gangnam Style 2012 жылы шілденің 15-і күні пайда болды. Клипті бастапқыда Psy-дың оңтүстіккореялық фанаттары ғана байқаған. Әнші Yonhap News Agency ақпарат құралына берген сұхбатында «Бұны мен шетелдіктерге арнаған жоқпын. Жергілікті фанаттар үшін шығарған едім» дейді.

Алайда Gangnam Style Интернеттегі әлеуметтік желілер арқылы тез тарап кеткен.

Клиптегі атпен шауып келе жатқан адамның биі бүкіл әлемге ұнап, Psy бұл биін Мадонна, Бритни Спирс сияқты эстрада жұлдыздарына ғана емес, БҰҰ-ға келген сапарында ұйымның бас хатшысы Пан Ги Мунға да үйретті.



Қытайлық диссидент әрі суретші Ай Вэйвэй бұл клиптің адам құқықтарын қорғау тұрғысындағы тағы бір нұсқасын түсірген. Бұдан соң Gangnam Style әлемдегі құқық қорғаушылардың бейресми гимніне айналды.

Ал британдық скульптор Аниш Капур адам құқықтарын қорғайтын халықаралық Amnesty International ұйымының қолдауымен Gangnam Style-дың сөз бостандығына арналған ролигін түсірді.

Аниш Капур бұл «туындысын» әлемдегі сөз бостандығы мен қытайлық диссидент Ай Вэйвэйді қолдауға бағыштаған.

Gangnam Style-дың адам құқықтарын қолдау құралына айналғанын қазақстандық Интернет белсендісі, блогшы Дмитрий Щелоков та байқаған:

- Биыл Интернеттің әнұраны пайда болды. Ол - Gangnam Style. Бұл клип қазіргі заманда телевидение көмегінсіз, тек әлеуметтік желінің күшімен әлемдік жұлдызға айналуға болатынын дәлелдеді. Өйткені, Интернет қазір бостандықтың символына айналды. Интернет - адам құқықтары мен бостандық үшін күресудің құралы. Сондықтан бұл клиптің адам құқықтарын қолдайтын нұсқасы пайда болды. Өйткені, бұл әнге диссидент Ай Вэйвэй биледі, - дейді ол

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG