Accessibility links

Тасқыннан малы қырылған жұрт наразы


Байырқұм ауылының тұрғыны Гүлжәмила Құралова. Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы, 19 ақпан 2014 жыл.

Байырқұм ауылының тұрғыны Гүлжәмила Құралова. Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы, 19 ақпан 2014 жыл.

Арыс ауданы тұрғындары 46 жылқы Сырдарияның суына кеткенін айтып, әкімшілікті кінәлайды. Әкімшілік тұрғындардың өздерін сөгеді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы Байырқұм ауылы маңыңдағы Сырдарияның қара суы басып кеткен Күнтай тоғайы қазір өлексе сасып тұр.

«Ақпанның 6-сы күні су тасқыны болған. Білмей қалдық, тосын келген жағдай болды. Ақпанның 8-і күні бар малымыздың мұз астында қалғанын бір-ақ көрдік» дейді үш жылқысынан айырылған ауыл тұрғыны Гүлжәмила Құралова.

Тоғайды су алып кеткен алғашқы күні күн көрісі мал шаруашылығына қарап тұрған тұрғындар мұздың қатқанын күткен. Мұз қатқан соң ауылдың кәрі-жасы жоқ іздеп шығып, малдың тоғай шетінде қалғанына жеткен.

«Ауыл адамдары шала-жансар болып жатқан малдарды бауыздап алды. Қалғаны су астына батып кетті» дейді Гүлжәмила Құралова.

Байырқұмның енді бір тұрғыны Батырбек Сауқымов мұзда қатып қалған «әр биенің бауырынан бір-бір құлын» көргенін айтты.

«Қызым да малымыз қырылып қалатын болды-ау деп тоғайға кірген еді. Бір Күнтай тоғайы. Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы Байырқұм ауылы, 19 ақпан 2014 жыл.

Күнтай тоғайы. Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы Байырқұм ауылы, 19 ақпан 2014 жыл.

жылқымыздың шоқиып отырғанын көріпті. «Көке, мал да жылайды екен ғой. Бетіме көзі мөлтеңдеп қарады ғой» дейді. «Бауыздайық» дедім. Ары қарап тұра беруге дәтім шыдамады» дейді Батырбек Сауқымов.

Тұрғындар тоғай шетінде қалған жылқылардың соңғысын ақпанның 18-і күні шанамен шығарып алған. Кейбірі жылқысын аман алып қалған, кейбірі арам өлмесін деп малдарын бауыздап кеткен.

Қазір ауыл тұрғындары тоғайға кіре алмайды – мұз еріп, жердің миы шығып жатыр. Белуардан келетін суды кешіп өтіп тоғайға жету мүмкін емес. Жұрт тоғай ішіндегі тірісі шала-жансар, өлісі шіріп жатқан жылқыларын алыстан күзетіп отыр. Ауыл тұрғындарының есебінше үш үйір – 46 жылқы мұз астында қалған.

«ӘКІМШІЛІК ЕСКЕРТКЕН ЖОҚ»

Байырқұм тұрғындары «төтенше оқиға кезінде еш шара жасамады» деп ауыл әкімшілігіне наразы.

«Ауданға шағымдансақ, «ауыл әкіміне хабар бердік» деп отыр. Ауыл әкімі Байырқұм ауылының тұрғыны Батырбек Сауқымов. Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы, 19 ақпан 2014 жыл.

Байырқұм ауылының тұрғыны Батырбек Сауқымов. Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы, 19 ақпан 2014 жыл.

судың көтерілуінен хабары болса неге халыққа айтпаған» дейді екі жылқысы тоғайда су астында қалғанын айтқан Оңғар Сабиров.

Ал Батырбек Сауқымов ауыл әкімшілігі басшыларының «өлген малды су кеткен соң санаймыз» деген сөзіне шамданады.

«Мұз қатып тұрғанның өзінде шиебөрілер биенің ішін жарып, құлынын жеп қойғанын көрдік. Тоғайдан су кеткен соң өлген малдан түк қалмайды. Қарға-құзғын мен шиебөрі жеп қояды» дейді Батырбек Сауқымов.

Ауылдағы 12 жылқысы жоғалғанын айтқан Бейбіт Абдумұсаев есімді тұрғын «билік малдың суға кеткенін жоққа шығарып жатыр» деп біледі. «Осылай немқұрайды қарап, алдын-ала хабарламаса, бір түнде ауылды су шайып, өзімізді мұз басып қалмауына кім кепіл» деп уайымдайды тұрғын.

ВИДЕО: Ауыл тұрғыны Талғат Кентаев қалай су басқанын айтады


«ТҰРҒЫНДАРҒА ЕСКЕРТКЕНБІЗ»

Азаттық тілшісі бұл оқиғаның мән-жайын білмек болып Байырқұм ауылының әкімшілігіне барғанымен, ауыл әкімі Елемес Сариевпен жолыға алмады. Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, ол ақпанның 18-інен бастап оқуға кеткен.
Су тасқыны қаупі бар екені, тоғайдан жылқыларды алып шығу керектігі тұрғындарға 17 қаңтарда айтылған.

Әкімдіктің бас маманы Қуаныш Садыбаев малдың шығын болғанына иелері жазықты деп біледі. Ол қаңтардың 17-і күні халыққа есеп берген аудан әкімі мен ауыл әкімі «қардың қалың түсетінін, қатты суық болатынын, су тасқыны қаупі бар екенін, тоғайдан жылқыларды алып шығу керектігін ескерткенін» айтты. Қуаныш Садыбаевтың сөзінше, ауылда қаңтардың 19-ы күні осы туралы арнайы хабарлама да ілінген.

«Ал қаңтардың 22-сі күні төтенше жағдай департаментінен хат келді. Онда «Күн жылып, қар еріп, жаңбыр жаууына байланысты су көтерілуі мүмкін» делінген» дейді ауыл әкімдігінің бас маманы.

Ауыл әкімдігінің өкілінен білген тағы бір мәліметіміз – төтенше жағдай туралы тұрғындарға «алдын-ала ескертілгендіктен» өлген жылқыларға өтемақы төленбейді.

«Бұрыннан ауылда 20 шақты жылқы жоғалған еді. Тұрғындардың көпшілігі былтыр жоғалған жылқыларын «биыл мұзда қатты» деп те айтып жатыр. Қазір тоғайға бара алмай, нақты қанша жылқы өлгенін білмей отырмыз» дейді Қуаныш Садыбаев.

ВИДЕО: Сырдариядағы сең

Байырқұм ауылында 4 мыңдай адам тұрады. Үш мектебі, ауруханасы мен емханасы, екі фельдшерлік-акушерлік пункті бар ауыл халқының негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығы мен егін.

Байырқұмнан бөлек Сырдария суы тасыған сол аймақта орналасқан Шардара ауданына қарасты Достық ауылының тұрғындары да малы суға кеткенін айтып шағымданады. Аты-жөнін атамауды өтінген Достық тұрғынының Азаттыққа айтуынша, Шардара ауданы әкімінің орынбасары ауылға арнайы келіп, суға кеткен бірнеше бас түйе мен сиырға өтемақы төленбейтінін айтқан. Ауыл әкімдігінен нақты қанша мал басы шығын болғанын білу әзірге мүмкін болмай тұр.

Сырдария өзені Қырғызстанның 3, Тәжікстанның 1, Өзбекстанның 6, Қазақстанның 2 облысын басып өтетін, ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын, Орталық Азиядағы екінші ірі өзен. Қазақстан Сырдария суын тиімді пайдалану мен көктемгі су тасқыны қаупінің алдын алу үшін Шардара (1966 жыл) және Көксарай (2011 жыл) су қоймаларын салған.
  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG