Accessibility links

Совет барлауының құпиясын ашқан құжаттар


Бұрынғы КГБ ғимараты. Рига, 29 сәуір 2014 жыл.

Бұрынғы КГБ ғимараты. Рига, 29 сәуір 2014 жыл.

Совет Одағында КГБ-ның бас архившісі болған Василий Митрохин он шақты жыл бойы мыңдаған құжатты жинап, буып-түйіп отырған. 1992 жылы ол Ұлыбританияға қашты.

Кембридждегі Черчилль атындағы архив қазір Митрохиннің осы құжаттарын шетінен жариялап жатыр. Совет барлау қызметінің тарихын зерттейтін маман Светлана Лохова жаңа деректер атақты барлаушылардың жұмысымен танысуға мүмкіндік беретінін айтады.

Азаттық: - Сіз Кембридж университетінің профессоры Кристофер Эндрюмен бірге жұмыс істедіңіз. Ол - кейінгі 20 жыл ішінде Митрохин құжаттарын зерттеуге рұқсат алған жалғыз тарихшы. Профессор Эндрю бұл архив бойынша екі кітап жариялады. Бұл жолы жарық көрген еңбектің қандай жаңалығы бар?

Светлана Лохова: - Әрине, ол жәшік толы құжаттарды ақтарып, оларды кітап етіп жариялауға тырысты. Бірақ бәрін қамту, ұшы-қиыры жоқ деректерді түгел басып шығару мүмкін емес қой. Оның өз қолымен жазып кеткен дүниелерінің өзінен-ақ тың мәліметтер табуға болады.

Мәселен, «Кембридж бестігі» деп аталған жансыздар тобының екі тыңшысы – Гай Берджесс пен Дональд Маклиннің көңілдес болғанын анықтадық. Оны екеуі де кезінде жоққа шығарған еді.

Азаттық: - Ол қалай баяндалған?

Светлана Лохова: - Митрохиннің архивін жинаған мәліметтері мен жеке пікірінің қосындысы деуге болады. Бірақ оның пікірін сол кездегі КГБ (СССР мемлекеттік қауіпсіздік комитеті - ред) қызметкерінің көзқарасы деп қабылдау керек. Мәліметті файлдан алған немесе Совет Одағы барлаушылары арасында белгілі болған деректі түртіп қойып отырған.

Бірақ жинаған материалдары хронологиялық ретпен сұрыпталмаған. Мысалы, Маклиннің өмірбаянын баяндағанда алдымен үстірт мінездеме (ол жеке тұлғаның жұмысының сипаттамасына ұқсас) беріледі. Оның қайда, қашан туғаны, қалай жұмысқа орналасқаны және әкесінің кім болғаны, тағы басқа жайттар айтылады. Содан соң кәсіби және жеке басының сипаттамасына көшеді.

Азаттық: - Архив құжаттарына қарағанда, бір қызығы – КГБ білікті тыңшыларын басқару кезінде біраз проблемалар туған, олардың адамгершілік туралы ұғымдары қайшылыққа тірелген сәттер болған. Осы жайында аздап айта кетесіз бе?

Светлана Лохова: - Олар жүрген жерлерінен дерек жинаған. Мысалы, «Кембридж бестігіне» келсек, олар (әсіресе, үшеуі) – жоғары білікті тыңшылар. Олардың қоғамдағы орны мен тәрбие алған ортасына қарап-ақ солай деуге болады. Әрине, КГБ қызметкерлері оларды осы қасиеттеріне қарап та бағалады.

Дональд Маклин көңілдестеріне немесе туыстарына совет тыңшысы екенін байқамай айтып қоятын.

Дональд Маклин көңілдестеріне немесе туыстарына совет тыңшысы екенін байқамай айтып қоятын.

Бірақ оларды Мелита Норвудпен салыстырсақ (1937-72 жылдары КГБ тыңшысы болған британдық мемлекеттік қызметкер), Норвудты КГБ Ким Филбиден жоғары бағалаған. Себебі ол бұрын тыңшылар бас сұқпаған ортадан келген еді. Норвуд хатшы қызметін тып-тыныш атқарып жүріп, өнеркәсіп саласына қатысты аса маңызды ақпараттарды, соның ішінде атом энергетикасына қатысты деректерді жіберіп отырған.

Оның қасында «Кембридж бестігі» біраз проблема тудырды. Мысалы, Маклин көңілдестеріне немесе туыстарына совет тыңшысы екенін байқамай айтып қоятын. Агент деген жұмысын тыныш атқаратын үндемес біреу болуы керек демеймін. Бірақ алған тәрбиесіне, өскен ортасына байланысты кейде тыңшыларды басқару қиын болған. Жансыздар арасында айтқанға көнбейтін адамдар да бар, оларға сөзіңізді жүргізе алмай қиналасыз.

Азаттық: - Бұл архивке сүйеніп, Ресей барлау қызметі бүгін қалай әрекет етіп жатқанын болжауға бола ма?

Светлана Лохова: - Архив ресейлік барлау үшін ең керегі адамның ақыл-ойы екенін көрсетті. Адам таңғаларлықтай көп дерек жинауға болады. Бірақ, мәселен, Бостон марафонындағы жарылысты болжай алмай жатсаңыз, сол жиналған көп деректің түкке тұрғысыз екені бірден көрінеді.

Бұл америкалықтар құрған жүйеде кемшілік барын байқатты. Дағдарысқа дейін Ресей мен АҚШ Шешенстан мәселесі бойынша бірлесе еңбек етті. Себебі АҚШ Ресейдің аймақтағы жағдайға қатысты ақпаратын пайдаланды. Әлемнің кез келген бөлігінде тағы сондай бір жарылыс жоспарланса, АҚШ Шешенстандағы тыңшыларының арқасында оны біліп отыратын.

Азаттық: - Барлау агенттері әлі күнге дейін ақыл-ой ұшқырлығына ерекше мән бере ме?

Василий Митрохин .

Василий Митрохин .

Светлана Лохова: - Менің ойымша, АҚШ деректермен ғана әуестеніп кетті. АҚШ дерек жинау ғана маңызды десе, ресейліктер ақыл-ойды әркез бірінші орынға қояды. Әлемнің барлық бөлігінде, кез келген жерде олардың тыңшылары бар. Олардың адам психологиясын терең білуі, адамдарды қызметке тартып, жұмыс істету қабілеті Совет Одағы мен Ресейге көп пайда берді.

Азаттық: - Митрохин осы құжаттардың бір күні халыққа жария болғанын қалайтынын айтып кетті. Оны жариялағаннан қандай пайда болуы мүмкін?

Светлана Лохова: - КГБ архивімен танысқыңыз келсе, бұл тұрғыдан сізге көмектесе алатын Мәскеу емес, Кембридждегі Черчилль колледжі. Мен сияқты басқа да тарихшылар КГБ архивін тек сол жерде ғана зерттей алады. Ең маңыздысы – ол бізге жұмбақ барлау атты саланы тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Барлау тарихын білмей жатып, қырғиқабақ соғыс пен оған дейінгі кезеңдегі советтік саясатты, советтік ойлау жүйесін түсіне алмаймыз.

(Азаттық тілшісі Гленн Кейтс алған сұхбатты ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG