Accessibility links

Стамбул әуежайындағы жарылыстардан ондаған адам өлді


Стамбулдағы жарылыс орнына келген дәрігерлер. 28 маусым 2016 жыл.

Стамбулдағы жарылыс орнына келген дәрігерлер. 28 маусым 2016 жыл.

Стамбулдағы жарылыстардан кем дегенде 36 адам қаза тауып, 140 кісі жараланды. Жарылыстар халықаралық Ататүрік әуежайында маусымның 28-і күні кешке болды.

Түркия билігі "үш жанкештінің әуежайға таксимен келіп, полициямен атысқанын, мұнан соң жолаушыларды тіркеу аймағында жарылыстар жасағанын" мәлімдеді. Шабуыл жасағандардың бірі әуежайдағы жұртқа оқ жаудырған.

Түркияның әділет министрі Бекир Боздаг әуежайға жақын жердегі метро бекетінде де жарылыс болғаны туралы ақпарат тарағанын хабарлады. Түрік премьер-министрі Бинали Йылдырым жарылыстардың артында "Ислам мемлекеті" (ИМ - Қазақстанда тыйым салынған) экстремистік ұйымы тұр деуге негіз бар екенін мәлімдеді. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жарылыстарды жасаған содырларды айыптап, "кінәсі жоқ бейбіт тұрғындар" қаза тапқанын айтты. Ол мұндай жарылыстар басқа елдердің де әуежайларында қайталануы мүмкін екенін ескертіп, "Біз барлық елдерді, әсіресе, Батыс мемлекеттерін терроризмге қарсы қатаң күресуге шақырамыз" деп мәлімдеді. .

Куәгерлердің айтуынша, үш жойқын жарылыс болған кезде әуежай ғимаратының төбесі опырылып, жұрт үрейден жан-жаққа қашқан. Кем дегенде 147 адам ауруханаға түсті. Олардың арасында полиция қызметкерлері де бар.

Жарылыстардан кейінгі Стамбул әуежайы:

Жарылыстардан соң әуежайдан ұшқалы тұрған барлық рейстер шегерілген. Ұшып келетін жолаушыларды жақын маңдағы басқа әуежайлар қабылдаған. Маусымның 29-ы күні Ататүрік әуежайының жұмысы қайта жалғасқаны туралы хабарлар тарады.

Ал Алматы әуежайында бүгін Turkish Airlines компаниясының таңертеңгі сағат 6:45-те Стамбулға ұшуы тиіс рейсі бөгеліп, сағат 10-да ұшуы тиіс тағы бір рейсі шегерілген. Сонымен қатар осы компанияның таңертең Стамбулдан ұшып келуі тиіс рейсі де тоқтатылған.

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕАКЦИЯСЫ

АҚШ, БҰҰ, Германия және басқа елдер Стамбул әуежайына жасалған шабуылды қатаң айыптады.

Ақ үй (АҚШ) өкілі Джош Эрнест «Халықаралық Ататүрік әуежайы - биыл шабуылға ұшыраған Брюссель аэропорты сияқты халықаралық байланыстардың символы. Олар бізді біріктіреді. Біз НАТО-дағы одақтасымыз әрі әріптесіміз Түркияны қолдаймыз» деді.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі (СІМ) "әзіргі ақпараттар бойынша, Стамбул әуежайында жараланғандар мен қаза тапқан адамдар арасында Қазақстан азаматтары жоқ" деп хабарлады. СІМ баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов "Қазіргі деректерге қарағанда, жараланғандар мен қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл алғаш жеткен ақпарат. Бұл жайтты анықтауды жалғастыра береміз" деді.

СІМ-нің ресми мәлімдемесінде "Түркия үкіметіне және бауырлас халыққа, осы зұлымдық әрекет құрбандарының туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Қазақстан терроризмнің кез келген көрінісіне қарсы ымырасыз күресті өзінің толық қолдайтынын растай отырып, терроризмге қарсы кең ауқымды халықаралық коалиция құру арқылы осы бағыттағы халықаралық әрекеттерді үйлестіруді барынша нығайтуға шақырады" деп жазылған.

Жарылыстардан соң Стамбул әуежайына келген дәрігерлер мен құтқарушылар. 28 маусым 2016 жыл.

Жарылыстардан соң Стамбул әуежайына келген дәрігерлер мен құтқарушылар. 28 маусым 2016 жыл.

Ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев күллі мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында террорлық акт жасалғаны ешкімді бей-жай қалдырмағанын айтты. Оның Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатында «Қазақстан әлемдік қауіпсіздікке қатер төндіретін халықаралық экстремизм мен терроризм әрекеттерін қатаң айыптайды. Ыстанбұлдағы жантүршігерлік оқиға қандыбалақ радикалды топтар мен олардың идеологиясына өркениетті қоғамда орын жоқ екенін тағы да растады» деп жазылған.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов Түркия ремьер-министрі Бинали Йылдырымға Стамбулдағы терактіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Түрік халқына Қазақстан сенаты спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter арқылы көңіл айтты.

Кейінгі айлар ішінде Түркияда бірнеше жарылыс болды. Ол жарылыстарды түрік билігі ИМ содырлары мен күрд көтерілісшілерінен көреді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG