Accessibility links

Стивен Сигал Путин мен ФСБ-ні мадақтады


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен америкалық актер Стивен Сигал жаңадан ашылған «Самбо-70» спорт кешенінде. Мәскеу, 13 наурыз 2013 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен америкалық актер Стивен Сигал жаңадан ашылған «Самбо-70» спорт кешенінде. Мәскеу, 13 наурыз 2013 жыл.

Fox News телеарнасына сұхбатында Сочи олимпиадасындағы қауіпсіздікке қатысты үрейді сейілтуге тырысқан актер Стивен Сигал Ресей президенті Владимир Путин мен ФСБ-нің мақтауын асырды.

«СОЧИДЕ ТЕРАКТ БОЛМАЙДЫ»

Жанкешті террорист бостандықта жүр. Батыс елдерінің билік орындары сөзсіз болатын теракті қаупі жайлы хабардар етілген. Ең жақын орналасқан АҚШ әскери кемелері ұрысқа кірісуге дайын тұр.

Бұл – АҚШ республикалық партиясынан президенттікке экс-кандидат Майк Хакабидің Fox News телеарнасындағы ток-шоуда биыл ақпан айында Сочиде басталатын қысқы Олимпиада ойындарына қатысты көрермен назарына ұсынған «сұмдық» сценарийі.

Бірақ жекпе-жек күрес түрлерінің шебері әрі экшн жанрындағы фильмдерде қаһарман кейіпкер ролін сомдайтын актер ретінде танымал Стивен Сигал жағдайды одан жақсырақ білетін сыңай танытты. АҚШ-тағы консервативтік телеарнаның ток-шоуына қонақ ретінде қатысқан ол Ресей қауіпсіздік органдарындағы таныстарына сілтеп, Сочиде теракті болу қаупі «өте шамалы» деген пікір білдірді.

Алайда қауіп мүлде жоқ деп айтуға болмайтынын мойындай отырып («Қант алуға бара жатып та, машинаның астына түсуіңіз мүмкін ғой» дейді актер), Сигал Fox News арнасындағы мүмкіндікті пайдаланып, Ресей президенті Владимир Путин мен Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) мақтау сөз айтудан аянып қалмады.

Fox News телеарнасындағы актер Стивен Сигал қатысқан хабар:


АҚШ-ТАҒЫ РЕСЕЙ ЛОББИІ

Сигал Ресей үкіметінің қолға алған қауіпсіздік шаралары Сочидегі қысқы ойындар кезінде алға қойған мақсатқа жететіндігіне сенімді екенін айтты.

– Жанкешті террористердің ойындағысын іске асыруы өте неғайбыл. Себебі, Сочидегі қырағылық шаралары өте жоғары деңгейде. Президент Путин қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдаланып жатыр. ФСБ мен «Альфа» арнайы жасағы, шынымен де, әлемдегі ең мықтылар қатарында. Сондықтан бұны (терактіні – ауд.) іске асыру кімге де болса қиынға соғады, - деген баға берді актер.

Хакаби Сигалды «президент Обама президент Путинмен орната алмаған достық қарым-қатынасты орнатқан бейресми елші» деп таныстырды.

АҚШ актері Стивен Сигал (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Сочиде. 11 тамыз 2012 жыл.

АҚШ актері Стивен Сигал (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Сочиде. 11 тамыз 2012 жыл.

Бұл сөз Путин мен Олимпиаданың ашылу салтанатына қатыспайтын Обама арасындағы салқындықты меңзегендей болды. Обама сияқты кейбір батыс елдерінің басшылары Олимпиаданың ашылу салтанатына қатысудан бас тартқан еді.

Стивен Сигал АҚШ президенті Барак Обаманы Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнатуға шақырды.

– Олар – табиғи байлығы мол, көсемі қуатты мемлекет. Оларды біздің достарымыз деп білемін. Өзге әлеуетті күштердің бізді жұтып қоюын не бізге жағымсыз әсер етуін алдын алудың жалғыз жолы – Ресейдің ең жақын досына айналу. Олар біздің ең жақын одақтастарымыз болуы тиіс деп ойлаймын, - деді Сигал.

Сигалдың Ресеймен қарым-қатынасы әлдеқайда жақсы. Ол Путинмен суретке де түскен. Былтыр наурыз айында Ресей вице-премьері Дмитрий Рогозин оған АҚШ рыногына Ресей винтовкаларын өткізуді көздейтін науқанға атсалысу туралы ұсыныс жасаған еді. Ал биыл қаңтар айының басында Лас-Вегастағы қару-жарақ көрмесінде Сигал Калашников қаруының пайдасына лобби жасайды деп жоспарланған болатын.

Бірақ әңгіме Ресейден уақытша пана тапқан АҚШ ұлттық барлау агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденге келгенде Сигал сөзуарлық танытқан жоқ. Ол тек Сноуден жария еткен құпия материалдардың «мазмұнын білмегендіктен түсініктеме беру оңай еместігін» айтумен шектелді.

Том Балмфорттың мақаласын аударған – Әзина Мақұлжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG