Accessibility links

«Каримова дауынан» соң TeliaSonera басшысы кетті


Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова. 9 тамыз 2012 жыл.
Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова. 9 тамыз 2012 жыл.

"Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримоваға қатысы бар" деп айыпталған TeliaSonera компаниясының басшысы коррупцияға байланысты жұмысынан кетті.

The Financial Times (FT) басылымы TeliaSonera компаниясының директорлар кеңесінен бірнеше адамның қуылуын компанияның Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримовамен істес болуынан көреді.

«ӘРІПТЕСТІҢ ҚАНДАЙ АДАМДАР ЕКЕНІН ТЕКСЕРУ КЕРЕК ЕДІ»

Басылым маусымның 17-сі күні TeliaSonera компаниясының атқарушы директоры орнынан кеткенін хабарлады. Мақала авторы Ричард Милннің жазуынша, компанияның атқарушы директоры Ларс Нюбергтің орнына қаржы директоры Пер-Арне Бломквист келеді.

«Өзбекстандағы коррупцияға қатысты ақпараттардан кейін Telia басшылығы өзгеріске ұшырады» деп жазады автор. Автордың мәліметіне қарағанда, «TeliaSonera-ның 37 пайыз акциясын иеленетін Швеция үкіметі Өзбекстандағы коррупцияға қатысты ақпараттардан кейін компанияға «түбегейлі жаңару» қажет екенін мәлімдеген».

Басылымның жазуынша, TeliaSonera швециялық заң фирмасына ішкі тексеріс жүргізуге тапсырыс берген. Заң фирмасының есебі бойынша, «Жергілікті байланыс операторы әріптестерінің қандай адамдар екенін білмеген. Сондықтан оларға тағылған айыптарды терістеуге де болады, сөйте тұра мүлде жоққа шығару тағы қиын». Бұған қатысты отставкаға кеткен Ларс Нюбергтің өзі «Біз заңды түрде ақша аударсақ та, әріптестің қандай адамдар екенін тексеруіміз керек еді. Мен соған өкінемін» деген.

TeliaSonera компаниясының атқарушы директоры Ларс Нюберг.
TeliaSonera компаниясының атқарушы директоры Ларс Нюберг.
Заң фирмасының есебінде «TeliaSonera-ның Өзбекстан нарығына 2007 жылы енгені, компания Гүлнара Каримованың инвестициялық тобымен жергілікті әріптес ретінде келісімге отырғаны» айтылған.

Заң фирмасының өкілі Бьерн Ризе: «Егер парақор елде жұмыс істейтін болсаң, TeliaSonera-дан гөрі сақ қимылдау керек» деген.

Автор «бұған дейін TeliaSonera компаниясының төрағасы Андерс Нарвингердің үкімет қысымымен орнынан кеткенін» жазады. Алайда Швецияның қаржы нарықтары бойынша министрі Питер Норман «TeliaSonera-ға қатысты сын материалдарды байыпты түрде зерттегенін, содан кейін ғана компанияның директорлар кеңесінде өзгеріс жасау қажет екенін түсінгенін» айтқан.

Мақалада жоғарыда айтылған есепке қатысты TeliaSonera компаниясының жауабы да берілген. Компания «Басқарма қорытындысы бойынша, инвестиция құю жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Оның үстіне іс жүргізу барысында этикалық проблемалар болғанын анықтауға ішкі ақпараттар мен басқарма мәліметтері жетпеген» деген қорытынды шығарған.

Автор мақаласының соңында «Бұл TeliaSonera-ның адам құқықтарын құрметтейтін ережелерін жетілдіре түсуі қажет екенін білдіреді» деген қорытынды жасап, компанияның Швециядағы Transparency International ұйымымен парақорлықпен күресу үшін жақында ғана әріптестік орнатқанын жазады.

Ларс Нюбергтің жұмыстан кетуіне байланысты компания акциялары 2,2 пайызға құлдырады. Бұны сарапшылар компанияның Қазақстан мен Ресей нарығындағы жұмысын реформалауға көмектесетін сабақ болды деп бағалайды.

«КАРИМОВА ІСІ» ЖӘНЕ ҚАРЖЫ БЫЛЫҒЫ

Азаттық бұған дейін «Каримова ісінде» жаңа құжаттар табылғанын жазған еді. Швецияның SVT телернасының Uppdrag Granskning («Міндет - тергеу жүргізу») бағдарламасында "Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова мен TeliaSonera-ның коррупциялық байланысын әшкерелейтін" құжаттар жарияланған. Онда миллиондаған доллар пара беру туралы жазылған.

TeliaSonera мен Гүлнара Каримова арасында болған келіссөздердің көшірмесі деп саналатын құжат.
TeliaSonera мен Гүлнара Каримова арасында болған келіссөздердің көшірмесі деп саналатын құжат.


TeliaSonera-ның бұрынғы қызметкері журналистерге әкеліп берген бұл құжаттағы қолмен жазылған жерлерді тексерген графолог Азаттыққа "жазу Гүлнара Каримованың қолтаңбасына 75 пайыз ұқсайтынын" айтты.

Осы тектес құжаттарда TeliaSonera 2 миллион мобильдік абонент тауып бергені үшін өзбек әріптестеріне 5 миллион доллар шамасында бір реттік төлем жасайтынын жазған. Бұл құжаттың датасы «2012 жыл, 31 шілде» деп белгіленген.

Азаттықтың «Каримова ісінде» жаңа құжаттар табылды» деген мақаласы мен Швецияның SVT телернасының Uppdrag Granskning («Міндет - тергеу жүргізу») бағдарламасы жарияланғаннан кейін Гүлнара Каримова Twitter-дe жауап беріп, өзіне қатысты ондай материалдардың жариялануын «Өзбекстан мен шеттегі жаулардың өш алуы» деп санайтынын жазды.

Өзбекстанның ресми орындары әзірге бұл іске қатысты Каримованы емес, кәсіпкерлерді айыптап отыр. Ал Швеция мен Швейцарияда ақша жасыруға орай тергеу басталды. Әзірге қылмыстық іске қатысы бар төрт өзбек азаматының аты-жөні белгілі. Олардың екеуі - Алишер Ергашев пен Шорхур Сабиров 2012 жылы 30 шілде күні Женевада тұтқындалған. Қазір екеуі де қамауда отыр. Үшінші өзбек азаматы Бекзод Ахмедов құқық қорғау органдарынан қашып жүр.

Гүлнара Каримова мен Гаяне Авакян.
Гүлнара Каримова мен Гаяне Авакян.


Төртінші өзбек азаматы Гаяне Авакян – Takilant Limited компаниясының қожайыны. Оған «Өзбекстанның ұялы телефон нарығына кіруге көмектескені үшін және фирма ашуға лицензиялар бергені үшін TeliaSonera фирмасынан ақша алған» деп айып тағылған. Кейіннен Гүлнара Каримова мен Гаяне Авакянның жазысқан хаттары деп аталған, заңсыз ақшаны шотқа салу туралы жазбалар жарияланды.
XS
SM
MD
LG