Accessibility links

БҰҰ Қазақстанның күдіктілерді сыртқа экстрадициялау әрекетіне ерекше шұқшиды


Дулат Құсдәулетов, әділет вице-министрі (сол жақта) және Мадина Жарбосынова, ерекше тапсырмалар бойынша елші БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитет отырысында. Женева, 15 шілде 2011 жыл

Дулат Құсдәулетов, әділет вице-министрі (сол жақта) және Мадина Жарбосынова, ерекше тапсырмалар бойынша елші БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитет отырысында. Женева, 15 шілде 2011 жыл

БҰҰ адам құқықтары бойынша комитетінің Қазақстанға арналған сессиясында қазақстандық делегация өзбек босқындары мен өлім жазасына қатысты жалтара жауап берді де, елде автократиялық режим жоқ деп сендіруге тырысты.


Шілденің 15-і күні БҰҰ адам құқықтары бойынша комитетінің 2811-отырысы өтті. Қазақстанға арналған сессияның екінші күні комиссия мүшелері қазақстандық делегацияға қосымша сұрақтар қойды.

Сауалдардың бірі Қазақстанның халықаралық келісімдерді зерттеп, ратификация жасап отыратын арнайы комиссиясының қызметіне қатысты қойылды. Адам құқықтарына байланысты жүйелі бағалау жасала ма деп сұрады комиссия.

ӨЗБЕК БОСҚЫНДАРЫ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕ ҚАЙТА КӨТЕРІЛДІ

Қазақстанда сот шешімінсіз қылмыскерлердің "қара тізімге" кірмейтінін оң бағалаған комиссия мүшелері оларды Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше басқа елдерге, әсіресе, Қытайға экстрадициялау мәселесіне көңіл аударды. "Қара тізімге" енген адамдардың мәртебесін сотта қарап барып анықтайсыздар ма?" деп сұрады олар.

Комиссия мүшелері қалт жібермеген тағы бір мәселе Қазақстан Өзбекстанға экстрадициялаған 28 босқынның жайы болды. Комиссия мүшесі Қазақстан Өзбектанға экстрадицияланған осы адамдарға азаптау қаупі төніп тұр ма, жоқ па деп анықтап та жатпағанына налыды.

Бұл сұраққа жауап берген қазақстандық делегация мүшесі Мадина Жарбосынова: "Бұл 28 азамат Өзбекстанда көптеген қылмыстарға қатысқан, оларды азаптамау туралы жазбаша кепілдік алдық. Өзбекстан азаптауға қарсы конвенцияға қосылған ел. Сондықтан ол азаматтар отырған қамау орындарына құқық қорғаушылар кіре алады" деп жауап қайырды.
Бұл 28 азамат Өзбекстанда көптеген қылмыстарға қатысқан, оларды азаптамау туралы жазбаша кепілдік алдық.

Азаттық радиосы бұл өзбек азаматтарының бастан кешкендерін егжей-тегжейлі хабарлап келген еді. Мына сілтеме бойынша арнайы парақшамыздан олардың тағдыры туралы барша мәлімет алуға болады.

Мемлекеттік органдардың терроризмге қарсы шаралар жүргізу барысында азаптау тәсілдерін қолдану практикасы да БҰҰ комиссиясының назарынан тыс қалмай, жеке сауалға негіз болды.

Комиссия мүшелерінің бірі Қазақстанның өлім жазасын жою туралы екінші факультативті хаттамаға қашан қосылатыны туралы жауапқа қанағаттанбағанын мәлімдеді.

Бұған қатысты жауап берген Мадина Жарбосынова: "Саяси ерік-жігер бар. Заңдарымызды халықаралық стандарттарға сәйкестендірген соң, бұл мәселені қарастырамыз. Мерзімін әзірше айта алмаймыз" деп қойды.

"ҚЫСҚАРТУҒА ҰШЫРАҒАН 400 СУДЬЯ ҚАЙДА КЕТТІ?"

Отырыс кезінде комитет мүшелері мен қазақстандық делегаттардың аузынан шыққан кейбір мәліметтер назар аударуға тұрарлық. Мысалы, Қазақстанда 86 адам өмір бойы түрме жазасына кесілген болып шықты, олардың 27-іне рақымшылық жарияланған.

Мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту науқаны кезінде 400 сот судьясы жұмыстан айрылған екен. БҰҰ адам құқықтары бойынша комитет мүшесі бұлардың арасында тәуелсіз позициясы бар судьялар құрбан болған жоқ па деген сауал қойды.

Қазақстандық сот өкілі комитет мүшелеріне әуелі Қазақстандағы сот билігі жүйесін жақсы біліп алу керек деп бір тоқтады. Сосын нақты қойылған сұраққа жауап берудің орнына өзі жұмыс істейтін жүйенің құрылымын және қызметін түгел сипаттап шықты. "Соттарды байқау арқылы тағайындаймыз, байқау БАҚ-ында жарияланады, әрі ашық түрде өтеді... Соттар тек Сенаттың ұйғарымы бойынша қызметінен босатылады" деп тізбеледі.

Отырыс кезінде Қазақстанда 8000 адамда ешқандай азаматтық жоқ екені белгілі болды. Бұл адамдардың кейбірі тіпті тіркеуге алынбастан басқа елге тапсырылған. Осыған орай комитеттің тағы бір мүшесі Қазақстанның босқындар ісі бойынша жоғарғы комиссармен ынтымақтастығын неге тоқтатқанын сұрады. "Азаптауға қатысты нақты қандай жаза қолданылды? Кәмелетке толмаған тұтқындарды ұрып-соғу әскери мектептерге де жайылған ба?" деген сауалдар естілді.

"СТАКАНМЕН" АЗАПТАУ ЖӘНЕ ЖАСЫРЫН ТҮРМЕ-ПӘТЕРЛЕР

Адам құқықтары бойынша комитет мүшелерінің бірі Қазақстан түрмелерінде "стакан" деп аталатын ұзынша келген тар азаптау камерасына қамау арқылы кейбір тұтқындардың қинау көретіні рас па деген мағынада сауал қойды.

БҰҰ-ның азаптау бойынша арнайы өкілі Манфред Новактың Қазақстан түрмелеріне алдын-ала ескертусіз, я өзінің қалауы бойынша таңдау жасап бара алмағаны да сөз болды. "Қамау орындарын кеңіту, қосымша ғимараттар салу, сотталғандардың тұрмыс жағдайын жақсартуға қатысты не жасалды?" деп сұрады комитет мүшелері.
Жасырын үйқамаққа алатын пәтерлер туралы бізде анық ақпарат жоқ деп хабарладыңыздар. Сіздерде мұндай пәтерлер туралы ақпарат жоқ па, я мұндай пәтерлер мүлдем жоқ па?

"Ақпарат алу құқығы мен адвокат жәрдеміне сүйенуге қатысты егер кез-келген қамауға алынған адамға бірден оның қандай құқықтары бар екені туралы ешкім анықтап түсіндірмесе, онда сіздердің жауаптарыңызда ешқандай мән жоқ" деп мәлімдеді комитет мүшелерінің бірі.

Комитет мүшелерінің білгісі келген тағы бір мәселесі Қазақстанда соңғы уақытта жиі қолданылатын қамауға алынған адамды белгісіз пәтерде ұстау практикасы болды. "Жасырын үйқамаққа алатын пәтерлер туралы бізде анық ақпарат жоқ деп хабарладыңыздар. Сіздерде мұндай пәтерлер туралы ақпарат жоқ па, я мұндай пәтерлер мүлдем жоқ па? Осы екі арасын айырып берсеңіздер?" деген сұрақ естілді.

Комитет мүшелерінің бірі Қазақстанға барып қайтқан Манфред Новактың осы елдегі прокурордың рөлі тым күшті деп айтқанын тіліне тиек етті. Новак қазақстандық прокуратура жүйесін қатты сынаған екен. "Бұл ұйымның әрі айыптаушы, әрі үкім шығарушы органға айналғаны, сот шешімін кез-келген уақытта тоқтата салуға, жабылған істі қайта жандандыра беруге құқылы екені рас па?" деген мазмұнды сауал жолданды.

Бүған қатысты жауап берген қазақстандық өкіл сот пен прокурордың құқықтық саладағы бәсекеге сәйкес қызмет аялары бойынша әрекет ететінін ресми құжат тілінде сипаттап шықты.

Бұдан басқа комитет мүшелері Қазақстандағы тіркеуге алу жүйесі (прописка) туралы көбірек білгісі келді. Қазақстандағы полиция мен соттың жемқорлығына қатысты арыз-шағымның өте көп екенін атап өтті. осы арыздардың негізінде нақты қанша адамның жазаға тартылғанын сұрады. Бұған қатысты жауап берген қазақстандық делегация өкілінің сөзінен соңғы 3 жылда 1 ғана судьяның жауапқа тартылғаны анықталды.

«ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЕРЕКШЕ ӨКІЛЕТІ» ЖАЙЛЫ

Комитет мүшелерінің бірі Қазақстандағы билік тармақтарының бөліну заңдылығын түсіне алмағанын айтты. «Атқарушы билік қалай сот билігімен әріптестік орната алады» деп таңырқады. Комитет мүшесі «Қазақстан президентінің өкілеті ерекше екен» деп түсінгенін, Қазақстанды авторитарлық мемлекет деп ойлап қалғанын жеткізді.

Бұл сауалға Қазақстан делегациясының өкілі былайша жауап берді:

– «Қазақстан президенті – биліктің үш тармағынан да биік, Қазақстан – автократиялық мемлекет» деп ойлапсыз. Олай емес. Менің елім – президенттік республика. Сондықтан президентке ерекше өкілет берілген. Оның бірі – судьяларды тағайындау. Президент – биліктің үш тармағынан биік емес, оны үйлестіруші адам. Президентті елдің естияр тұрғындары мерзімінде сайлап тұрады. Қазақстанда автократиялық заң жоқ.

«АЛҒА» МЕН «АТАМЕКЕНГЕ» ОРТАҚ ЗАҢ

Қазақстандағы кейбір партиялардың неліктен тіркеле алмай жүргені де сөз болды. Қазақстандық делегация өкілінің айтуынша, «мемлекет бар партияға бірдей талап қойып, бір заң аясында қарайды», тіркеле алмай қалған кейбір партиялар «саяси спекулация мақсатында» шу шығарады.

- Мысалы, «Алға» партиясын тіркеу бірнеше рет талқыланды. «Алғаны» тіркер кезде қолдаушылардың қолдары тексерілді. Қол қойғандарды анықтау мақсатында бірнеше аймақтан ғана дәлелдеу талап етілді, - дейді өкіл.

Ол «Алғаның» жоғарыда сөз болған талапты орындамағанын айтты. Заңды талапты орындамағандықтан «қазіргі президенттің саясатын қолдайтын «Атамекен» партиясы да осындай себеппен тіркелмеді» дегенді қадап тұрып айтты қазақстандық делегация өкілі.

Оның айтуынша, «Алға» партиясы тіркелмегенмен, партия жетекшісі «Козловқа ешқандай бөгет болған жоқ». «Бірнеше мемлекеттік емес ұйымға жетекшілік ететін Владимир Козлов саяси өмірге белсене араласып жүр» деп аяқтады сөзін Қазақстан өкілі.

Бұдан бөлек адам құқықтары бойынша комитет мүшелері жуырда Қазақстанда көтерілген "бір ұлт - бір дін" атты ресми ұстанымға таң қалып, бұл тұжырымның діни сенім бостандығына өрескел түрде қол соғу екенін ескертті.

Сессия Астана уақыты бойынша бүгін түнгі сағат 21.45-те аяқталды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG