Accessibility links

Сирия белсенділері: «Өлсек те, мойынсұнбай өлеміз»


Дараа қаласындағы наразылық шеруінен көрініс. 21 сәуір 2011 жыл

Дараа қаласындағы наразылық шеруінен көрініс. 21 сәуір 2011 жыл

Сириядағы үкіметке қарсы көтерілістің қақ ортасында өмір сүру деген не? Осы сұраққа жауап іздеген Азаттық радиосының тілшісі толқу ошақтарының бірі Дараа қаласының маңында бір жас көтерілісшімен тілдесіп қалды.


Елде көбінесе шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына тыйым салынғандықтан, Сириядан ақпарат алу қиын. Көтерілісшінің айтуынша, оның отбасы толқу кезінде орны толмас зиян шеккен.

Сәуірдің аяғында арасы 12 жас екі ағайынды шерушілер қатарында үкіметтің қолы астындағы оңтүстік Дарааға келе жатқан. Кенет, қайдан екені белгісіз, атыс естілді.

Екеуін ажал айырды.

Ағайындылар басып алынған қалаға азық-түлік жеткізуге тырысқан топтың мүшесі еді. Сол кезде бұл қала Сирия үкіметіне қарсы көтерілістің орталығына айналған-ды. Бірнеше күн өткеннен кейін үкімет әскері бұларға қарсы шабуылға шықты.

Өзінің шын есімін қолдануымызды қаламаған отыз бір жасар «Абдулла» болған оқиғаны былай баяндады:

- Біз Дарааға наразылық білдіру үшін бара жаттық. Олар (басқарушылар) барлығына, тіпті, сүт пен тамақ әкелу үшін келгендерге де, Дарааға кіруге тыйым салды. Сөйтіп біраз нан мен балаларға сүт алып сол жерге бардық. Жолда қарулы күштердің торуылына кездестік. Олар бізді атқылай бастады. Еш ескертусіз жайдан-жай бізге оқ жаудырды.
Сириялық үкімет әскерлері Дараа қаласынан шығып барады. 5 мамыр 2011 жыл

Фермер Абдулла өзін табиғаттың қорғауының арқасында тірі қалдым деп есептейді. Ол әкесі екеуінің пана табу үшін зәйтүн ағаштарына қарай ұмтылғанын былайша сипаттайды:

- Біз қашып құтылдық – 32 мың адамды атқылай бастаса олар барлығын өлтіре алады деп ойлайсыз ба? Кейбіреулер ағаштардың арасымен қашып құтылды. Әскер тұрған жердің алдында ағаштар өсіп тұрған. Соның арасына кіріп, алты шақырымдай жердегі ауылымызға қарай жүгірдік.
Кем дегенде 16 адам шабуылдан қаза тапты, Абдулланың айтуынша, қамауға алынып түрмеде өлгендердің саны одан әлдеқайда көп.

Абдулланың 19 жасар інісі де солардың арасында мерт болды.
Екі аптадан соң Абдулланың отбасы інісінің мылжа-мылжасы шыққан мәйітін алды. «Дәрігер оның жарақаттарының толық тізімін жасап берді: электр шоқпарымен зорланған, мойны сынған, басы мен қолдарында бұрғылаудан қалған іздер бар және саусақтарын тоқ ұрған» - дейді Абдулла.

Абдулла - президент Башар Әл Асадтың кетуін талап ететін көпшілік қозғалысының белсенді мүшесі.

Йордания шекарасына жақын Дараада бірінші наразылық шеруі наурыздың ортасында басталды. Оған себеп – содан бір ай бұрын Египет президенті Хосни Мүбәрәктің қызметтен босатылуы.
Дарадағы қақтығысты көрсетіп жатқан телекөрініс. 8 сәуір 2011 жыл

Сирияда шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына тыйым салынғандықтан, Абдулла сияқты адамдардың санын анықтау қиын.
Бірақ оның бастан өткергені режимнің басқаша ойлайтындарды қатал жаншуы туралы куәгерлер мен белсенділердің айтқандарымен сәйкес келеді.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, тәртіпсіздіктер басталғалы, 1400-ден аса сириялық қаза тауып, 10 мыңға жуығы қамауға алынған.
Ал режим болса, оқиғаларға өзінше баға беріп, бұл зорлық-зомбылықты қарулы топтар мен бұзақыларға жабады.

Бүгінгі таңда зорлық-зомбылықты тоқтатуды талап еткендер Асадты қыспаққа алды. Бірқатар Еуропа елдері БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесіне өзекті реформалар қабылдауын сұрайтын қарар дайындады.

Маусымның 20-ы Асад Сирия болашағы үшін жол картасын жариялады, соның ішінде жаңа сайлау заңын дайындайтын «ұлттық диалог» комитетін құру жоспары бар. Алайда қызметінен кетуге шақырғандарға жауап бермеді.

Абдулла қыспаққа ұшыраған президенттің жолдауын елең қылмай, былай дейді:

«Біз наразылық білдіріп жатырмыз. Біз оның (президенттің) бүгінгі айтқандарына қарсымыз. Президент барлығын жасаған қарапайым адамдар емес, қылмыскерлер деп сендіргісі келеді. Ал қарулы күштер болса қылмыскерлерді өлтіріп жатыр дейді, бірақ олар өз халқын қырып жатыр.»
Түркиямен шекаралас аймақтағы босқындар лагерінен уақытша қоныс тапқан сириялық балалар 17 маусым 2011 жыл

Белсенділер соңғы бірнеше аптада бірқатар Сирия аймақтарынан халықтың босып кетуі мүмкін екенін ескертті. Оның себебі – наразылық елдің солтүстігіне дейін жетіп, 11 мыңға жуық адам зорлықтан құтылу үшін көршілес Түркияға өтіп кеткен.

Бұл оқиға бұқаралық ақпарат құралдарының назарын Дараа секілді қалалардан аударды, бірақ Абдулланың айтуынша, жүдеген қаланың азық-түлік қоры қайта қалпына келтірілгенімен, өмір сүру деңгейі қалыптыдан әлде қайда төмен.

- Халықты үрей билеген, себебі күн сайын олар (әскер) Дарааның ауыл-аймақтарына кіріп, адамдарды тұтқынға алып кетеді. Содан соң олар тұтқындалғандарға қару-жарақ сатып әперіп, «бұл – қылмыстық топ дейді», - дейді ол.
Егер де наразылық білдіруді тоқтатсақ, олар бізді бір-бірден өлтіреді. Біз бұл қалыптасқан жүйені бұзғымыз келеді..

Абдулла Дараа аймағында жас әйелі мен екі кішкентай баласымен тұрады. Әр наразылық шеруінің алдында ол отбасымен қоштасатынын, оларды қайта көрер-көрмесін білмейтінін айтты. Соған қарамастан, ол туған қаласынан көшіп кетуден бас тартады. «Өлсек те, мойынсұнбай өлеміз» дейді Абдулла.

- Егер де наразылық білдіруді тоқтатсақ, олар бізді бір-бірден өлтіреді, - деп түсіндіреді ол, - Біз бұл қалыптасқан жүйені бұзғымыз келеді.

Абдулла көптеген сириялық және өзге де араб елдеріндегі отбасыларындың басына түскен қайғыға ұқсас мынадай көріністі есіне алды:

- Інім соңғы наразылық шеруіне кетерде анамның қолын сүйді. Ал маған «Маған ашуланба, мен көтеріліске барғалы жатырмын» деді. Анам оған «Алла жар болсын!» деп батасын берді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG