Accessibility links

Алеппо шайқасы азамат соғысының беталысын өзгерте ме?


Сирияны азат ету армиясының сарбаздары атысып жатыр. Алеппо, 2 тамыз 2016 жыл.

Сирияны азат ету армиясының сарбаздары атысып жатыр. Алеппо, 2 тамыз 2016 жыл.

Сириядағы азамат соғысының мән-мағынасын түсіну мүмкін емес. Мұндағы бей-берекет қақтығыстардың бұлыңғыр жайттары көп, бірақ бұл соғыста адам қаны суша төгіліп, зорлық-зомбылықтың шектен шыққаны анық.

Таразының бір басында Иран мен Ресей, «Хизбалла» мен Ирактан шыққан шииттік жасақтар, сириялық армияның қалдығы және бөлініп қалған күрд топтары қолдайтын қатегіз билеуші Башар әл-Асад тұр. Оған қарсы жақта «Ислам мемлекеті» (ИМ – Қазақстанды тыйым салынған) экстремистік ұйымы, «Әл-Қаиданы» бүлікшілерінің бірнеше тобы мен көптеген көтерілісші жасақтар бар.

Қазір бұл соғысты сырттан бақылаған адамдар қақтығыстың мақсатын былай қойғанда, болып жатқан оқиғалардың мәнін ажырата алмай қалды. Бірақ бір нәрсе анық: қазір Алеппо қаласының шығысында мемлекетшіл күштер көтерілісшілерді қоршауға алып тұр, осы шайқастың нәтижесі бүкіл соғыстың бағытын өзгертуі ғажап емес.

РЕСЕЙ МЕН ИРАН ЖАҚТАҒАН АСАД РЕЖИМІ

Демалыс күндері Алеппо қаласының орталығы мен қаланың батыс бөлігінде жатқан көтерілісшілер Рамоусех (Ramouseh) ауданында қарсыластарына қатты соққы беріп, майдан шебін қалпына келтіруге тырысты. Бірақ әдеттегідей, режим жақтастары оған төтеп берді. Көтерілісшілер шабуылына қарсы тұру үшін Ресей авиасоққыларына да сүйенді.

Сириядағы соғыс қазір итжығыс жағдайда тұрғаны анық. Азаттық радиосына электрондық почтамен сұхбат берген Генри Джексон қоғамының ғылыми қызметкері Кайл Ортон Алеппоның Сириядағы негізгі қарулы қақтығыс болып жатқан ірі қаласы екенін айтады. Оның болжамынша, көтерілісшілер Алеппоны Асадшыл күштерге бермей, сақтап қалуға тиіс.

Қысқасы, тұтас соғыстың тағдыры Алепподағы айқасқа тіреліп тұр.

Ресей мен Иран көмегіне сүйенген режим өз тарапынан көтерілісшілерден келетін стратегиялық қауіпті айтарлықтай азайтты. Енді олар үшін Алеппоны қайтарып алу көтерілісшілерді жеңумен тең. Ортон бұл туралы «Қысқасы, тұтас соғыстың тағдыры Алепподағы айқасқа тіреліп тұр» дейді.

Егер көтерілісшілер қоршауды бұзса, билік коалициясына стратегиялық соққы беріледі. Ортонның пікіріне қарағанда, «Асадшыл күштерді Сирияның солтүстік-батыс өңірінде, соның ішінде Хама және Алеппоның оңтүстік бөлігінде көп ел қолдамайды». Егер Идлиб провинциясы мен Алеппоның оңтүстік-батысында көтерілісшілер көбейіп, олар Алеппода да шоғырланатын болса, Асадтың негізгі әскеріне елеулі қауіп төнеді, онымен бірге Асадтың көтерілісшілерге қарсы күйрете соққы беру мүмкіндігі де талқандалады.

КӨТЕРІЛІСШІЛЕРГЕ «КӨМЕКТЕСУШІ» ТОПТАР

Сирия мәселесінде тағы бір күмәнді әрі күрделі түйін бар. Шабуылдағы негізгі көтеріліс топтары – «Жабхат Фатах әл-Шам» (бұрын «Әл-Каидаға» қатысы болған «әл-Нусра майданы» ұйымы), «Ахрар әл-Шам» және Сирияны азат ету армиясы. Сириядағы «Әл-Каида» өзін «Фатах әл-Шам» – ресми түрде «Көтерілісшілер бірлігі» деп атады – бұл көпшілік алдында бет-бейнесін жақсы етіп көрсетудің бір әдісі.

Алеппоның қираған тұстарының бірі. 2 тамыз 2016 жыл.

Алеппоның қираған тұстарының бірі. 2 тамыз 2016 жыл.

Бұл жерде негізгі мәселені шабуылдың қанша уақытқа созылатыны шешеді. Түрлі бейбіт келіссөздер көтерілісшілерге ештеңе әпермеді. Тамыздың соңына жоспарланған келіссөз де еш нәтиже бермейтін сияқты. Иран мен Ресей қолдайтын режимнің күшейіп алғаны соншалық, ымыраға келуге бейілді емес.

Ресей Асадты тек соғыс шебінде ғана қолдап отырған жоқ. Ресейдің дипломатиялық қажыры арқасында ол билікте қалуға мүмкіндік алды. Соғысты тоқтату туралы келісімдер нәтижесіз қалып жатыр (бітімді үнемі Асадшыл күштер бұзады), сондықтан «Әл-Қаида» 2015 жылдың желтоқсанында «бітім туралы келісімдерді билік көтерілісшілерге қарсы астыртын әрекеттер жасауға пайдаланып келеді» деп мәлімдеді. Ғаламдық қауымдастықтың енжарлығына наразы тұрғындар «Әл-Қаиданың» мәлімдемесіне илануға даяр.

Бұдан да сорақысы, соғысты тоқтату туралы келісімдер бұзылған сайын «Әл-Қаида» шайқасқа шыққан көтерілісшілердің негізгі тірегі болуға тырысып келеді. Көтерілісшілер оңтүстік Алеппода да солардың қолдауымен айтарлықтай табысқа жетті. Басқаша айтқанда, «Әл-Қаида» оппозицияға оралды.

Енді «Жабхат Фатах әл-Шам» тобы Алеппо шабуылын көтерілісшілер альянсына толық қосылудың мүмкіндігі ретінде пайдалануы мүмкін. Ортон «Бұл топ көтерілісті өзіне қорған көреді, оның үстіне Алеппо қаласының қоршауын бұзып шығып, өзін ықпалды әскери күш ретінде көрсеткісі келеді. Шын мәнінде бұл топ сол арқылы көптеген байланыстар орнатып, одақтар құрады» дейді.

ҰТАТЫНДАР МЕН ҰТЫЛАТЫНДАР

Енді тағы бір гуманитарлық апаттың болатыны анық. БҰҰ дерегі бойынша, қоршаудағы Алеппо қаласының ішінде 300 мыңға жуық тұрғын қалған, оларда дәрі-дәрмек пен азық-түлік тез таусыла бастаған. Режим Алеппоны қоршауға алып, көтерілісті түбегейлі басуды жоспарлап отыр. Билік көтерілісшілердің шабуылдарын тойтаруға аса асықпайды. Дегенмен режим бүйтіп ұзақ аңдысып та тұра алмайды. Енді аспан мен жерден алапат соққы берілмек.

Үздік-создық жеткен хабарлар соғыстың қарқынды жүріп жатқанын және көтерілісшілердің басым болып тұрғанын... Алеппоның шығысында қоршауды бұзуға бірнеше жүз метр ғана қалғанын білдіреді.

Көтерілісшілер отырған аумақта электр қуаты өшіп қалғандықтан, ол жақтан ақпарат алу қиын, бірақ олар қоршауды бұзу үшін нақты қадамға баратын тәрізді. Кейбір дерек бойынша, тамыздың 1-і күні олар Рамоусах артиллериясының әскери-әуе базасынан оңтүстікке қарай орналасқан әл-Мишрефах стратегиялық зонасын басып алған.

Бірақ қаланың артиллериялық базасын алу үшін олар әлі екі жарым километр жылжуы керек, бұл - Асад тобына қорғаныс болған Сириядағы ең үлкен база. Бұл базаны алу олардың Алеппо жақтағы сыбайлас көтерілісшілермен байланысуына мүмкіндік береді. Ортонның айтуынша, «үздік-создық жеткен хабарлар соғыстың қарқынды жүріп жатқанын және көтерілісшілердің біршама басым болып тұрғанын... Алеппоның шығысында қоршауды бұзуға бірнеше жүз метр ғана қалғанын білдіреді».

Егер бұл деректер рас болса немесе көтерілісшілер аздаған жетістікке жетсе, тым құрығанда теңдікті сақтап қалса – «Жабхат Фатх әл-Шам» содырлар тобының асығы алшасынан түседі. Қоршаудағы тұрғындарды құтқарамыз деген желеумен бұл топ өзін солтүстік Сириядағы қарулы оппозиция ретінде көрсетеді. Бірақ содырлардың ондай сценариінен көтерілісшілер де, соғыстан көз ашпаған халық та ұтпайды.

Давид Патрикаракостың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG